Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

49-САБАҚ

Шаңырақ шаттығы (1-бөлім)

Шаңырақ шаттығы (1-бөлім)

Той күні бақыттан бастары айналған жас жұбайлардың мәңгі бақи қол ұстасып өтеміз деген тілегі болады. Бұл — орындалмас арман емес. Некелерінде көп жылдан бері Құдай Сөзіндегі ақыл-кеңестерді орындауға тырысып жүрген мәсіхшілер мұны жақсы біледі.

1. Киелі кітаптың күйеулерге берер кеңесі қандай?

Ехоба күйеулерге отбасы тізгінін беріп, отағасы етті (Ефестіктерге 5:23 оқыңыз). Ехобаның оларға қояр талабы — бүкіл отбасының пайдасына асатын шешімдер қабылдау. Киелі кітапта күйеулерге: “Әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер”,— деп кеңес берілген (Ефестіктерге 5:25). Әйелін жақсы көретін күйеу оған үйінде де, жұрт алдында да мейіріммен қарайды. Ол әйелін жамандықтан қорғап жүреді, оны қажетімен қамдайды әрі көңіл-күйі мен сезімдерін ойлайды (Тімөтеге 1-хат 5:8). Ал, ең бастысы, жарының рухани күйін ойлайды, яғни оған Ехобамен жақын дос болуға көмектеседі (Матай 4:4). Мысалы, әйелімен бірге дұға етеді, Киелі кітапты бірге оқиды. Күйеуі әйелін алақанына салып қамқорласа, өзінің Ехобамен достығын сақтайды (Петірдің 1-хаты 3:7 оқыңыз).

2. Киелі кітаптың әйелдерге берер кеңесі қандай?

Құдай Сөзінде: “Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”,— деп жазылған (Ефестіктерге 5:33). Ол мұны қалай істей алады? Әйелі күйеуінің бойындағы жақсы қасиеттері жайында және оның бала-шағасының қамын ойлау үшін қаншама тер төгіп жатқаны жайлы ойланса болады. Сондай-ақ отағасына деген құрметін оның шешімдерін қолдау арқылы көрсете алады. Ер азаматын сыйлайтын әйел ол сенуші болса да, болмаса да, күйеуіне сөйлегенде және ол туралы басқаларға айтқанда, жылы да жағымды сөйлейді.

3. Жұбайлар шаңырақтарын қалай бекемдей алады?

Киелі кітапта ерлі-зайыптылар жайында былай делінген: “Екеуі біртұтас болады” (Матай 19:5). Бұл — олар араларындағы махаббаттарын суытып алмас үшін барын салулары керек деген сөз. Бұл үшін олар үнемі бірге уақыт өткізіп, ойлары мен сезімдерін бір-біріне ашық әрі мейіріммен жеткізулері керек. Ехобадан басқа ешкім де, еш нәрсе де өз жарынан артық болмау керек. Олар әсіресе басқа біреуге тым жақын болып кетуден сақ болулары қажет.

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Қандай Киелі кітап принциптері некеңізді нығайтатынын білейік.

4. Күйеулер, жан жарыңызды сүйіп, аялаңыздар

Киелі кітапта “күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек” деп жазылған (Ефестіктерге 5:28, 29). Мұны қалай түсінуге болады? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:

  • Күйеуі әйелін сүйіп, аялайтынын қалай көрсетсе болады?

Қолостықтарға 3:12 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Күйеуі осы қасиеттерді некеде қалай таныта алады?

5. Әйелдер, жан жарыңызды сүйіп, құрметтеңіздер

Киелі кітапта күйеуі Ехобаға қызмет етсе де, етпесе де, әйелі оны құрметтеуі керек деп жазылған. Петірдің 1-хаты 3:1, 2 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Сіздің жолдасыңыз Куәгер болмаса, оның Ехобаға қызмет еткенін қатты тілейтін шығарсыз. Оған қалай көмектескен жөн болар еді: тоқтамай уағыздаған ба, әлде жақсы әйел болып, сый-құрмет танытқан ба? Неге?

Күйеуі мен әйелі бірлесе отырып жақсы шешімдер қабылдай алады. Бірақ кейде әйелі күйеуімен келіспеуі мүмкін. Мұндай кезде әйелі өз ойын жұмсақтықпен әрі құрметпен айтса болады. Алайда ол мынаны түсініп, мойындауы керек: Ехоба отбасы үшін ненің жақсы болатынын шешуді күйеуге жүктеген. Күйеуі не шешсе де, әйелі сол шешімін қолдан келгенше құптағаны жөн. Сонда шаңырақтың берекесі қашпайды. Петірдің 1-хаты 3:3—5 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Әйелі күйеуін сыйлап тұрса, Ехоба не сезінеді?

6. Отбасылық түйткілдерді шеше аласыздар

Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондай түйткілдерді ерлі-зайыптылар жұмыла шешу керек. БЕЙНЕРОЛИКТІ КӨРІП, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Бейнероликтегі ерлі-зайыптының арасы суып бара жатқаны неден біліне бастады?

  • Некелерін бекемдеу үшін олар не істеді?

Қорынттықтарға 1-хат 10:24 пен Қолостықтарға 3:13 оқыңыздар. Әр тармақты оқыған соң, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Осы кеңес қалай шаңырақты биік, босағасын берік ете алады?

Құдай Сөзі бір-бірімізге құрмет көрсетуге шақырады. Құрмет көрсету деген — адамға мейірім таныту, қадірлеу. Римдіктерге 12:10 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Күйеуінің я әйелінің “ол маған бірінші болып құрмет көрсетсін” деп тұрып алғаны дұрыс па? Неге?

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Жұбайымыз екеуміздің арамыз суып барады”.

  • Киелі кітап оларға көмектесе алатынын қалай түсіндірер едіңіз?

ТҮЙІНДЕМЕ

Ерлі-зайыптылар бір-бірін сүйіп, сыйласа, Киелі кітап ақыл-кеңестерін орындаса, бақытты бола алады.

Қайталау

  • Күйеу шаңырағын қалай бақытты ете алады?

  • Әйел шаңырағын қалай бақытты ете алады?

  • Некеде болсаңыз, Киелі кітаптың қай кеңесі отбасыңызды бекемдей алады деп ойлайсыз?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Отбасы өмірін көркейтетін пайдалы кеңестерді оқып көріңіз.

“Бақытты отбасы — баянды ғұмыр” (кітапша)

Құдайдың кеңестері некеңізді қалай баянды ететінін бейнебаяннан тамашалаңыз.

“Шын сүйемін” (4:26)

Күйеудің басшылығына бағыну деген не екенін оқып көріңіз.

“Әйелдер, неге басшылыққа мойынсұнуларың керек?” (“Күзет мұнарасы”, 15 мамыр, 2010)

Ажырасып кеткен бір ерлі-зайыпты араларындағы қиындықтарды жеңіп, қалай қайта қосылды?

“Құдайдың көмегімен қайта қосылдық” (5:14)