Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

Тұтқындалу қаупі

Тұтқындалу қаупі

“Жыландай сақ, көгершіндей ақпейіл”

Тыйым салынған уақыт шынайы мәсіхшілер үшін оңай кезең болмады. Сондықтан осындай уақытта Ехобаның адал қызметшілерінің рухани ас-суды қабылдаулары аса маңызды еді. Сол жылдары көптеген бауырластар қамауға алынып, бірнеше жылға сотталып жатты.

Хуанита Боржес былай дейді: “1953 жылы шындықты білген соң, Ехоба куәгері болғаным үшін қамауға алынуым мүмкін екенін түсінетінмін. Бәрі ойлағанымдай-ақ болды. 1958 жылдың қарашасында Энейда Суарес бауырласқа барғанымда, құпия полиция қызметкері келіп, бізге кездесу өткізіп жатырсыңдар деген айып тақты. Біз үш айға қамауға алынып, әрқайсысымыз 100 песодан (100 АҚШ доллары) айыппұл төледік.

Құпия полиция қызметкерлері бауырластар жайлы мәлімет жинаған.

Үкімет Куәгерлердің жиналыс өткізе алмаулары үшін ештеңеден тайынбады, алайда бұл бауырластарды тоқтатпады. Бірақ оларға “жыландай сақ, көгершіндей ақпейіл” болу қажет еді (Мат. 10:16). Сол уақытты есіне алып, Андреа Алмансар былай дейді: “Біз жиналысқа қатысу үшін әртүрлі уақытта келетінбіз. Ешқандай күдік тудырмау үшін, үйге күн батып, кеш қарайғанда бір-ақ қайтатынбыз”.

Керемиас Гласс бауырлас әкесі Леон қамауда болған кезде дүниеге келген. Ол 1957 жылы жеті жасында жариялаушы болған. Оның үйінде жасырын түрде кездесулер өтетін. Бауырластардың қандай сақтық шараларын ұстанғанын есіне алып Керемиас былай дейді: “Келгендердің бәріне бір-бір жапырақ қағаздан берілетін. Онда әркімнің сағат нешеде шығып кетуі керектігі жазылып тұратын. Кездесудің аяғында мен әкемнің нұсқауымен есік алдында тұрып, бауырластардың қағаздағы уақыт бойынша шығуларын қадағалайтынмын. Сосын оларды екі-екіден түрлі бағыттарға жіберетінмін”.

Полиция қызметкерлеріне ұсталып қалмау шараларының бірі кездесуді аса қауіпті емес уақытта өткізу еді. Мысалы, Мерседес Гарсия шындықты туысқан ағасы Пабло Гонсалестен естіген. Небәрі жеті жаста болғанда оның анасы қайтыс болған, ал әкесі түрмеге жабылған еді. Содан Мерседес тоғыз бауырымен әке-шешесіз қалды. Ол 1959 жылы 9 жасында шомылдыру рәсімінен өтті. Көзге түспеу үшін, шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған баяндама таңғы сағат 3:30-да бір ер бауырластың үйінде айтылды. Шомылдыру рәсімі бүкіл астананы бойлай ағатын Осама өзенінде өткізілді. “Сағат таңғы 5:30-ға таман, адамдар енді оянып жатқан уақытта біз үйге қайттық”,— дейді Мерседес.