Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Колумбия

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Дүниежүзілік уағыздау ісінің мүддесін биік қойдық

Дүниежүзілік уағыздау ісінің мүддесін биік қойдық

2015 жылдың 23 қыркүйегінде, сәрсенбі күні, Басқарушы кеңес бүкіл дүниежүзіндегі Бетел отбасыларына ұйымда біраз өзгерістер болатынынан хабарлады. Бұл өзгерістер ерікті садақаны ең дұрыс жолмен жұмсау үшін жасалмақ еді. Кейін сол жылдың 3 қазанында Басқарушы кеңес хабарландыру жасап, жағдайды былай түсіндірді: “Філіпіліктерге 1:10-да “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп” отыру керектігі айтылған. Осы сөздерге сай, біз [яғни Басқарушы кеңес] Құдай халқын барынша рухани нығайтатын және дүниежүзілік уағыздау ісін алға жылжытатын істерді бәрінен жоғары қоюды шештік”.

Көп ұзамай Басқарушы кеңестің мүшесі Стивен Летт JW Broadcasting бағдарламасында былай деді: “Басқарушы кеңес Патшалық ісінің алға басуының қамын жасау мақсатында, танапқа көбірек қаржы жұмсау үшін барлық филиалдардағы шығынды қысқартуды шешті. Мысалы, Бетелдегі үйреншікті өмір қалпы мен қызмет көрсету түрлері өзгерді не мүлдем алынып тасталынды. Нәтижесінде Бетел отбасының саны да азаятын болды”.

Осының нәтижесінде 2015 жылдың қыркүйегінен бері дүниежүзі бойынша Бетел отбасының 5500 мүшесі танапқа оралды. Бұл өзгерістерге бейімделу оңай болмағанымен, Ехобаның бұған батасын беріп жатқаны анық көрінді. Өйткені болған өзгерістер уағыз бен тәлім беру ісіне жаңа күш қосты.

Бетелден танапқа тағайындалған Шри-Ланкадағы бір ерлі-зайыпты бұл өзгерісті Ехобаға сенетіндерін және оның ұйымына сенім артатындарын көрсетудің мүмкіндігі деп қарастырды. Олар былай деп жазды: “Алда бізді не күтіп тұрғанын білмедік, бірақ Ехоба тастамайтынына сенімді болдық. Біз оған: “Ехоба, қандай жағдайға кезіксек те, бейімделіп, екеумізге де тұрақты ізашар болып қызмет етуге көмектесші”,— деп дұға еттік. Бірінші айда біраз тарықтық. Бірақ біз Ехобаның сүйіспеншілігі мен қамқорлығын көрдік. Қазір шығынымызды жауып тұратын кірісіміз бар. Уақытымыз тығыз: үй тірлігімен айналысамыз, жұмысқа барамыз, ізашарлық қызметімізді атқарамыз. Бірақ Бетелде үйренгеніміздің арқасында уақытымызды дұрыс жоспарлай білеміз. Адамдарға шындықты жеткізу — ең зор қанағат сыйлайтын іс, ізашар ретінде осы іске атсалысып жүргенімізге қатты қуанамыз”.

Колумбиядағы танапқа тағайындалған кей бетелдіктер болса жаңа тіл үйреніп, Патшалық хабарын шалғай жердегі тұрғындарға жеткізу үшін қоныс аударды. Олар сондағы қауымдар үшін бата болды. Бір аудандық бақылаушы өзі қызмет ететін ауданға тағайындалған бір ерлі-зайыпты жайында былай әңгімеледі: “Бауырластар олардың көмегін өте бағалайды. Қауымның уағыз қызметіндегі белсенділігі артты, ал ер бауырластар қауымда әртүрлі міндеттерді атқаруды үйреніп жатыр”. Бұрын бетелдік болғандардың көбісі дайындық рухын танытып, филиалда штаттан тыс қызметші ретінде бір не бірнеше күн қызмет етуге уақыт бөлуде.

Жапония еліндегі Бетелде 31 жыл бойы қызмет еткен ер бауырлас екі ғана ақсақалы бар бір қауымға тағайындалды. Сол қауым өздерінің Патшалық сарайына реконструкция жасауды жоспарлап жатқандықтан, ол бауырлас алдағы екі аптада ешқандай жұмысқа тұрмауды ұйғарды. Бірақ тура құрылыс басталар алдында оның қауымындағы бауырластар тұратын Кумамото аймағында 7 балдық жерсілкінісі болды. Әзірге ешқандай жұмысқа тұрмағандықтан, оның зардап шеккендерге көмектесуді қолға алуға, сондай-ақ бақташылық сапар жасауға мүмкіндігі болды. Ол былай дейді: “Сол жағдайды еске алғанда, Ехоба мені қайда үлкен көмек қажет болса, сол жерге жібергенін түсінемін”.

Австралазия филиалында қызмет еткен Фил мен Шугар былай дейді: “Танапқа тағайындалғанда, қарапайым өмір сүре береміз деп шештік. Біз Ехобаға дұға етіп, бізге дұрыс шешім қабылдауға бағыт-бағдар көрсетші, ал қабылдаған шешімімізге батаңды берші деп сұрадық. Біздің тілегіміз шет елдегі қауымда қызмет ету еді. Ехоба осы шешімімізді мақұлдап, оған жан-тәнімізбен қызмет ету үшін жолымызды оңғарды!” Қазір олар Самал аралындағы (Филиппин) Давао өңірінде ағылшын тобында қызмет етеді. Бұл топ 34 жариялаушыдан, 9 тұрақты ізашардан тұрады. Бүгінде екеуінің қолында қызығушылық білдірген 120 шақты адамның мекенжайы бар. “Мұнда қанағат әкелетін жұмыс көп. Кезінде Ехобаға барынша арқа сүйегеніміз қандай жақсы болған! Оған деген сеніміміз де, сүйіспеншілігіміз де күшейе түсті!”

Ресейдегі арнайы ізашар болып тағайындалған тұрмыс құрмаған бір бауырлас былай деді: “Ізашарлық қызметтің арқасында мен ең маңызды, ешқашан қайталанбайтын іске, Құдай Патшалығы туралы уағыздау ісіне көбірек атсалыса аламын. Ехобаның мені қолданып жатқаны маған зор шаттық сыйлайды”. Ол қазір Ирактан, Нигериядан, Шри-Ланкадан, Сириядан және Замбиядан келген 6 адаммен зерттеу сабағын өткізеді.

Замбия. Бұрынғы бетелдіктерді жаңа қауымы құшақ жая қарсы алып жатыр

Замбиядағы ізашар болып тағайындалған көп бетелдік уағыз ісіне барынша атсалысып, біраз серпіліп қалғандарын байқаған. Әйелімен бірге ізашар болып жүрген Эндрю былай айтып берді: “Бетелден кеткен соң көп ұзамай біз сауаты жоқ екі адамға оқу-жазуды үйреттік. Бізбен зерттеп жүрген 10 жасар бала жақында апта ішіндегі кездесуде алғаш рет тапсырмамен шығады. Біз уағыздаған бір ерлі-зайыпты Еске алу кешіне келді, содан бері қауымнан қалмайды. Киелі кітапты зерттеу сабағында да алға басып жатыр. Егер біз Ехобаның басшылығына мойынсұнып, оның көмегін қабылдап, батасын күтпегенімізде, мұның бәрі мүмкін болмас еді деп ойлаймыз”.

Эдсон мен Артнес те Замбияда тұрады. Танапқа тағайындалғанда олардың некеге тұрғанына бірнеше ғана ай болған еді. Артнес былай дейді: “Бетелден алған тәлім-тәрбие бізге азын-аулақ қаражатымызды үнемдеп, қарызға ақша алмай, көңіліміз тоқ болып жүруге көмектесті. Кезінде бетелдік қызметке талпынғанымызға еш өкінбейміз. Соның арқасында жаңадан рухани мақсаттар қойып, Ехобаның көмегімен соларға қол жеткізуді үйрендік. Бұл қызмет біздің Ехобаға деген сенімімізді нығайтты әрі алдағы уақытта да адалдықтан таймауға дайындады”.