НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙ ЖЕКЕ СІЗГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕ МЕ?
Құдай сізге көз қырын салады
“Тәңір әрқашан пенденің істеріне назар аударады. Оның басқан әрбір қадамын көріп отырады” (ӘЙҮП 34:21).
НЕГЕ КЕЙБІРЕУЛЕР БҰҒАН КҮМӘНДАНАДЫ? Соңғы зерттеулер бойынша, тек біздің галактикамыздың өзінде 100 миллиард планета бар. Ғаламның шексіздігін ескере отырып, көптеген адамдар: “Құдіретті Жаратушы кіп-кішкентай планетада тұратын пенделердің не істеп жатқанына назар аудара ма?”— дейді.
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ НЕ ДЕЛІНГЕН? Ехоба Құдай бізге Киелі кітапты беріп қойып, кейін бізді жөнімізге жібере салған жоқ. Қайта ол: “Сені таса қылмай көзімнен, әрдайым жетелеп жүремін”,— деген (Забур 31:8).
Б. з. б. ХХ ғасырда өмір сүрген мысырлық әйел Ажардың мысалын қарастырайық. Ажар қожайыны Сарайды құрметтемегендіктен, Сарай оған қысым көрсете бастайды. Ақырында ол шөл далаға қашып кетеді. Қателік жасағаны үшін Құдай Ажарға көңіл бөлмей қойды ма? Киелі кітапта: “Жаратқан Иенің періштесі Ажарды тауып алды”,— деп жазылған. Періште оған: “Жаратқан Ие сенің зарыңа құлақ асты”,— деп жігер береді. Сонда Ажар Ехобаға: “Маған көз қырын салатын Құдайсың”,— дейді (Жаратылыс 16:4—13).
“Көз қырын салатын Құдай” сізге де назар аударады. Мысалы, қамқор ана әсіресе кішкентай баласына көп көңіл бөледі, өйткені кішкентай бала ата-анасының қамқорлығына көбірек мұқтаж. Сол сияқты, Құдай рухымыз күйреген әрі әлсіз сезінген кезімізде бізге әсіресе көп көңіл бөледі. Ол былай дейді: “Мен көктегі киелі мекенімде тұрамын. Сондай-ақ күйреп, күнәсіна шын көңілден өкінген кішіпейіл жанның қасында боламын. Оны қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегін сауықтырамын” (Ишая 57:15).
Десе де сізді мынадай сұрақтар мазалауы мүмкін: “Құдай маған назар аударғанда не көреді? Ол мені бет-жүзіме қарап бағалай ма, әлде ішкі дүниемді көріп, шынымен қандай адам екенімді түсіне ме?”