Елшілердің істері 10:1—48

  • Корнелдің алған аяны (1—8)

  • Петірдің тазартылған аңдар туралы алған аяны (9—16)

  • Петірдің Корнелге келуі (17—33)

  • Петірдің басқа ұлт адамдарына ізгі хабар жариялауы (34—43)

    • Құдай ешкімді алаламайды (34, 35)

  • Басқа ұлт адамдарының киелі рухқа кенеліп, шомылдыру рәсімінен өтуі (44—48)

10  Кесарияда Корнел есімді кісі тұратын. Ол “Италиялық жасақ”* деп аталатын әскери бөлімнің жүзбасы* еді.  Корнел бүкіл үй ішімен Құдайдан қорқатын діншіл адам болатын. Ол мұқтаждық көргендерге көп жақсылық жасайтын әрі Құдайға үнемі жалбарынып дұға ететін.  Күндізгі тоғызыншы сағат*+ шамасында ол аян алып, Құдай періштесінің келгенін анық көрді. Ол: “Корнел!”— деп тіл қатты.  Қорқып кеткен Корнел одан көз алмай қарап тұрып: “Тыңдап тұрмын, мырзам”,— деді. Сонда ол: “Сенің дұғаларың мен қайырымды істерің көкке жетіп, Құдай оларды ескерді+.  Сондықтан Иоппеге адам жіберіп, Петір деп те аталатын Шимон есімді кісіні шақырт.  Қазір ол теңіз жағасында тұратын Шимон атты тері илеушінің үйінде қонақта”,— деді.  Осыны айтқаннан кейін, періште кетіп қалды. Ал Корнел екі үй қызметшісін және өзіне қызмет етіп жүрген сарбаздардың ішінен Құдайды қастерлейтін біреуін шақырып алып,  оларға бәрін айтып берді де, Иоппеге аттандырды.  Келесі күні олар қалаға жақындап қалғанда, алтыншы сағат* шамасында Петір дұға ету үшін үйдің төбесіне көтерілді. 10  Бірақ оның қатты қарны ашып, тамақ жегісі келді. Ас дайындалып жатқанда, Петір аян алып+, 11  көктің ашылғанын және үлкен зығыр матаға ұқсас нәрсенің төрт бұрышынан ұсталған күйі жерге түсірілгенін көрді. 12  Онда жердегі алуан түрлі төрт аяқты жануарлар, бауырымен жорғалаушылар және аспандағы құстар бар екен. 13  Сонда: “Петір, орныңнан тұр да, сойып же!”— деген дауыс естілді. 14  Ал Петір: “Жоқ, Ием. Арам, таза емес нәрсені+ ешқашан жеген емеспін”,— деді. 15  Сонда әлгі дауыс екінші рет: “Құдай тазалағанды енді арам деп айтпа”,— деді. 16  Дауыс үшінші рет шыққаннан кейін, зығыр матаға ұқсас нәрсе дереу көкке әкетілді. 17  Петір бұл аян нені білдіруі мүмкін деп, аң-таң болып тұрғанда, Корнел жіберген кісілер Шимонның үйін сұрастырып, қақпа алдына келді+. 18  Олар үй иесін шақырып алып, Шимон Петір есімді кісінің бар-жоғын сұрады. 19  Петір көрген аяны туралы әлі ойланып тұрғанда, киелі рух+ оған: “Міне, сені үш кісі іздеп келді. 20  Орныңнан тұрып, төмен түс те, еш күмәнданбай сол адамдарға ер, өйткені оларды мен жібердім”,— деді. 21  Петір астыңғы қабатқа түсті де: “Сіздер іздеп жүрген кісі менмін. Мұнда не үшін келдіңіздер?”— деп сұрады. 22  Олар болса: “Бізді Корнел+ есімді жүзбасы жіберді. Ол — әділ, Құдайдан қорқатын және бүкіл яһуди халқының құрметіне бөленген кісі. Құдай оған періштесін жіберіп, сізді үйіне шақыртуды әрі айтар сөздеріңізді тыңдауды бұйырды”,— деді. 23  Сонда Петір оларды үйге кіргізіп, қонақ қылды. Ал келесі күні тұрып, олармен бірге жолға шықты. Иоппедегі кейбір бауырластар да бірге жүрді. 24  Петір Кесарияға ертесіне келіп жетті. Корнел болса туыстары мен жақын достарын жинап, оны күтіп отыр екен. 25  Петір келгенде, Корнел оның алдынан шығып, аяғына жығылды да, тағзым етті. 26  Бірақ Петір оны тұрғызып: “Тұрыңыз, мен де өзіңіз сияқты адаммын ғой”+,— деді. 27  Сосын екеуі әңгімелесіп, ішке кірді. Петір үйде көп адам жиналып отырғанын көріп, 28  былай деді: “Сіздер яһудидің басқа ұлт адамына жақындауына не араласуына заңымыз тыйым салатынын+ жақсы білесіздер. Алайда Құдай маған ешбір адамды арам не таза емес санамауым керектігін білдірді+. 29  Сондықтан мен шақырудан бас тартпай, осында келдім. Ал енді мені не үшін шақырдыңыздар, соны айтсаңыздар екен”. 30  Сонда Корнел былай деді: “Төрт күн бұрын үйде дұға етіп отырған едім. Уақыт қазіргідей тоғызыншы сағат* болатын. Кенеттен киімі жарқыраған бір кісі алдыма тұра қалып: 31  —Корнел, Құдай сенің дұғаларыңды естіп, мұқтаждарға жасаған қайырымды істеріңді ескерді. 32  Иоппеге адам жіберіп, Шимон Петірді шақырт. Бұл кісі қазір теңіз жағасында тұратын тері илеуші Шимонның үйінде+,— деді. 33  Осыны естіген соң, мен сізді бірден шақырттым. Мұнда келгеніңіз жақсы болды. Барлығымыз Ехоба сізге нені айтуды бұйырса, соның бәрін тыңдауға оның алдында жиналып отырмыз”. 34  Сонда Петір былай деп сөзін бастады: “Құдай ешкімді алаламайтынын+ енді шынымен біліп алдым. 35  Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады+. 36  Құдай Исраил халқына сөзін арнап, Иса Мәсіх арқылы келетін бейбітшілік* жайлы ізгі хабарды+, яки Исаның күллі халықтың Иесі+ екенін, жариялады. 37  Жақия шомылдыру рәсімі туралы уағыздағаннан кейін, Ғалилеядан+ бастап бүкіл Яһудеяда жұрттың нені әңгіме еткенін білесіздер: 38  Құдай назареттік Исаны киелі рухымен+ және құдіретімен майлады. Содан ол ел аралап, игі істер жасады және Ібіліс қинаған адамдардың+ барлығын сауықтырды, өйткені Құдай оған жар болды+. 39  Біз оның яһудилердің жерінде және Иерусалимде жасаған барлық істеріне куәміз. Алайда олар Исаны бөренеге іліп өлтірді. 40  Ал Құдай оны үшінші күні қайта тірілтіп+, өзгелерге көрсетті. 41  Ол барлығына емес, Құдай алдын ала тағайындаған куәгерлерге, яғни қайта тірілгеннен кейін онымен бірге ішіп-жеген біздерге ғана, көрінді+. 42  Сондай-ақ Құдай оны өлілер мен тірілерді соттауға тағайындағанын+ жұртқа уағыздауды және осы жайлы түбегейлі куәлік беруді бізге әмір етті+. 43  Пайғамбарлардың барлығы соған сенген әрбір адамның күнәлары оның есімі арқылы кешірілетінін+ айтып, куәлік еткен+”. 44  Петір осылар жайлы айтып жатқанда, бұл сөзге құлақ салып тұрғандардың барлығы киелі рухқа кенелді+. 45  Петірмен бірге келген сүндеттелген бауырластар Құдай сыйы киелі рухтың басқа ұлт адамдарына төгілгенін көріп таңғалды. 46  Себебі бұл адамдардың басқа тілдерде сөйлеп, Құдайды мадақтағанын естіді+. Сонда Петір: 47  “Біз сияқты киелі рухқа кенелген осы адамдардың суға шомылдыру рәсімінен өтуіне кім тыйым сала алады+?”— деді де, 48  оларға Иса Мәсіхтің атынан шомылдыру рәсімінен өтуді бұйырды+. Содан олар Петірден біраз күнге қалуын өтінді.

Сілтемелер

Немесе “когорта”. Бұл — 600 сарбаздан тұратын Рим жасағы.
Немесе “центурион”.
Шамамен түскі 15:00. Түсіндірмені қараңыз.
Шамамен күндізгі 12:00.
Шамамен түскі 15:00. Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “татулық”.