Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
Күндердің күнінде бүкіл дүниені бір ғана үкімет билеуі мүмкін бе?
Дүниежүзілік үкіметтің адамзатқа қандай пайда әкеле алатынын ойлап көріңізші. Мысалы, бүгінде кейбіреулер ештеңеден тарықпай шалқып өмір сүрсе, көптеген басқа адамдар тақыр кедейшіліктен көз ашпайды. Бірақ жанашыр дүниежүзілік үкімет әрбір адамның қамын ойлар еді. Қалай ойлайсыз, адамдар осындай үкіметті күндердің күнінде орната ала ма? (Еремия 10:23 оқыңыз).
Тарихтан көрінетіндей, үкіметтер өз азаматтарының, әсіресе кедейлердің, жағдайын жасауда осалдық танытып келеді. Тіпті кейбір үкіметтер қатал саясат ұстанады (Уағыздаушы 4:1; 8:9). Бірақ Құдіреті шексіз Құдай барлық үкіметтердің орнын басатын үкімет орнатуды уәде етеді. Оның Билеушісі адамдар үшін шын қам жейтін болады (Ишая 11:4; Даниял 2:44 оқыңыз).
Құдай Патшалығы нендей жайттарға қол жеткізеді?
Ехоба Құдай Билеуші болуға әбден лайық тұлғаны, өзінің рухани Ұлы Исаны, таңдады (Лұқа 1:31—33). Ол жер бетінде өмір сүрген кезінде адамдардан көмегін еш аямаған. Патша ретінде ол барлық халықтан шыққан адамдарды біріктіріп, қайғы-қасірет атаулыдан арылтады (Зәбүр 72:8, 12—14 оқыңыз).
Әрбір адам Исаны Билеушісі ретінде мойындап жатыр ма? Жоқ. Бірақ Ехоба — шыдамды Құдай (Петірдің 2-хаты 3:9). Ол адамдарға Исаны Билеушілері ретінде қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Көп ұзамай Иса бүкіл жер бетін жамандық жасайтындардан тазартып, бейбітшілік пен тыныштық орнатады (Миха 4:3, 4 оқыңыз).