Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | БОЛАШАҚТЫ БІРЕУ БІЛЕ АЛА МА?

Болжамдардың кейбірі дұрыс, ал көбісі бұрыс

Болжамдардың кейбірі дұрыс, ал көбісі бұрыс

Болашақта не болатынын білгіңіз келер ме еді? Бұл көпшілікті қызықтыратын сұрақ. Көп адамдар болашақта не болатынын болжауға тырысады. Бірақ бұл болжамдардың нәтижесі әртүрлі болып жатады. Солардың кейбіріне тоқталып өтейік:

  • ҒАЛЫМДАР күрделі құрылғыларды қолданып, көп ақша жұмсап, “Табиғаттың ластануы жерге қалай әсер етеді?” немесе “Ертеңгі күн жаңбырлы бола ма?” деген сияқты жайттарды болжайды.

  • КӘСІБИ АНАЛИТИКТЕР бизнес пен саясаттың бағытына қатысты болжамдар айтады. Дүниежүзіндегі бай инвесторлардың бірі Уоррен Баффет бизнес бағытын тура болжай алғаны үшін “сәуегей” деген атқа ие болған. Нейт Сильвер деген тағы бір аналитик түрлі статистикаларды сараптап, Құрама Штаттардың саясатынан бастап Голливуд кино жүлделеріне дейінгі кез келген жайттарға қатысты жорамалдар айта алған.

  • КӨНЕ ҚОЛЖАЗБАЛАР біздің күндерімізде орындалуы керек пайғамбарлықтар ретінде қарастырылып жатады. Кейбір адамдар XVI ғасырда өмір сүрген Мишель Нотрдамның (Нострадамус) көмескі жазбаларындағы жайттар бүгінде орындалып жатыр деп сенеді. Кейбіреулер Майя күнтізбесінің 2012 жылдың 21 желтоқсанымен аяқталғанын дүниежүзілік апаттың болатынымен байланыстырып, болжамдар жасаған.

  • ДІНИ ЖЕТЕКШІЛЕР кейде дүниежүзілік қайғылы оқиғалар болатыны жайлы жорамалдап, жұртты ескертеді және бір сенімдегілерін жинайды. Қиямет-қайым болжаушысы Гарольд Кемпинг пен оның ізбасарлары 2011 жылы жер жойылатыны жайлы қалың жұртқа жариялаған болатын. Алайда өзіміз көріп тұрғандай, планетамыз қаз-қалпында тұр.

  • КӨРІПКЕЛДЕР болашақты болжайтын ерекше қабілеттерінің бар екенін айтады. Эдгар Кейси мен Джейн Диксон атты көріпкелдер XX ғасырда болған оқиғалар жайлы бірнеше дұрыс болжам айтқан. Алайда олар көп рет қате болжамдар да айтқан. Мысалы, Диксон 1958 жылы Үшінші дүниежүзілік соғыс болады деп жорамалдаса, Кейси 1970 жылдардың ортасында Нью-Йорк мұхит астында қалады деп болжаған болатын.

Сонымен, болашақты білудің сенімді жолы бар ма? Бұл сұрақтың жауабын білу өте маңызды. Өйткені болашақта не болатынын алдын ала білгеніңіз өміріңізге және қабылдайтын шешімдеріңізге әсер етері сөзсіз.