11-ТАРАУ
Шынайы сенімді іс жүзінде көрсететіндер
БҮГІНДЕ көп адамдар сеніміміз бар деп айтады. Алайда Иса пайғамбар шынайы сенімі бар адамдар көп болмайды деген. Бұл жайында Киелі жазбалардан былай деп оқимыз: “Жойылуға апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп. Ал өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Оны табатындар аз” (Матай 7:13, 14).
Адамның шынайы сенімі бар екенін қалай білуге болады? “Оларды жемістерінен танисыңдар,— деген Иса пайғамбар.— Әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал нашар ағаш нашар жеміс береді” (Матай 7:16, 17). Демек, шынайы сенімі бар адам “жақсы жеміс” береді. Сондай-ақ Құдайға ұнайтын қасиеттер танытады. Іс жүзінде бұл қалай болуы мүмкін?
Күштерін дұрыс қолданады
Шынайы сенімі барлар күштері мен билігін Құдайды даңқтау және басқалардың игілігін ойлау үшін қолданады. Иса пайғамбар: “Кім ұлы болғысы келсе, сол сендерге қызметші болуы тиіс”,— деп үйреткен (Марқа 10:43). Сондықтан шынайы сенімі бар отағасы үйде де, түзде де өктемдік етпейді. Қайта, әйелін аялап, құрметтейді және сүйіспеншілікпен оның қамын ойлайды. Жазбаларда былай делінген: “Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер, оларға кәрлеріңді төкпеңдер” (Қолостықтарға 3:19). “Күйеулер, әйелдеріңе алған білімдеріңе сай қарап, бірге өмір кеше беріңдер. Құдайдың рақымының арқасында сендер де солармен бірге өмірді мұра ететіндіктен, оларға әлдеқайда нәзік құты — әйел заты — ретінде құрмет көрсетіңдер. Сонда дұғаларыңа тосқауыл болмайды” (Петірдің 1-хаты 3:7).
Ал шынайы сенімі бар әйел “күйеуіне зор құрмет көрсетеді” (Ефестіктерге 5:33). Ол “күйеуі мен балаларын сүйеді” (Титке 2:4). Шынайы сенімі бар ата-ана болса балаларына уақыт бөліп, Құдайдың заңдары мен талаптарын үйретеді. Олар үйде, жұмыста не басқа жерде болсын, өзгелерге сый-құрмет көрсетеді. Осылайша Жазбалардағы “Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” деген кеңеске сай әрекет етеді (Римдіктерге 12:10).
Құдайдың қызметшілері Жазбалардағы “Пара алма” деген бұйрыққа құлақ асады (Мұсаның 2-жазбасы 23:8). Олар ешқашан дәрежелерін қара бастарының қамы үшін қолданбайды. Қайта, басқаларға, әсіресе мұқтаждарға, қол ұшын беруді ойлайды. Олар өмірлерінде “Жақсылық істеуді және өзгелермен қолда барларыңмен бөлісуді ұмытпаңдар. Өйткені мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды” деген кеңесті қолдануға тырысады (Еврейлерге 13:16). Осылайша Иса пайғамбардың “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерінің растығына көз жеткізеді (Елшілердің істері 20:35).
Құдайдың әділдігін танытады
Шынайы сенімі бар адамдар Құдайдың заңдарына дайындықпен мойынсұнады және олар үшін оның Жоханның 1-хаты 5:3). Сондай-ақ олар “Ехобаның заңы кемелді... Ехобаның нұсқаулары әділ, жүректі қуантады; Ехобаның бұйрықтары таза, көзіңді жайнатады” деген сөздердің рас екеніне сенімді (Зәбүр 19:7, 8).
“өсиеттерін орындау қиын емес” (Шынайы сенімі бар адам алалаушылық атаулыдан аулақ болады. Ол қандай да бір нәсілдің, елдің не әлеуметтік таптың бірін екіншісінен жоғары қоймайды, керісінше, Құдайға еліктейді. Себебі “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:34, 35).
Сондай-ақ шынайы сенімі бар адам “барлық жағдайда адал жүріп-тұрады” (Еврейлерге 13:18). Ол біреуге зиянын тигізетін өсек-аяң айтпайды, ешкімді жамандамайды. Дәуіт пайғамбар Құдайға ұнайтын адам жайлы былай деген: “Ол тілімен ешкімге жала жаппайды, Өзгенің ала жібін аттамайды” (Зәбүр 15:3).
Құдайдың даналығын паш етеді
Шынайы сенімі барлардың нанымдары тек Киелі жазбаларға негізделеді. Олар “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді” екеніне сенімді (Тімөтеге 2-хат 3:16). Ал адамдармен араласқанда, олар “көктен келген даналықты” танытады. Мұндай даналық “таза, сосын тату, иліккіш, мойынсұнуға дайын, мейірім мен игі істерге бай” (Жақып 3:17). Сонымен қатар олар Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыптардан, сиқыршылық пен пұттардан сақтанады (Жоханның 1-хаты 5:21).
Шынайы сүйіспеншілік көрсетеді
Мұса пайғамбар: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 6:5). Шынайы сенімі бар адамдар Құдайды осылай сүйеді. Олар Құдайдың Ехоба деген есімін құрмет тұтады. Бұған қоса, “Ехобаға алғыс айтып”, сеніммен “есімін атап шақырады” (Зәбүр 105:1). Құдайдың қызметшілері “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” деген өсиетке де құлақ асады (Мұсаның 3-жазбасы 19:18). Олар зорлық-зомбылықтан аулақ жүріп, “барлық адамдармен тату болуға” тырысады (Римдіктерге 12:18). Бейнелеп айтқанда, олар “семсерлерінен соқа, найзаларынан орақ соғады” (Ишая 2:4). Осының арқасында олардың араларында сүйіспеншілік бар әрі дүниежүзілік бауырластыққа қол жеткізген (Жохан 13:35). Сіз осындай адамдарды білесіз бе?