11-ОҚИҒА
Алғашқы кемпірқосақ
НҰХ отбасымен кемеден түскен соң, ең алдымен не істегенін білесің бе? Ол Құдайға құрбандық шалды немесе тарту жасады. Ол бұны қалай істегенін төмендегі суреттен көре аласың. Нұх отбасын дүниежүзілік топан судан аман алып қалғаны үшін Құдайға ризашылық білдіріп, жануарлардан алып, құрбандыққа шалды.
Қалай ойлайсың, Ехобаға бұл тарту ұнады ма? Иә, әрине ұнады. Сондықтан ол Нұхқа енді дүниені ешқашан топан сумен жоймайтындығын айтып уәде берді.
Біраз уақыт өткен соң, жердің беті толығымен құрғады да, Нұх өз отбасымен кеменің сыртында жаңа өмір бастады. Құдай оларға батасын беріп: “Ұрпақтарың көбейсін; Жер жүзінің барлығы адамдарға толғанша өсіп-өніп, көбейе беріңдер”,— деді.
Бірақ кейінірек дүниежүзілік топан судың болғанын естісе, адамдар тағы да осындай топан су болады деп үрейленген болар еді. Сондықтан Құдай енді ешқашан жер бетінде топан су болмайтындығына куәлік ету үшін, адамдарға белгі берді. Қандай белгі бергенін білесің бе? Кемпірқосақ.
Әдетте жаңбыр жауған соң артынша күн шықса, аспанда кемпірқосақ пайда болады. Кемпірқосақтың түрлі-түсті әсем бояулары бар. Сен кемпірқосақты көргенсің бе? Ал мына суреттегі кемпірқосақты көріп отырсың ба?
Құдай: “Адамдар мен жануарларды бұдан былай топан сумен жоймаймын. Жерге бұлт төндірген кезімде, арасынан кемпірқосақ көрінетін болады. Кемпірқосақты көрген кезде, Мен сендерге берген уәдемді есіме түсіремін”,— деді.
Енді кемпірқосақты көргенде, сенің есіңе не түседі? Иә, енді ешқашан дүниені топан сумен жоймаймын деген Құдайдың уәдесі есіңе түседі.