Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Ертеде Рим әскерін басқарған жүзбасының қызметі қандай болған?

Маркус Фавоний Фасилис жүзбасының ескерткіші

Інжілде римдік жүзбасылары жайлы бірнеше рет сөз етіледі. Мысалы, Иса пайғамбардың жазаланғанын бақылап тұрған әскери кісі жүзбасының қызметін атқарған. Яһуди емес халықтардан мәсіхшілікке бірінші болып бет бұрған Корнел есімді кісі де жүзбасы болған. Сонымен қатар Құдайдың Пауыл есімді қызметшісіне дүре соққалы жатқанда, соны бақылап тұрған әскери адам және Пауылды Римге алып барған Юли есімді кісі де жүзбасы болған (Марқа 15:39; Елшілердің істері 10:1; 22:25; 27:1).

Жүзбасы әдетте 50—100 жаяу әскерден тұратын жасақты басқарған. Оның міндетіне сарбаздарды жаттықтыру, тәртіпке үйрету, киімдері мен сауыт-саймандарын тексеру және сапта тұрған әскерді басқару кірген.

Жүзбасы болу қатардағы сарбаз қол жеткізе алатын ең жоғарғы әскери шен болған. Бұл қызметке жақсы жетекші бола алатын білікті сарбаздар тағайындалатын. Рим қарулы күшінің тәртібі мен кәсібилігі соларға байланысты болған. Бір дерек көзіне сүйенсек, жүзбасылар негізінен “ең тәжірибелі әрі өз ісінің қыр-сырын жақсы меңгерген кісілер” болған.

Көне айналар қазіргідей болған ба?

Ежелгі мысырлықтардың айнасы

Бұрынғы айналар шыныдан емес, жақсылап жылтыратылған металдан жасалған. Олар әдетте қоладан, сондай-ақ мыс, күміс, алтын не электрумнан (күміс пен алтынның қоспасы) да жасалған болса керек. Киелі кітапта айналар бірінші рет Исраил халқының алғашқы ғибадат орны болған киелі шатырдың құрылысымен байланысты сөз етіледі. Сол уақыттары әйелдердің садақа еткен айналарын қасиетті үлкен қазан мен оның тұғырын жасау үшін қолданған (Мұсаның 2-жазбасы 38:8). Бұл үшін алдымен айналарды балқытқан көрінеді.

Исраил жері мен оның айналасында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде зергерлік бұйымдар сияқты әшекейлердің арасынан айналар да табылған. Мұндай айналар әдетте дөңгелек пішінді болып келген, ал сабы оюланған ағаштан, металдан немесе піл сүйегінен әйел затының мүсініне ұқсатып жасалатын. Айнаның екінші беті жылтыратылмайтын.

Көне айналар бейнені қазіргідей анық етіп көрсетпейтін. Б. з. І ғасырында өмір сүрген Құдайдың қызметшісі Пауылдың: “Қазір көріп жүргеніміз — темір айнадағы көмескі нобай ғана”,— деп айтқаны содан да болар (Қорынттықтарға 1-хат 13:12).