Мұсаның 2-жазбасы 34:1—35
34 Сосын Ехоба Мұсаға былай деді: “Тастан қашап, алдыңғыларына ұқсайтын екі тақташа жаса+. Мен оларға өзің сындырып тастаған тақташалардағы+ сөздерді жазып беремін.
2 Ертеңгісін дайын бол. Таңертең Синай тауының басына көтеріліп, менің алдымда тұр+.
3 Бірақ ол жаққа сенімен бірге ешкім көтерілмесін, бүкіл тауда ешкім көрінбесін. Оның маңында тіпті ірілі-ұсақты мал да жайылып жүрмесін+”.
4 Содан Мұса тастан қашап, алдыңғыларына ұқсас екі тақташа жасады. Ол ертеңгісін ерте тұрып, Ехоба өзіне бұйырғандай, Синай тауына көтерілді. Қолына екі тас тақташаны алып алды.
5 Ехоба бұлтпен төмен түсті де+, Мұсаның қасында тұрып, Ехоба деген есімін паш етті+.
6 Ехоба оның алдынан өтіп бара жатып, былай деді: “Ехоба, Ехоба — мейірімді+ де жанашыр+, ашулануға асықпайтын+, айнымас сүйіспеншілігі мол+ және әрдайым сөзіне адал*+ Құдай.
7 Ол айнымас сүйіспеншілігін мыңдаған ұрпаққа көрсетеді+. Теріс қылықты, қылмыс пен күнәні кешіреді+, бірақ кінәліні ешқашан жазасыз қалдырмайды+. Әкелері жасаған күнәнің салдарын ұлдары мен немерелеріне, шөберелері мен шөпшектеріне тартқызады+”.
8 Мұса дереу тізерлеп отырып, жерге бас ұра тағзым етті.
9 Сосын ол: “Уа, Ехоба, сенің ықыласыңа ие болған болсам, өтінемін, Ехоба, тоңмойын халық+ болсақ та, бізбен бірге жүре көр+. Біздің теріс қылықтарымыз бен күнәларымызды кешіріп+, бізді өз меншігің ете көр”,— деді.
10 Сонда Құдайдың айтқан жауабы мынау болды: “Мен мынадай келісім жасаймын: бүкіл халқыңның көз алдында бұрын-соңды жер бетінде, ешбір халықтың алдында жасамаған кереметтер істеймін+. Айналаңда тұратын халықтардың бәрі Ехобаның ісін көреді. Мен сендердің бойларыңда қастерлеу сезімін оятатын істер жасаймын+.
11 Сен бүгін өзіңе бұйырғанымның бәрін орында+. Міне, мен алдыңнан аморлықтарды, қанахандықтарды, хеттіктерді, перездіктерді, хевтіктер мен ебустіктерді қуып шығамын+.
12 Байқа, өзің бара жатқан сол жердің тұрғындарымен келісім жасаушы болма+! Әйтпесе бұл сен үшін тұзақ болады+.
13 Олардың құрбандық орындарын бұзып, қасиетті тас бағаналарын* қиратып, қасиетті ағаш бағаналарын* шауып таста+.
14 Басқа құдайға табынба+, өйткені Ехоба — өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін* Құдай. Иә, ол — өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін Құдай+.
15 Байқа, сол жердің тұрғындарымен келісім жасап жүрме, өйткені олар өз құдайларымен азғындық жасап, соларға құрбандықтар әкеледі+. Сонда араларынан біреуі сені шақырғанда, құрбандықтарынан жеп жүрерсің+.
16 Сол кезде саған олардың қыздарын ұлдарыңа алып беруге тура келеді+. Қыздары өз құдайларымен азғындық жасап, ұлдарыңды да соған азғыратын болады+.
17 Балқытып құйып, өзіңе тәңірлер жасама+.
18 Ашымаған нан мейрамын атап өт+. Саған бұйырғанымдай, абиб* айының белгіленген кезінде жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан же, өйткені Мысырдан абиб айында шыққансың+.
19 Құрсақтан шыққан тұңғыш ұлдарың менікі+, малыңның алғаш туылған еркек төлі де, бұзау не қозы болсын, менікі+.
20 Есектің алғашқы төлінің құнын қоймен өтеп ал. Егер олай етпесең, оның мойнын үз. Әрбір тұңғыш ұлдың да құнын өтеп ал+. Ешкім менің алдыма құралақан келмесін.
21 Алты күн жұмыс істеп, жетінші күні демал+. Жер жырту мен егін жинау мерзімінде де сол күні демалатын бол.
22 Бидайдың алғашқы өнімін жинағанда, Апталар мейрамын* тойла. Ал жыл соңында Сабантой мейрамын* өткіз+.
23 Ер адамдарыңның бәрі жылына үш рет Иелерің әрі Исраилдің Құдайы Ехобаның алдына келсін+.
24 Мен алдыңнан басқа халықтарды қуып шығып+, шегараңды кеңейтемін. Жылына үш рет Ехоба Құдайыңның алдына барған кезде, ешкім де жеріңді тартып алуға тырыспайды.
25 Маған шалынған құрбандықтың қанын ашытылған еш нәрсемен қосып ұсынба+. Құтқарылу мейрамында шалынған мал еті таң атқанша қалып қоймасын+.
26 Жеріңнен жинаған алғашқы өнімнің ең жақсысын Ехоба Құдайыңның үйіне алып кел+.
Лақтың етін енесінің сүтіне пісірме+”.
27 Сосын Ехоба Мұсаға: “Осы сөздерді жазып қой+, себебі сенімен және Исраил халқымен осы сөздердің негізінде келісім жасаймын+”,— деді.
28 Мұса 40 күн, 40 түн бойы Ехобаның қасында болып, нан да жемеді, су да ішпеді+. Ол* тас тақташаға келісімнің сөздерін, Он заңды*, жазды+.
29 Мұса қолына екі куәлік тақташаны ұстап, Синай тауынан түсті+. Ол Құдаймен сөйлескендіктен, бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрды, бірақ мұны өзі білген жоқ.
30 Харон мен бүкіл исраилдіктер Мұсаны көргенде, оның жүзі нұр шашып тұрды, сондықтан қасына жақындауға батылдары бармады+.
31 Бірақ Мұса шақырған соң, Харон мен күллі қауым басшылары оның қасына келді. Сонда Мұса олармен сөйлесті.
32 Бұдан кейін исраилдіктердің бәрі жақындады. Мұса оларға Ехобаның Синай тауында берген бұйрықтарын түгел жеткізді+.
33 Олармен сөйлесіп болған соң, Мұса бетін пердемен жауып алатын+.
34 Бірақ Ехобамен тілдесу үшін оның алдына кірген сайын, пердесін алып тастайтын+. Сосын сыртқа шығып, Құдайдан алған бұйрықтарын исраилдіктерге жеткізетін+.
35 Сол кезде олар Мұсаның бет-жүзі нұр шашып тұрғанын көретін. Ол Құдаймен тілдесуге кіргенге дейін жүзін пердемен жауып алатын+.
Сілтемелер
^ Немесе “шыншыл; сенімді”.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Немесе “өзінен басқа тәңірлердің болғанына төзбейтін”.
^ Ә15 қосымшасын қараңыз.
^ “Алғашқы өнім мейрамы” деп те аталады.
^ “Күркелер мейрамы” (Уақытша баспана) деп те аталады.
^ Бұл есімдік Құдайға нұсқаса керек. 1-тармақты қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “Он сөз”. Бұл “Он өсиет” деп те белгілі.