Жохан 5:1—47
5 Осыдан кейін яһудилердің мейрамы болып+, Иса Иерусалимге өрлеп барды.
2 Иерусалимде Қой қақпасының+ жанында еврейше “Бетзада” деп аталатын айнала бес бастырмасы бар хауыз болатын.
3 Сол жерде көптеген науқастар және соқыр, ақсақ, қолы не аяғы семіп қалған* адамдар жататын.
4 * ——
5 Онда 38 жылдан бері ауру бір кісі бар еді.
6 Оның жатқанын көріп, көптен бері ауру екенін білген Иса: “Сауыққың келе ме?”— деп сұрады+.
7 Ол: “Мырза, су қозғалғанда мені хауызға түсіретін ешкім жоқ. Мен жеткенше, басқа біреу түсіп қояды”,— деп жауап қатты.
8 Иса: “Түрегел, зембіліңді ал да, жүре бер”,— деді+.
9 Сол сәтте әлгі адам сауығып, зембілін алды да, жүре бастады.
Бұл Демалыс күні* болатын.
10 Сондықтан кейбір яһудилер оған: “Бүгін Демалыс күні, зембіл көтеріп жүргенің заңға қайшы”,— деді+.
11 Ал ол: “Мені сауықтырған кісі “зембіліңді ал да, жүре бер” деген”,— деп жауап берді.
12 Олар болса: “Саған “зембіліңді ал да, жүре бер” деген кім?”— деп сұрады.
13 Бірақ сауыққан адам оның кім екенін білмеді, өйткені Иса сондағы көп адамның арасына білдірмей кіріп кеткен еді.
14 Кейіннен Иса әлгі кісіні ғибадатханада кезіктіріп: “Міне, сен сауықтың. Бұрынғыдан да жаман нәрсеге ұшырамауың үшін, бұдан былай күнә жасама”,— деді.
15 Ал ол әлгі яһудилерге барып, өзін сауықтырған Иса екенін айтты.
16 Демалыс күні осындай істер жасағаны үшін, яһудилер Исаны қудалай бастады.
17 Бірақ ол: “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ, мен де еңбек етудемін”+,— деп жауап берді.
18 Мұны естіген яһудилер оны одан бетер өлтіргісі келді: олардың ойынша, Иса Демалыс күніне қатысты ережені бұзып қана қоймай, Құдайды Әкем деп атап+, өзін онымен теңестірді+.
19 Ал Иса былай деп жауап қатты: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Ұлы өз бетінше ештеңе істей алмайды, тек Әкесінен көргенді ғана істейді+. Өйткені Әкесі не істесе, Ұлы да соны істейді.
20 Әкесі Ұлын жақсы көреді+, әрі оған істерінің барлығын көрсетеді. Сондай-ақ сендерді таңғалдыру үшін оған бұдан да ұлы істерді көрсетеді+.
21 Әкесі өлілерді тірілтіп, оларға өмір беретіні сияқты+, Ұлы да қалаған адамына өмір береді+.
22 Әкесі ешкімді соттамайды, ол барлық сотты Ұлына табыстаған+.
23 Мұны ол барлығы Әкені қалай құрметтесе, Ұлын да солай құрметтесін деп істеді. Кім Ұлды құрметтемесе, оны жіберген Әкені де құрметтемейді+.
24 Сендерге нағыз шындықты айтамын, менің сөзімді естіген әрі мені жібергенге сенген әркім мәңгілік өмірге ие+. Ол сотталмайды, қайта, өлімнен өмірге өтті+.
25 Сендерге нағыз шындықты айтамын, өлілер Құдай Ұлының даусын еститін уақыт келе жатыр, тіпті келіп те қойды. Ал оған құлақ асқандар өмір сүреді.
26 Өйткені Әкеде өмір сыйы бар*+, ол Ұлына да өмір сыйын берген+.
27 Әкесі оған сот жүргізуге билік берген+, себебі ол — Адам Ұлы+.
28 Бұған таңғалмаңдар, өйткені қабірдегілердің* бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр+,
29 сонда олар қабірден шығады. Жақсылық жасағандар өмір сүру үшін, ал зұлымдық жасағандар сотталу үшін тіріледі+.
30 Мен өз бетімше ештеңе істей алмаймын. Әкемнен естігенім бойынша соттаймын. Менің сотым әділ+, өйткені өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауды қалаймын+.
31 Егер өзім жайлы тек өзім куәлік етсем, жұрт куәлігіме сенбес еді+.
32 Мен туралы куәлік ететін басқа біреу бар, әрі оның куәлігінің шындық екенін білемін+.
33 Сендер Жақияға адамдарыңды жібердіңдер, ол мен туралы шынайы куәлік берді+.
34 Алайда маған адамдардың куәлігі қажет емес, сөйтсе де мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын.
35 Жақия жарқырап жанып тұрған шам болатын, ал сендер оның жарығында аз уақыт қана шаттанғыларың келді+.
36 Бірақ менің Жақиянікінен де зор куәлігім бар. Әкем маған орында деп тапсырған, яғни өзім істеп жатқан істер мені Әкемнің жібергеніне куәлік етеді+.
37 Сондай-ақ мені жіберген Әкем де мен туралы куәлік еткен+. Сендер ешқашан оның даусын естіген де, бейнесін көрген де емессіңдер+.
38 Сендер оның жіберген хабаршысына сенбейсіңдер, сондықтан да оның сөзі жүректеріңнен орын алмады.
39 Сендер Жазбаларды зерттейсіңдер+, себебі солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар мен туралы куәлік етеді+.
40 Әйтсе де өмірге ие болу үшін маған келгілерің келмейді+.
41 Мен адамдардан құрмет күтпеймін.
42 Сендердің жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншілік жоқ екенін жақсы білемін.
43 Әкемнің атынан келсем де, мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келсе, оны қабылдар едіңдер.
44 Жалғыз Құдайдан келетін құрметті іздемей, бір-біріңнен құрмет күтсеңдер, қалай маған сенбексіңдер+?
45 Әкемнің алдында сендерді айыптайды деп ойламаңдар, айыптаушыларың — өздерің үміт артатын Мұса+.
46 Егер Мұсаға сенсеңдер, маған да сенер едіңдер. Өйткені ол мен туралы жазған+.
47 Ал оның жазғандарына сенбесеңдер, онда менің айтқандарыма қалай сенесіңдер?”
Сілтемелер
^ Немесе “қолы не аяғы сал”.
^ Бұл үзінді грек тіліндегі көне қолжазбалардың кейбірінде кездеспейді. А3 қосымшасын қараңыз.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “Әкенің өзінде өмір бар”.
^ Сөзбе-сөз “есте сақтау қабірі”. Түсіндірмедегі “Есте сақтау қабірін” қараңыз.