ӨМІРБАЯН
Көз жанарымен ғибадат ететін жан
Көзіңізден басқа ешбір дене мүшеңізді игере алмасаңыз, не сезінер едіңіз? Менің ағам Кайро осындай мүшкіл күйде. Бірақ ол мағыналы өмір кешіп жатыр. Оған үмітін үзбей, өмірден қуаныш ала білуге не көмектеседі дейтін шығарсыз. Бұған тоқталмас бұрын, оның мұндай күйге қалай түскенін айтып берейін.
Кайро спастикалық тетраплегия деген аурумен туылды *. Осының салдарынан ол дене мүшелерінің басым бөлігін игере алмайды. Оның миы бұлшық еттеріне анық белгілер бере алмағандықтан, қол-аяғы ырқына көнбей, майыса береді. Кейде Кайро қол-аяғын еріксіз сермеп, тіпті өзіне зақым келтіріп алады. Жанындағы адамдар да абай болмаса, бір жерлерін ауыртып алулары мүмкін. Бір өкініштісі — әлгіндей оқиғаларды болдыртпас үшін оның қол-аяғын жиі мүгедектер арбасына байлап қоюға тура келеді.
ЕСЕЙГЕНГЕ ДЕЙІНГІ АЗАПТЫ ЖЫЛДАР
Кайро өсіп-жетілгенше нағыз азапты күндерді бастан кешірді. Үш айлық кезінен бастап ол ұстаманың салдарынан ес-түссіз күйге түсетін болды. Мұндайда анам оны өліп қалды екен деп, кеудесіне қысып ұстап алатын да, ауруханаға жүгіре жөнелетін.
Денесіне көп салмақ түсірілгендіктен, уақыт өте келе Кайроның сүйектері қисая бастады. 16 жасында оның жамбасы орнынан қозғалып кетті. Содан жамбасына, сандары мен бөкселеріне күрделі ота жасау қажет болды. Әлі есімде, отадан кейін аяулы інім түн сайын жан даусы шығып қиналатын.
Кайро басқаларға толығымен тәуелді. Мысалы, ол тамақ ішу, киіну және ұйқыға жату сияқты күнделікті істерді өз бетінше істей алмайды. Әдетте оған анам мен әкем көмектеседі. Кайро көмекке үнемі мұқтаж болғанмен, ата-анам мына бір маңызды жайтты есіне салып отырады: оның өмірі тек адамдарға ғана емес, Құдайға да тәуелді.
ОЙ БӨЛІСУДІҢ ЖОЛЫ
Біздің ата-анамыз Ехоба куәгерлері болып табылады. Олар Құдайға жақындай түскен адамның өмірі әлдеқайда мағыналы болатынын қашан да жақсы білетін. Ата-анам әлсіз тәннің құрсауында болған Кайроға болашаққа деген жарқын да берік үмітке ие болуға көмектескісі келді. Сондықтан оған нәресте кезінен бастап Киелі кітаптағы әңгімелерді оқып келеді. Алайда ата-анам оның Киелі кітаптағы білімді қаншалықты түсініп жатқанын біле алмай дал болатын.
Бірде Кайро кішкентай болған кезінде әкеміз одан: “Кайро, маған бірдеңе деші”,— деп өтінді. Сосын: “Мені шын жақсы көрсең, сөйлеші!”— деді. Әкем кем дегенде бір сөз айтуды жалынып сұрағанда, Кайроның көзі жасқа толды. Сезімдерін
сөзбен айтып жеткізуге тырысқанмен, оның аузынан түсініксіз дыбыстар ғана шықты. Кайроны жылатқаны үшін әкем өзін кінәлі сезінді. Алайда Кайроның сол әрекетінен әкеміздің сөзін түсінгені көрінді. Мәселе тек оның сөйлей алмауында еді.Содан көп ұзамай ата-анамыз бір нәрсені байқады: Кайро кейде көзін ары-бері жылдам жүгірту арқылы ойлары мен сезімдерін білдіруге барынша тырысатын. Ол өз ойын әрдайым дұрыс жеткізе алмағанына ашуланатын. Бірақ ата-анамыз оның көзімен берген белгілерін түсіне бастады. Ал тілегін орындағанда, Кайроның жүзі жайнап салатын. Бұл оның рақмет айтқаны еді.
Логопед маман Кайроны жақсырақ түсіну үшін екі қолымызды қатар көтеруге кеңес берді. Оң қол “иә”, ал сол қол “жоқ” дегенді білдіреді. Інім қажетті қолға қадала қарау арқылы өз қалауын білдіретін болды.
ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСУ
Ехоба куәгерлері жылына үш рет конгрестер өткізіп тұрады. Ол жерде жиналған қалың жұртқа Киелі кітапқа негізделген баяндамалар айтылады. Шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған баяндаманы Кайро үнемі толқып отырып тыңдайтын. Бірде әкем 16 жасқа толған Кайродан: “Балам, шомылдыру рәсімінен өткің келе ме?”— деп сұрады. Сонда ол еш кідірместен әкемнің оң қолына қарап, осы қадамды жасағысы келетінін көрсетті. Сосын әкем: “Құдайға осы жайлы дұға етіп, оған мәңгі бақи қызмет еткің келетініңді айттың ба?”— деп сұрады. Кайро тағы да әкемнің оң қолына тура қарады. Осылайша оның өз өмірін Ехобаға бағыштап қойғаны анық болды.
Киелі кітаптың негізінде бірнеше рет әңгіме жүргізілген соң, Кайроның шомылдыру рәсімінен өтудің маңыздылығын түсінетіні анық болды. Сөйтіп, 2004 жылы ол “Құдайдың еркін орындау үшін бағышталдың ба?” деген өміріндегі ең маңызды сұраққа жоғары жаққа қарау арқылы “иә” деп жауап берді. Осылайша Кайро 17 жасында шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды.
ҚҰДАЙДЫҢ ІСТЕРІНЕ КӨЗ ТІГУ
2011 жылы Кайро көз арқылы басқарылатын компьютердің арқасында өз ойын білдірудің керемет мүмкіндігіне ие болды. Бұл құрылғыны көз қарашығының қимылы арқылы басқаруға болатындықтан, Кайро экрандағы белгішелерді өз бетімен іске қоса алады. Белгішеге тесіле қарау не көзді жыпылықтату компьютердің тышқанын басумен тең. Сондағы сурет таңбалары бар тақташа Кайроға өз ойын білдіруге көмектесу мақсатымен жасалды. Кайро таңбалардың біріне қарап көзін жыпылықтатқанда, арнайы бағдарлама
жазбаша мәтінді электронды дауысқа айналдырады.Кайроның Киелі кітаптан алған білімі молайған сайын, басқаларға рухани көмек беруге деген ықыласы да арта түсті. Біз апта сайын отбасымызбен бірге Киелі кітапты талқылаймыз. Талқылау барысында ол компьютерге және маған кезек-кезек қарап қояды. Осылайша ол менен қауым кездесуінде айтқысы келетін түсініктемесін жазып қоюды сұрайды.
Ал кездесу кезінде ол асықпай экранның бетін көзімен шолып, қажетті белгішені басады. Сонда құрылғыдан отырғандардың бәріне естілетін дауыс шығады. Қауымдағыларды осылай жігерлендірген сайын, оның жүзі де бал-бұл жайнайды. Кайроның Алекс есімді бір жас досы былай дейді: “Киелі кітапқа қатысты тақырыптарды талқылау кезінде Кайроның берген жауаптары маған қатты әсер етеді”.
Сондай-ақ Кайро көзінің көмегімен басқаларға өз нанымдары жайлы айтады. Қалай дейсіз ғой? Бұл үшін ол жануарлар мен барлық ұлт адамдарының әдемі бақта тату-тәтті жүргендері бейнеленген сурет-таңбаны басады. Сонда оның компьютерінен шыққан дауыс: “Киелі кітап жер бетінде жұмақ орнайтынын айтып, үміт береді. Енді қайтып ауру мен өлім болмайды, Аян 21:4”,— дейді. Егер оны тыңдаған адам қызығушылық білдірсе, Кайро тағы бір таңбаны басады. Сол кезде: “Сіз менімен Киелі кітапты зерттегіңіз келе ме?”— деген дауыс шығады. Бірде нағашы атамыз күтпеген жерден оның ұсынысын қабылдады. Кайроның Куәгер бауырластың көмегімен атамызға Киелі кітап ілімдерін ақырындап үйретіп жүргенін көруге біз сондай қуаныштымыз! Атамыз 2014 жылдың тамызында Мадридте өткен аймақтық конгресте шомылдыру рәсімінен өтті.
Кайроның Құдайға деген нық сенімі мектебіндегі мұғалімдердің назарынан тыс қалмады. Оған көмектесіп жүрген Росарио есімді логопед былай дейді: “Егер қандай да бір дінді қабылдауым керек болса, еш ойланбастан Ехоба куәгері болар едім. Жағдайы қаншалықты ауыр болса да, Кайро сенімінің арқасында өмірдің шын мағынасын тапты. Мен өзім бұған талай рет куә болдым”.
Ініме Киелі кітаптағы “Ақсақ адам еліктей секіреді, Мылқау қуана айғайлайды” деген уәдені оқыған сайын, оның көздері жайнап кетеді (Ишая 35:6). Еңсесі түсіп кететін кездері болып тұрғанмен, көп жағдайда оның көңіл-күйі жақсы. Оның бүкіл өмірі Құдаймен және бір сенімдегі бауырластармен тығыз байланысты болмағанда, бұл еш мүмкін болмас еді. Иә, Ехобаға қызмет ететін адамның өмірі қанша қиын болса да, мән-мағыналы бола алады. Кайроның өмірге деген оң көзқарасы мен берік сенімі — мұның айқын дәлелі.
^ 5-абзац Церебральді сал ауруы деген медициналық термин қимыл-қозғалысқа әсер ететін ми зақымына қатысты қолданылады. Бұл ауру ұстама, ас қабылдау бұзылысы мен тіл мүкістігіне әкелуі мүмкін. Спастикалық тетраплегия церебральді сал ауруының ең ауыр түрі болып табылады. Мұндайда науқас басын тік ұстай алмауы мүмкін және оның екі қолы мен екі аяғы қозғалмай қатып қалуы ықтимал.