3-ТАРАУ
Өмірді жақсартуға көмектесетін кеңестер
СІЗ тұратын жерге бір дәрігер көшіп келді делік. Оның жақсы дәрігер екеніне бірден сене қоймайтын шығарсыз. Алайда кейбір достарыңыз соған қаралып, денсаулықтары айтарлықтай жақсарған болса ше? Сіз де сол дәрігерге бармас па едіңіз?
Қандай да бір мағынада Киелі жазбаларды аталмыш дәрігермен салыстыруға болады. Кейбіреулер онда жазылған дана кеңестерге жүгінуден тартынады. Алайда оларға құлақ асатын болса, адамның өмірі айтарлықтай жақсарады. Мұның бірнеше мысалын қарастырайық.
Некедегі қиындықтарды шешу
Сюмиетюн есімді бір әйел былай дейді: “Үйленгеннен кейінгі жылдары күйеуім Дюмас маған көңіл бөлмейтіндей көрінетін. Бұған ызам келгенде, оны жерден алып, жерге салатынмын, оған заттарды лақтырып, тіпті ұрып жіберетінмін. Қатты ашуланғаннан талып қалған кездерім де болды.
Дюмас Киелі жазбаларды оқып-біле бастағанда, оны келеке-мазақ ететінмін. Бірақ оған білдірмей келесі бөлмеде отырып, не оқып жатқанын тыңдап жүрдім. Бір күні Жазбалардан мынадай сөздерді оқығанын естідім: “Әйелдер күйеулеріне Иемізге бағынғандай бағынсын... Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін” (Ефестіктерге 5:22, 33). Бұл сөздер маған қатты әсер етті. Құдайдан күйеуімді қаралағаным үшін кешірім сұрадым және жақсы әйел болуға көмектесуін өтіндім. Көп кешікпей күйеуім екеуміз Жазбаларды бірге зерттей бастадық”.
Киелі жазбаларда тағы мынадай сөздер бар: “Күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек” (Ефестіктерге 5:28). “Бұл екеумізге де әсер етті,— дейді Сюмиетюн,— Дюмас жұмыстан келгенде, оған ас дайындап, жылы-жұмсақ сөйлейтін болдым. Ол да маған көбірек көңіл бөліп, үй тірлігіне көмектесетін болды. Екеуміз де бір-бірімізге “мейірімді де барынша жанашыр болуға”, кеңпейілмен кешіруге мейлінше тырыстық (Ефестіктерге 4:32). Нәтижесінде, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз бен сыйластығымыз арта түсті. Қазір бақытты отау құрғанымызға 40 жылдан асты. Иә, біз Құдай Сөзіндегі дана кеңестердің арқасында некемізді сақтап қалдық!”
Ашуды тізгіндеу
“Мінезім сондай жаман, ұрда-жық болатынмын,— дейді кезінде ашушаң болған Таиб.— Көп төбелесіп, адамдарды
жиі қарумен қорқытатынмын. Ашуым келгенде, әйелім Кюстрияны аямай ұрып, жерге сұлатып түсіретінмін. Жұрттың көбі менен қорқатын.Бірде Иса пайғамбардың “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер” деген сөздерін оқыдым (Жохан 13:34). Бұл сөздер жүрегіме жетіп, содан өзгеруге бекіндім. Ашуға булыққанда, Құдайдан өз-өзімді ұстауға көмектесуін сұрайтынмын. Сонда ашуым басылатын. Әйелім екеуміз Киелі жазбалардағы “Күн батпай тұрып ашуларыңды басыңдар. Ібілістің өздеріңе ықпал етуіне жол бермеңдер!” деген кеңеске құлақ астық (Ефестіктерге 4:26, 27). Күнде кешкісін бірге Жазбаларды оқып, Құдайға сиынып, дұға ететінбіз. Бұл сол күні арамызда туған қиындықты ұмыттырып, бізді өзара жақындата түсті.
Жұрт қазір мені жуас адам деп таниды. Әйелім мен балаларым мені жақсы көреді әрі құрметтейді, достарым да көбейді. Құдайға жақындай түскенімді сеземін. Мен шынымен де бақыттымын!”
Зиянды әдеттерден арылу
Жас кезінде зиянды әдеттері болған Гоин есімді бір кісі былай дейді: “Мен бұзақы жастардың тобына қосылдым. Сондай-ақ темекіні аямай шегетінмін, жиі мас болып, түнде көшеде жататынмын. Бұған қоса, марихуана, экстази сияқты есірткілерді қабылдайтынмын әрі сататынмын, оларды оққағар сауытымның ішіне тығып жүрдім. Мен сырт көзге мықты көрінгеніммен, іштей үреймен өмір сүретінмін.
Бір күні біреу маған Киелі жазбалардан “Балам, тәлімімді ұмытпа... Өйткені олар күніңе күн, Ғұмырыңа ғұмыр қосып, тыныштық сыйлар” деген жерді көрсетті (Нақыл сөздер 3:1, 2). Мен тыныш әрі ұзақ өмірді аңсайтынмын. Сондай-ақ “Бізге осындай уәделер берілгендіктен, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық. Осылай Құдайдан қорқа отырып, қасиетті бола түсейік” деген сөздерді де оқыдым (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Сөйтіп, есірткіні тастап, бұзақы топпен араласуды доғардым да, Құдайға қызмет ете бастадым.
Есірткіден арылғаныма, міне, 17 жылдан асты. Қазір денсаулығым жақсы, бақытты отбасым мен жақсы достарым бар, ар-ұжданым да таза. Енді мен түнде көшеде мас болып жатпай, үйде жайлы төсекте тыныш ұйықтаймын”.
Алалаушылықтан арылу
Бұрын өзге ұлт өкілдеріне алалаушылықпен қараған Бамбанг есімді бір ер адам былай дейді: “Мен жасөспірім кезімде қылмыскер болдым. Көбінесе өзім жек көретін өзге ұлт өкілдеріне тиісетінмін.
Алайда уақыт өте келе Құдайды іздей бастадым. Сөйтіп жүргенде, Киелі жазбаларды зерттейтін бір топ адамға кезіктім. Бір таңғалғаным, өзім жек көрген ұлт адамдары мені ол жерде жылы қарсы алды! Сондай-ақ Құдай Сөзін зерттеуге жиналған түрлі нәсіл адамдарының мәз-мейрам болып, емін-еркін араласып жүргенін көрдім. Бұл мені бейжай қалдырмады. Жазбалардағы “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” деген сөздердің мәнін сонда барып ұқтым (Елшілердің істері 10:34, 35).
Бүгінде жүрегімде алалаушылықтың ізі де жоқ. Ең жақын достарымның кейбірі бұрын өзім жек көрген ұлттан шыққан. Құдай мені Киелі жазбалар арқылы өзгелерді сүюге үйретті”.
Зорлық-зомбылық жасауды доғару
“Жасөспірім кезімде үш рет түрмеге отырып шықтым: екі рет ұрлық жасағаным үшін және бір рет адамды пышақтағаным үшін,— дейді кезінде қатыгез болған Гароге.— Кейінірек бір
топ көтерілісшілерге қосылып, талай адам өлтірдім. Қақтығыс аяқталған соң, бопсалаушы топтың жетекшісі болдым. Қайда барсам да, қасымда оққағарларым жүрді. Мен қатыгез әрі қауіпті адам болдым.Бір жолы Құдай Сөзіндегі “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді; сүйіспеншілік қызғанбайды, мақтанбайды, менменсінбейді; ол әдепсіз емес, өзімшіл де, ашушаң да емес, кек те сақтамайды” деген сөздерді оқып, қатты әсер алдым (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Мен басқа жерге көшіп барып, сонда Киелі жазбаларды зерттеп, білген кеңестерді өмірімде қолдана бастадым.
Енді мен қатыгез емеспін. Қайта, жұрт мені Құдай Сөзін үйретуші адам ретінде сыйлайды. Бүгінде өмірім мән-мағынаға толы деп сеніммен айта аламын”.
Құдай Сөзінің әсері күшті
Жоғарыдағы және басқа да көптеген мысалдар “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” екенін растайды (Еврейлерге 4:12). Ондағы кеңестер қарапайым да тиімді, әрі адамға қанат бітіреді.
Киелі жазбалар сізге де көмектесе ала ма? Иә, қандай қиындығыңыз болмасын, оның сізге тигізер көмегі зор. Өйткені “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді. Осылай Құдай адамы барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр болады” (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).
Ендеше, Киелі жазбалардағы негізгі ілімдердің кейбіріне тоқтала кетейік.