Елшілердің істері 25:1—27
25 Сосын Фест+ аймаққа* келіп, билік ете бастағанына үш күн болғанда, Кесариядан Иерусалимге барды.
2 Жоғарғы діни қызметкерлер мен яһуди жетекшілері Пауылға таққан айыптарын оған айтып берді+, сондай-ақ өтініштерін білдірді.
3 Олар өздеріне жақсылық жасап, Пауылды Иерусалимге жіберуін сұрады. Бірақ өздері жолда тасадан тап беріп, Пауылды мерт қылмақ еді+.
4 Алайда Фест Пауылды Кесарияда қамауда ұстау керектігін және өзі де көп ұзамай сонда баратынын айтты.
5 “Бұл кісінің қандай да бір кінәсі болса, араларыңда билігі барлар менімен бірге жүріп, тағатын айыптарын сол жерде айтсын”+,— деді ол.
6 Сол жақта он шақты күн болғаннан кейін, Фест Кесарияға жол тартты. Ал ертесіне төрелік орнына отырып, Пауылды алып келуді бұйырды.
7 Ол келген соң, Иерусалимнен келген яһудилер оны қоршап алып, көптеген ауыр айыптар тақты, бірақ ешқайсысын дәлелдей алмады+.
8 Сонда Пауыл өзін қорғап: “Мен не яһудилердің Заңына*, не ғибадатханаға, не императорға* қарсы ешқандай күнә жасаған жоқпын+”,— деді.
9 Яһудилерге жаққысы келген Фест+ Пауылдан: “Сен осы айыптар бойынша Иерусалимге барып сотталғың келе ме?”— деп сұрады.
10 Пауыл былай жауап берді: “Мен императордың төрелік орны алдында тұрмын, осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге еш жамандық жасаған жоқпын. Мұны өзіңіз де жақсы білесіз.
11 Егер мен шынымен қылмыс жасап, өлімге лайық болсам+, рақым етуді сұрамаймын. Алайда мына кісілердің таққан айыптары еш негізсіз болса, мені олардың қолына беруге ешкімнің құқы жоқ. Императордың сотын талап етемін+!”
12 Фест кеңесшілерімен ақылдасқан соң: “Императордың сотын талап етсең, императорға барасың”,— деді.
13 Бірнеше күннен кейін Агриппа* патша Берникемен бірге Фестке қошемет көрсету үшін Кесарияға келіп,
14 сол жерде біраз күн болды. Фест Пауылға қатысты жайттарды патшаға баяндап, былай деді:
“Мұнда Феликс тұтқында ұстауды бұйырған бір адам бар.
15 Иерусалимде болған кезімде, жоғарғы діни қызметкерлер мен яһуди ақсақалдары Пауылға таққан айыптарын айтып+, оны жазалауды сұрады.
16 Бірақ мен оларға Рим заңы бойынша, айыпталған адамды айыптаушыларымен бетпе-бет кездестіріп, өзін қорғап сөйлеуіне мүмкіндік бермей жатып, олардың қолына тапсыруға болмайтынын айттым+.
17 Сондықтан олар осында келгенде, уақытты кетірмей ертесіне-ақ төрелік орнына отырып, әлгі кісіні алып келуді бұйырдым.
18 Айыптаушылар шығып сөйлегенмен, оған қарсы мен күткендей ешқандай айып тақпады+.
19 Олардың даулары өз діндеріне+ және өліп кеткен Иса есімді кісіге қатысты екен. Пауыл болса оның тірі екенін айтып сендіруде+.
20 Содан осы дауды қалай шешерімді білмей, бұл адамнан Иерусалимге барып, сол жерде сотталғанын қалай ма, жоқ па, соны сұрадым+.
21 Бірақ Пауыл өзін осы жерде қалдырып, Августтың* шешімін күтуді талап еткендіктен+, мен оны императорға жібергенше, осында ұстауды бұйырдым”.
22 Сонда Агриппа Фестке: “Мен де бұл кісіні тыңдағым келеді”+,— деді. “Онда ертең тыңдайсыз”,— деді ол.
23 Келесі күні Агриппа мен Бернике сән-салтанатпен келіп, мыңбасылары мен қаланың беделді адамдарымен бірге сот залына кірді. Сосын Фесттің бұйрығымен Пауылды алып келді.
24 Сонда Фест былай деді: “Агриппа патша және осы жерде отырғандардың бәрі, алдарыңызда тұрған мына кісінің үстінен күллі яһуди халқы Иерусалимде де, осы жерде де арыз айтып, тірі жүрмеу керектігін айқайлап айтқан еді+.
25 Бірақ өлімге кесетіндей оның еш нәрсе жасамағанын түсіндім+. Ол Августтың сотын талап еткендіктен, соған жіберуді шештім.
26 Алайда императорға ол жайында жазатын нақты ештеңем жоқ. Сол себепті тергеу жүргізгеннен кейін, бір нәрсе жаза алуым үшін оны сіздердің алдарыңызға, әсіресе сіздің алдыңызға, Агриппа патша, алдырып отырмын.
27 Өйткені тұтқынның айыбын нақты көрсетпей, Римге жібергенім дұрыс болмас деп ойлаймын”.
Сілтемелер
^ Яғни Яһудея аймағына. Әміршінің әкімшілігі Кесарияда болды.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “цезарьға”.
^ Яғни ІІ Ирод Агриппа.
^ Рим императорының лауазымы.