Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | САРЫУАЙЫМҒА САЛЫНБАУ МҮМКІН БЕ?

Өмірімізді уайымдау

Өмірімізді уайымдау

Алона есімді әйел былай дейді: “Дабыл даусын естігенде, жүрегім дүрсілдеп, бомбапанаға қарай жүгіремін. Бірақ ол жерде де жанымды қоярға жер таппаймын. Ал сыртта, еш қорғанышсыз жерде болсам, бойымды одан бетер қорқыныш билейді. Бірде көшеде келе жатқанда, дабыл қағылды. Сонда жасырынатын жер таппағаннан, жылап жібердім де, дем ала алмай қалдым. Өз-өзіме келу үшін бірнеше сағат керек болды. Ал сосын тағы да дабыл қағылды”.

Алона

Соғыс өмірге қауіп төндіретін кесапатты жаудың бірі ғана. Мысалы, өзіңіз не сүйікті адамыңыздың қауіпті дертке ұшырағаны жайлы хабар есту төбеден жай түскендей болуы мүмкін. Сондай-ақ бүгінде көп адам болашаққа үреймен қарайды. Олар: “Балаларымыз бен немерелеріміз соғыс, қылмыс, індет жайлаған, қоршаған ортасы ластанған, климаты өзгерген дүниеде өмір сүре ме?”— деп уайым жейді. Мұндай уайым тұңғиығына батып кетпеу үшін не істеу керек?

Қайғылы жайттардың орын алып жатқанын білген парасатты адам “қатерді көріп, бас сауғалайды” (Нақыл сөздер 27:12). Біз өзіміздің тәндік денсаулығымызды ойлап қана қоймай, психикалық және эмоциялық денсаулығымызды да ойлауымыз керек. Қатыгез көңіл көтеру түрлері, қорқынышты бейнелерге толы жаңалықтар уайымымызға уайым қосады және балаларымызға да жаман әсер етеді. Осындай жайттардан бойымызды аулақ ұстау өмір шындығынан қашуды білдірмейді. Құдай санамызды зұлымдық жайлы ойлау үшін жаратпаған. Қайта, біз оны “күллі шынайы,.. әділ де таза, сүйіспеншілік оятатын нәрселермен” толтыруымыз керек. Сонда “тыныштықтың Құдайы” санамыз бен жүрегімізге тыныштық ұялатады (Філіпіліктерге 4:8, 9).

ДҰҒАНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Шынайы сенім сарыуайымға салынбауға көмектеседі. Сондықтан Киелі жазбалар “дұға етуге әрдайым дайын болуға” шақырады (Петірдің 1-хаты 4:7). Өз жағдайымызда қолдан келгеннің бәрін істеу үшін Құдайдан көмек, даналық пен батылдық сұрағанымыз жөн. Одан “не сұрасақ та, құлақ асатынына” еш күмәнданбайық (Жоханның 1-хаты 5:15).

Күйеуі Авимен бірге

Киелі жазбаларда “осы дүние” Құдайдың емес, зұлымның, яғни Шайтанның билігінде екені анық айтылған (Жохан 12:31; Жоханның 1-хаты 5:19 сілтеме). Сондықтан да Иса дұғасында “Зұлымнан сақтай көр” деп Шайтан туралы айтқан (Матай 6:13). Алона тағы былай дейді: “Дабыл үнін естіген сайын, мен Ехобадан сезімге беріліп кетпеуге көмектесуін сұраймын. Күйеуім де маған қоңырау шалып, менімен бірге дұға етеді. Дұғаның күші шынымен зор”. Бұл сөздердің жаны бар, өйткені Киелі кітапта: “Ехоба... өзін шын жүректен шақыратындардың бәрінің жанында”,— делінген (Зәбүр 145:18).

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН БЕРІК ҮМІТ

Иса пайғамбар Таудағы уағызында: “Сенің Патшалығың келсін!”— деп дұға етуді үйреткен (Матай 6:10). Жуырда Құдай Патшалығы адамды аздырып-тоздыратын уайым атаулының түбіне балта шабады. Құдай “Тыныштық бекзадасы” Иса арқылы “жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады” (Ишая 9:6; Зәбүр 46:9). “Құдай халықтар арасында сот жүргізеді,.. Халық халыққа қарсы енді қайтып семсер көтермейді, олар соғысуды да үйренбейді... Ешкім де оларды қорқытпайды” (Миха 4:3, 4). Шаңырағынан шат күлкі кетпейтін отбасылар “үйлер салып, соларға қоныстанады, жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады” (Ишая 65:21). Сонда ешбір тұрғын: “Мен науқаспын”,— демейтін болады (Ишая 33:24).

Бүгінде қаншама сақтық шараларын жасамайық, қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайлардың барлығынан жан сауғалай алмаймыз (Уағыздаушы 9:11). Ғасырлар бойы тарихтың қайғылы беттерін толтырған соғыс, өлім, қатыгездік пен індеттер әлі де адамдардың өмірін аяусыз жалмап келеді. Құрбан болып кеткен осы бейкүнә жандар үшін қандай үміт бар?

Осы уақытқа дейін нақты қанша адам дүниеден озғанын бір Құдай ғана біледі. Алайда сол сансыз миллион адам жер бетінде қайтадан өмір сүретін болады. “Қабірдегілердің бәрі... шығатын” уақыт келгенше, олар Құдайдың кемелді жадында сақтаулы болады (Жохан 5:28, 29). Қайта тірілудің болатынына қатысты Киелі кітапта: “Жанымыздың зәкірі іспетті болған бұл үміт сенімді әрі берік”,— делінген (Еврейлерге 6:19). Оның үстіне, Құдай Исаны қайта тірілту арқылы барлық адамзатқа қайта тірілудің шынымен де болатынына “кепілдік берді” (Елшілердің істері 17:31).

Бүгінде Құдайға ұнамды өмір сүруге тырысатын адамдардың өзі де уайымға салатын жағдайларға кезігуде. Осы кіріспе мақалаларда сезімдерімен бөліскен Пол, Жанет пен Алона даналықпен әрекет ету, дұға ете отырып Құдайға жақындау және Киелі кітапта айтылған жарқын болашаққа үміттену арқылы сарыуайым азабына түспеуде. Оларға да сыйлағандай, “үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдеріңіз арқылы сіздерге де зор қуаныш пен тыныштық сыйласын!” (Римдіктерге 15:13).