7-ТАРАУ
Құдайдың пайғамбарлар арқылы берген уәдесі
ЕЖЕЛДЕГІ пайғамбарлар Құдайға сенетіндерін көрсете білген: олар Құдайдың берген уәделеріне сеніп, мұны бүкіл өмір салттарымен көрсеткен. Ол қандай уәделер еді?
Адам ата мен Хауа ананың Едем бағында шығарған бүлігінен соң-ақ Құдай бір “ұрпақты” жіберетінін уәде етті. Ол “ұрпақ” Ібіліс Шайтанды бейнелейтін “жыланның” басын мыжып, оны біржолата жоюы керек еді (Мұсаның 1-жазбасы 3:14, 15; Аян 12:9, 12). Уәде етілген “ұрпақ” кім болмақ?
Осы алғашқы пайғамбарлықты айтқан соң, шамамен 2000 жылдан кейін Ехоба Құдай аталмыш “ұрпақ” Ыбырайым пайғамбардың үрім-бұтағынан шығатынын айтқан. Ол Ыбырайымға: “Менің сөзіме құлақ асқаның үшін, сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға батам қонады”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 22:18).
Б. з. б. 1473 жылы Құдай Мұса пайғамбарға “ұрпақ” жайлы көбірек мәлімет берді. Мұса Исраил ұлдарына былай деді: “Ехоба Құдайларың сендер үшін бауырларыңның арасынан мен сияқты бір пайғамбар шығарады. Соны тыңдаңдар!” (Мұсаның 5-жазбасы 18:15). Осылайша келетін пайғамбар да, Мұса сияқты, Ыбырайымның ұрпақтарының арасынан шықпақ еді.
Сондай-ақ ол пайғамбар Дәуіт патшаның әулетінен шығып, ұлы патша болу керек-тін. Құдай Дәуітке: “Мен артыңнан бір ұрпағыңды, өз ұлыңды тағайындап, оның патшалық билігін нығайтамын. Мен оның патшалық тағын берік етіп, мәңгіге орнықтырамын” (Самуилдің 2-жазбасы 7:12, 13). Сонымен қатар Құдай Дәуіттің осы ұрпағы “Тыныштық бекзадасы” деп аталатынын ашты. Сосын, былай деді: “Ол Дәуіттің тағы мен патшалығын иемденіп, Билігі кең жайылады, Сонда мәңгілік бойы тыныштық орнайды. Патшалық билігі қазірден бастап мәңгі бақи Әділдік пен туралық арқылы Берік орнығып, нығаю үшін солай болады” (Ишая 9:6, 7). Шынында да, осы әділ Басшы бүкіл дүниежүзіне тыныштық пен әділдікті орнатар еді. Бірақ ол қашан келуге тиіс еді?
Кейінірек Жәбірейіл періште Даниял пайғамбарға мынаны айтты: “Сен мынаны біліп, ұғып ал: Иерусалимді қалпына келтіріп, қайта тұрғызу жайлы жарлық шыққаннан бастап Мәсіх Көсем келгенге дейін 7 апта және 62 апта өтеді” (Даниял 9:25). Бұл 69 жылдық апта (әр апта 7 жылдан тұрады) 483 жылды құрайды. Осы кезең б. з. б. 455 жылдан басталып, б. з. 29 жылы аяқталды a.
Осында айтылған Мәсіх, яғни Мұса іспетті пайғамбар және көптен күткен “ұрпақ”, шынымен б. з. 29 жылы келді ме? Келіңіз, көрейік.
a Ехоба куәгерлері басып шығарған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 255-бетіндегі 2-түсіндірмені қараңыз.