126-ТАРАУ
Петірдің Исадан тануы
МАТАЙ 26:69—75 МАРҚА 14:66—72 ЛҰҚА 22:54—62 ЖОХАН 18:15—18, 25—27
-
ҚАЯПАНЫҢ ҮЙІНДЕ ПЕТІР ИСАДАН ТАНДЫ
Гетсимани бағында Иса тұтқындалғанда, қорқып кеткен елшілер оны жалғыз тастап, қашып кетті. Алайда көп ұзамай Петір мен “тағы бір шәкірт”, елші Жохан болса керек, қайтып оралды (Жохан 18:15; 19:35;21:24). Олар Исаны Аннастың үйіне апара жатқан жолда қуып жетті. Кейін Аннас Исаны бас діни қызметкер Қаяпаға жібергенде, Петір мен Жохан алыстан ілесіп отырды. Олар екі оттың ортасында қалғандай сезімде болған шығар: бір жағынан өз жандарын ойлап қорықса, басқа жағынан Иелерімен не болар екен деп уайымдады.
Жохан бас діни қызметкермен таныс еді. Сондықтан Қаяпа тұратын үйдің ішкі ауласына кіріп кетті. Петір болса қақпа сыртында қалып қойды. Кейін Жохан қайтып келіп, қақпа күзететін қызметші қызбен сөйлесті де, Петірді ішке кіргізді.
Түн суық болғандықтан, ауладағылар от жағып жылынып тұрған еді. Петір де жылыну үшін солардың қасына барып, “істің немен бітетінін” күтті (Матай 26:58). Бір уақытта қақпа күзететін қыз оттың жарығынан Петірді анығырақ көріп: “Сен де осы кісінің шәкірттерінің бірі емессің бе?”— деді (Жохан 18:17). Кейін Петірді басқалар да танып қойып, Исамен жүргені үшін айыптады (Матай 26:69, 71—73; Марқа 14:70).
Қатты абыржыған Петір елеусіз қалуға тырысып, қақпа жаққа жаймен ығысты. Сонымен, ол Исамен жүргенін мойындамады, тіпті: “Мен оны танымаймын, сенің не айтып тұрғаныңды да түсінбеймін”,— деп салды (Марқа 14:67, 68). Сондай-ақ Петір “қарғанып, ант іше бастады”. Бұл сөздер оның айтқаны рас екенін, ал өтірік айтса, өз басына пәле тілейтінін білдіреді (Матай 26:74).
Осы уақытта Қаяпаның үйінде, бәлкім жоғарғы бөлмелердің бірінде, Исаны тергеп жатты. Ал төменде Петір мен басқа адамдар үйге кіріп-шығып жатқан түрлі куәгерлерді бақылап тұрса керек.
Петірдің өтірік айтқаны ғалилеялықтарша сөйлегенінен-ақ байқалып қалды. Оның үстіне топтың ішіндегі бір кісі Петір құлағын шапқан Мәліктің туысы еді. Содан ол Петірге ентелеп келіп: “Сені онымен бірге бақта көрдім емес пе?”— деді. Петір үшінші рет танғанда, Иса айтқандай, әтеш шақырды (Жохан 13:38; 18:26, 27).
Осы кезде Иса жоғарыдан аулаға қарап тұрса керек. Ол бұрылып Петірге тіке қарағанда, жанары Петірдің өңменінен өтіп кеткен болу керек. Сонда оның есіне бірнеше сағат бұрын, жоғарғы бөлмеде айтқан Исаның сөздері түсті. Не істеп қойғанын түсінген Петірдің қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті. Ол сыртқа шығып, өкіріп жылады (Лұқа 22:61, 62).
Бұл қалай болғаны? Өзінің рухани күшіне және адалдығына сенімді болған Петір Иесінен қалайша танып кетті? Шындық бұрмаланып, Иса жексұрын қылмыскерге айналды. Жазықсыз адамды жұрт алдында қорғап сөйлеуіне болар еді, бірақ ол “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздері” бар Тұлғадан теріс айналды (Жохан 6:68).
Петірдің қайғылы оқиғасынан бір маңызды шындықты байқаймыз: түрлі сынаққа не азғыратын жағдайға дайын болмаса, тіпті Құдайға деген сенімі берік әрі шын берілген адам да төтеп бере алмай, сүрініп құлауы мүмкін. Петірдің бастан кешкені Құдайдың барлық қызметшісіне сабақ болғай!