Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

Жақсы билеушілер мен жаман билеушілер

Жақсы билеушілер мен жаман билеушілер

Исраил патшалығы екіге бөлінді. Таққа отырған патшалардың көбі Құдайға адал болмады. Бабылдықтар Иерусалим қаласын қиратты.

СҮЛЕЙМЕН тура жолдан тайып кеткен соң, Ехоба алдын ала айтқандай, Исраил патшалығы екіге бөлінді. Таққа Сүлейменнің ұлы Рохабоғам отырды. Ол халыққа қатты қысымшылық көрсетті, нәтижесінде Исраилдің он руы бас көтеріп, өз алдына солтүстік Исраил патшалығын құрды. Ал екі ру Дәуіт ұрпағынан шыққан патшаның қол астында қалды. Олар оңтүстік Яһуда патшалығы деп аталды.

Екі патшалықтың да халқы ауыр күндерді бастан кешірді. Бұған көп жағдайда Құдайға адалдық пен мойынсұнушылық танытпаған билеушілері себепші болды. Солтүстік патшалықтың билеушілері о бастан-ақ халықты жалған құдайларға құлшылық етуге иландырып, күнәға батырғандықтан, Исраилдің жағдайы Яһуданікінен де мүшкіл еді. Тіпті өлілерді қайта тірілткен Ілияс пен Елішә пайғамбарлардың керемет істерін көрсе де, Исраил теріс жолдан қайтпады. Ақырында, Құдай Ассур әскерінің солтүстік патшалықты күйретуіне жол берді.

Жүз жылдан аса уақыт өткен соң, Яһуда патшалығы да өз жазасын алды. Бұл патшалықтың кейбір билеушілері ғана пайғамбарларға құлақ асып, халықты Ехобаға қайта бет бұруға талпындырды. Солардың бірі Жосия патша болды. Ол Яһуда жерін жалған ғибадаттан тазарта бастады және ғибадатхананы қайта қалпына келтірді. Бірде Құдайдың Мұса арқылы берген Таурат заңының жазбасы табылып, патша алдында оқылды. Сонда Жосия қатты толқып кетті де, шынайы ғибадатты қалпына келтіру ісін одан сайын күшейтті.

Өкінішке қарай, кейінгі патшалар Жосияның игі істерін үлгі тұтпады. Сол себепті Ехоба бабылдықтарға Яһуда патшалығын жаулап алып, Иерусалим мен ондағы ғибадатхананы жоюға жол берді. Тірі қалғандар Бабылға әкетілді. Құдай олардың тұтқында 70 жыл болатынын айтты. Осы уақыт бойы Яһуда жері қаңырап бос жатты. Ал бұл мерзім аяқталғанда, Құдай уәде еткендей, халық еліне қайта оралды.

Алайда уәде етілген Құтқарушының, яки Мәсіхтің, билігі орнағанша, Дәуіттің ұрпағынан бұдан былай ешкім де патша тағына отырмады. Иерусалимде билік құрған патшалардың мысалы кемелсіз адамдардың дұрыс билік жүргізе алмайтынын анық көрсетті. Мәсіх қана жақсы Билеуші бола алады. Сондықтан Ехоба Дәуіттің ұрпағынан шыққан соңғы патшаға: “Басыңдағы тәжді ал... Оны иемденуге құқылы біреу келгенше, ол ешкімдікі болмайды. Мен оны соған табыстаймын”,— деді (Езекиел 21:26, 27 ЖД).

Патшалықтар 3-жазба, Патшалықтар 4-жазба, Шежірелер 2-жазба 10—36 тарауларға және Еремия 25:8—11 негізделген.