Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қымбатты бауырластар!

“Біз сендер үшін дұға етіп, Құдайға алғыс айтып жүрміз. Өйткені біз сендердің сеніммен істеген істеріңді, сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерің мен Иеміз Иса Мәсіхке деген үміттеріңнің арқасында танытып жатқан табандылықтарыңды Құдай Әкеміздің алдында үнемі есімізде ұстаймыз” (Сал. 1-х. 1:2, 3). Бауырластар, біз де сендер жайлы дәл осындай ойдамыз! Біз сендер үшін және атқарып жатқан игі істерің үшін Ехобаға зор ризашылық білдіреміз.

Өткен жылы Патшалық ісі үшін “сеніммен істеген істерің” мен “сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерің” елеусіз қалған жоқ. Көбің қызмет аясын кеңейтудің жолдарын іздеп, бірің қажеттілік бар аймақтарға көшсеңдер, басқаларың жариялаушылар тапшы болып жатқан шетелдерге көшіп бардыңдар. Тағы біреулерің көпшілік орындарда уағыздауға көп күш салдыңдар. Еске алу кеші өтетін айда, сондай-ақ аудандық бақылаушы қауымдарыңа келгенде және 2014 жылдың тамызында өткен арнайы науқан кезінде көпшілігің қосалқы ізашар болып қызмет еттіңдер. Жағдайларың әртүрлі болса да, барлығың Ехобаға жан-тәндеріңмен қызмет етіп жатырсыңдар. Сол үшін сендер мақтауға лайықсыңдар (Қол. 3:23, 24). Сендердің “сеніммен істеген істерің” — Ехобаға алғыс айтуымыздың бірден бір себебі!

Дүниежүзі бойынша ғимараттар соғу жұмыстары кезінде “сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерің” үшін де алғысымыз зор. Ехоба куәгерлерінің саны өсіп жатқандықтан, бізге жаңа ғимараттар қажет (Ишая 60:22). Өткен жылы жариялаушылардың жоғарғы саны 8 201 545-ке жетсе, ай сайын өтетін зерттеу сабақтарының саны 9 499 933-ке жетті. Мұндай өсім филиал ғимараттарын кеңейтуді не жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Сонымен қатар Патшалық сарайларының қажеттілігі де белең алып тұр. Көп елдерде аудармашыларға өз тілдерінде сөйлейтін аумақта тұрып, сонда жұмыс істей алу үшін аударма кеңселері де қажет.

Сондықтан құрылыс жұмыстарын қалай қолдай алатындарың жайлы ойланып көріңдер. Бәлкім, кейбірің ғимараттар соғу жұмысына ерікті қызметші ретінде қатыса аларсыңдар. Құрылыс саласында қабілетіміз болсын-болмасын, әрқайсысымыз осы маңызды құрылыс жобаларын өзімізде бар құнды нәрселермен қолдай аламыз (Нақ. с. 3:9, 10). Киелі шатырдың құрылысы кезінде исраилдіктердің қажетті заттарды мөлшерінен көп әкелгені сонша — оларға сый-тарту әкелмеу туралы бұйрық беруге тура келген (Мұс. 2-ж. 36:5—7). Жазбалардағы мұндай мысалдар жүрегімізге қозғау салып, бізді де солай етуге талпындырады емес пе?! Сендердің “сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерің” — Ехобаға ризашылық білдіруіміздің тағы бір себебі!

Бауырластарымыздың “танытып жатқан табандылықтары” бізді ерекше қуанышқа бөлейді. Мысалы, Оңтүстік Кореядағы бауырластарды алайық. 1950 жылдан бері осы елдегі жас ер бауырластар мәсіхші ретінде бейтараптық сақтағандары үшін түрмеге жабылуда. Сол уақыттан бері көптеген бауырластар еш берілместен табандылық танытып келе жатыр. Олардың мұндай үлгісі біздің сенімімізді нығайтады, солай емес пе?!

Эритреядағы үш бауырласымыз 20 жылдан бері түрмеде отыр. Олардан басқа тағы әйел бауырластар да балаларымен бірге қысқа мерзімге қамауға алынған. Оларды бостандыққа шығарып алу үшін көп күш салып жатырмыз, бірақ осы күнге дейін ешқандай жақсы нәтиже болмады. Бұл бауырластарымыз осындай ауыр кезеңде сенімдерінен таймай, адалдық сақтауда. Біз оларды үнемі дұғамызға қосып, естен шығармаймыз (Рим. 1:8, 9).

Сендер сенімдерің үшін түрмеге қамалмасаңдар да, әркімнің өзінің басына жетер қиындығы бар. Мысалы, бірің қарттықтың салдарын тартсаңдар, бірің созылмалы аурумен күресесіңдер. Тағы бірің Куәгер емес жұбайларың мен туысқандарыңның тарапынан қиындық көріп жүрсіңдер. Ал басқаларыңның өздеріңнен басқа ешкім білмейтін қиындықтарың бар. Осының бәріне қарамастан, сендер Ехобаға адал қызмет етіп келесіңдер! (Жақ. 1:12). Осы үшін сендерді мақтағымыз келеді. Сендердің адалдық пен табандылық танытып жатқандарың — Ехобаға ризашылық білдіруіміздің тағы бір себебі!

Бауырластар, сендердің сеніммен істеген істерің, сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерің мен танытып жатқан табандылықтарың үшін “Ехобаға алғыс айтамыз, өйткені ол ізгі” (Зәб. 106:1). Біз барлығыңды жақсы көреміз және Ехобаға мәңгі қызмет етулерің үшін ол сендерді нығайтсын, қолдасын және батасын берсін деп дұға етеміз.

Бауырластарың,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі