Ишая 7:1—25
7 Ұзияхтың немересі Жотам ұлы Ахаз+ Яһуда елінде патшалық құрып отырғанда, Сирия патшасы Ресин мен Исраил патшасы Ремалиях ұлы Пеках+ Иерусалимге қарсы аттанды, бірақ ол* қаланы жаулап ала алмады+.
2 Дәуіт үйіне “Сирия мен Ефрем одақтасып, әскерлерін біріктіріпті” деген хабар жетті.
Сонда Ахаз патша мен оның халқының жүрегі жел тербеткен орман ағашының жапырағындай діріл қақты.
3 Сол кезде Ехоба Ишаяға былай деді: “Қасыңа ұлың Шеяр-Яшубты*+ ертіп, Ахаздың алдынан шықшы. Оны кір жуушының танабына апаратын үлкен жолдың бойындағы жоғарғы хауыз саласының аяқ жағында кездестіресің+.
4 Оған мына хабарымды жеткіз: —Абай бол, еш абыржушы болма! Ана бықсып жанған екі томардан, Сирия патшасы Ресин мен Ремалиях ұлының+ лаулаған қаһарынан, зәрең ұшпасын!
5 Сирия мен Ефрем және Ремалиях ұлы саған қарсы зұлым жоспар құрып:
6 “Жүріңдер, Яһудаға қарсы аттанайық та, парша-паршасын шығарып*, жаулап алайық. Табиел ұлын елге патша етіп тағайындайық”,— дейді+.
7 Бірақ Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады:
—Бұл орындалмайды,Жүзеге де аспайды.
8 Өйткені Сирияның басы — Дамаск,Дамаскінің басы — Ресин.
Небәрі 65 жылда Ефрем түгелдей бытырап кетіп, ел болудан қалады+.
9 Ефремнің басы — Самария+,Самарияның басы — Ремалиях ұлы+.
Сенімдерің берік болмаса,Сендер нық тұра алмайсыңдар”.
10 Ехоба сөзін жалғап, Ахазға:
11 “Құдайың Ехобадан белгі сұра+. Көрдей* терең, көктей биік болса да, сұрай бер”,— деді.
12 Бірақ патша: “Жоқ, сұрамаймын, Ехобаны сынамаймын”,— деп жауап берді.
13 Сонда Ишая мынаны айтты: “Ей, Дәуіт үйі, тыңдаңдаршы. Адамның төзімін сынағандарың аз болғандай, енді Құдайдың төзімін сынағыларың келе ме+?
14 Ендеше, Ехобаның өзі сендерге белгі береді. Міне, бір бойжеткен құрсақ көтеріп, ұл табады да+, оған Еммануил* деген ат қояды+.
15 Ол жаманнан бас тартып, жақсыны таңдай білетін кезі келісімен-ақ тек май мен бал жейтін болады.
16 Себебі баланың жаманнан бас тартып, жақсыны таңдай білетін кезі келмей тұрып, өзің өлердей қорыққан әлгі екі патшаның жері қаңырап бос қалады+.
17 Ехоба сенің және халқыңның басына, сондай-ақ әкеңнің үйінің басына Ефрем Яһудадан бөлінгеннен бері+ болмаған ауыр күн тудырады: ол еліңе Ассирия патшасын аттандырады+.
18 Сол күні Ехоба Мысырдағы Ніл өзенінің алыс салаларынан шыбындарды, ал Ассирия елінен араларды ысқырып шақырады.
19 Олар құжынап келіп, ойпаң аңғарларға*, жартас қуыстарына, күллі тікенді бұталар мен суаттардың бәріне қонады.
20 Сол күні Ехоба Евфрат аймағынан жалға алынған ұстарамен — Ассирия патшасы+ арқылы — Яһуданың басындағы шашын, аяғындағы түгін, тіпті сақалын да қырып тастайды.
21 Сол күні табында бір құнажын, екі қой аман қалады.
22 Сүт мол болғандықтан, жұрт май жейтін болады. Елде қалғандардың бәрі тек май мен бал жейді.
23 Сол күні кезінде құны 1000 күміс ақша тұрған 1000 түп жүзімнің орнына тікенді бұталар мен арамшөп өседі.
24 Бүкіл елді тікенді бұта мен арамшөп басқандықтан, жұрт садағы мен жебелерін алып жүретін болады.
25 Кезінде кетпенмен тазартылып тұратын таулардың бәрін тікенді бұта мен арамшөп қаптайды. Сондықтан олардың маңына да жуымайтын боласың. Олар бұқалар жайылып, қойлар таптайтын жерге айналады”.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “олар”.
^ Мағынасы “тамтық қана қайта оралады”.
^ Мүмкін: “қорқытып-үркітіп”.
^ Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Мағынасы “Құдай бізбен бірге”.
^ Немесе “сай-салаларға”.