КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
Киелі кітаптағы шындық сусынымды қандырды
-
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1987
-
ЕЛІ: ӘЗІРБАЙЖАН
-
ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ӘКЕСІ ИСЛАМ ДІНІН, АНАСЫ ИУДАИЗМ ДІНІН ҰСТАНҒАН
ӨМІРБАЯНЫМ:
Мен Баку қаласында (Әзірбайжан) дүниеге келдім. Үйдің екінші перзентімін. Әкем ислам, ал анам иудаизм дінін ұстанатын. Олар бір-бірін жақсы көргендіктен, бір-бірінің дініне құрмет танытатын. Рамазан айында анам әкеммен бірге ораза ұстаса, әкем анама пасханы тойлауға қарсылық білдірмейтін. Біздің үйде Құран да, Тәурат та, Киелі кітап та болған.
Мен өзімді мұсылман санайтынмын. Құдайдың бар екеніне ешқашан күмәнданбасам да, мені мазалайтын жайттар бар еді. “Құдай адамдарды не үшін жаратты? Өмір бойы қасірет шегіп, ақырында тозақ отына түсудің не мәні бар?” деген сұрақтарым көкейімді тесіп жүрген болатын. Барлық нәрсе Құдайдың жазғанымен болады дегенді естігенде, “сонда Құдай адамдарға қайғы-қасірет жіберіп, сосын олардың қиналғанынан ләззат ала ма?” деген ой келетін.
Жасым 12-де болғанда, мұсылмандардың парызы саналатын бес уақыт намаз оқи бастадым. Шамамен сол уақытта әкем әпкем екеумізді иудаизм мектебіне оқуға жіберді. Оқитын пәндеріміздің кейбірінде Тәурат дәстүрлерін және еврей тілін үйренетінбіз. Сабақтар басталмас бұрын, бізден күнде еврей дәстүріне сай дұға ету талап етілетін. Сөйтіп, таңертең үйде намаз оқысам, мектепте басқалармен бірге иудаизм діні бойынша дұға ететінмін.
Мен сұрақтарыма қисынды жауаптар іздеумен болдым. Мектептегі мұғалімдерге қайта-қайта сұрақтар қойып: “Құдай адамдарды не үшін жаратты? Құдай менің мұсылман әкеме қалай қарайды? Ол жақсы адам ғой, неге таза емес деп есептелу керек? Сонда Құдай оны не үшін жаратты?”— дейтінмін. Бірақ олардың берген аз ғана жауабының өзі қисынсыз көрінетін әрі көзімді ештеңеге жеткізбейтін.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
2002 жылы Құдайға деген сенімім әбден шайқалды. Германияға қоныс аударғанымызға бір апта болғанда, әкем инсульт алып, ессіз күйге (комаға) түсті. Жылдар бойы отбасымның денсаулығы мен амандығын сұрап, Құдайға сиынатынмын. Құдіретті Құдай өмірге де, өлімге де әмір жүргізе алады деп ойлаған мен күн сайын оған әкемнің өмірі үшін жалбарынумен болдым. “Кішкентай
қыздың шын жүректен сұраған өтінішін орындау Құдай үшін түк емес қой” деп ойлайтынмын. Оның осы бір жалбарынған үніме құлақ түретініне сенімді болған едім. Бірақ әкем қайтыс болды.Адамдармен не болып жатқаны Құдайға бәрібір деп ойлап, мен қатты құлазыдым. “Я мен дұрыс дұға етпей жүрмін, я Құдай жоқ” деп ойладым. Содан қатты көңілім қалып, мүлдем намаз оқымайтын болдым. Ал басқа діндер мен үшін мән-мағынасыз еді. Ақырында, мен Құдай жоқ деген тоқтамға келдім.
Алты айдан кейін Ехоба куәгерлері біздің есігімізді қақты. Мәсіхшілікке деген құрметіміз аса жоғары болмағандықтан, әпкем екеуміз ізетпен олардың адасып жүргендерін айттық. Біз олардан: “Қалайша мәсіхшілер Он заңға қайшы бола тұра, Исаға да, айқышқа да, Мәриямға да, басқа пұттарға да табынады?”— деп сұрадық. Сонда Ехоба куәгерлері бізге Киелі жазбалардан бұлтартпас дәлелдер келтіріп, шынайы мәсіхшілерге пұтқа табынуға тыйым салынғанын және дұғалар тек Құдайға арналу керектігін айтты. Бұл мені қатты таңғалдырды.
Кейін біз олардан: “Үштік сенім туралы не дейсіздер? Егер Иса Құдай болса, қалайша ол жерге келген және адамдардың қолынан өлген?” — деп сұрадық. Олар қайтадан Киелі кітапты қолданып, Исаның Құдай емес екенін, тіпті оған тең келмейтінін айтып түсіндірді. Олар осы себепті алға тартып, үштік туралы ілімге сенбейтіндерін айтты. Аузым ашылып қалған мен ішімнен “мыналар өздері біртүрлі мәсіхшілер екен” деп ойладым.
Адамдардың не себептен өлетіні және Құдайдың неліктен қайғы-қасіретке көз жұмып отырғаны көкейімнен еш кетпеді. Әлгі Ехоба куәгерлері маған “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” * деген кітапты көрсетті. Бұл кітаптың тараулары менің барлық сұрақтарыма жауап болды. Олар еш кідірместен менімен Киелі кітап зерттеу сабағын бастады.
Әр зерттеу кезінде мен өзімнің сұрақтарыма Киелі кітаптан ақылға қонымды жауаптар алдым. Сондай-ақ Құдайдың есімі Ехоба екенін білдім (Зәбүр 83:18). Оның ең басты қасиеті риясыз сүйіспеншілік екен (Жоханның 1-хаты 4:8). Ол өмір сыйымен бөліскісі келгендіктен, адамдарды жаратқан. Тағы бір түсінгенім — Құдай әділетсіздікке жол бергенмен, оны жек көреді әрі жақында мәңгілікке жояды. Сондай-ақ Адам ата мен Хауа ананың бүлік шығарғаны бүкіл адамзатқа қайғы-қасірет әкелгенін білдім (Римдіктерге 5:12). Сол қасіреттің арасында мені әкемнен айырған өлім де бар. Бірақ Құдай болашақта орнайтын жаңа өмірде мұндай қайғы-қасіретті біржолата жояды және қайтыс болған адамдарға қайтадан өмір сыйлайды (Елшілердің істері 24:15).
Осылайша Киелі кітаптағы шындық менің сусынымды қандырды. Мен қайтадан Құдайға сене бастадым. Ехоба куәгерлерін жақсырақ білген сайын, олардың дүниежүзілік бауырластық екеніне көзім жете түсті. Араларындағы бірлік пен сүйіспеншілік мені баурап алды (Жохан 13:34, 35). Ехоба туралы білгенім оған қызмет етуіме қозғау салды. Сөйтіп, мен Ехоба куәгері болуды шешіп, 2005 жылдың 8 қаңтарында шомылдыру рәсімінен өттім.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Киелі кітаптағы қисынды дәлелдер өмірге деген көзқарасымды жақсы жаққа өзгертті. Сондай-ақ жан дүнием нағыз тыныштыққа бөленді. Құдай Сөзінде уәде етілген қайта тірілу кезінде әкемді қайта көретінім маған үлкен қуаныш пен жұбаныш сыйлайды (Жохан 5:28, 29).
Құдайды жақсы көретін күйеуім Жонатанмен отау құрғаныма алты жыл болды. Екеуміз үшін Құдай туралы шындық ақылға қонымды да қарапайым. Біз оны асыл қазынаға балаймыз. Сол себепті семсерлі сеніміміз бен үкілі үмітіміз жайлы өзгелерге айтуды абырой көреміз. Бүгінде Ехоба куәгерлері мен үшін “біртүрлі мәсіхшілер” емес, шынайы мәсіхшілер.
^ 15-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған, бірақ қазір басылмайды.