Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙДАН АЛЫСТАТАТЫН ЖАЛҒАН ҰҒЫМДАР

Құдайды құпия етіп көрсететін жалған ұғым

Құдайды құпия етіп көрсететін жалған ұғым

КӨП АДАМ НЕ НӘРСЕГЕ СЕНЕДІ?

“Римдік Католицизм, Шығыс Православ пен Протестантизм деген христиан дінінің үш негізгі ағымы Құдай үш тұлғадан — Әке Құдай, Ұл Құдай және Киелі рух Құдайдан — тұрады дегенге сенеді. Христиан теологиясы бойынша, осы ілім үш тұлғаны жеке дара құдайлар деп емес, үшеуі де бір Құдайды құрайды деп түсіндіреді” (“Жаңа британия энциклопедиясы”).

КИЕЛІ КІТАПТА ЖАЗЫЛҒАН ШЫНДЫҚ.

Құдайдың рухани Ұлы Иса ешқашан да өз дәрежесін Әкесінікімен тең не бірдей деп санамаған. Қайта, ол: “Әкеме бара жатқаныма қуанар едіңдер, себебі Әкем менен ұлы”,— деген (Жохан 14:28). Сондай-ақ Иса өз ізбасарларының біріне: “Мен өзімнің және сендердің Әкелеріңе, өзімнің және сендердің Құдайларыңа көтерілемін”,— деген болатын (Жохан 20:17).

Киелі рух тұлға емес. Ертедегі мәсіхшілер “киелі рухқа кенелген” болатын және Ехоба Құдай: “Киелі рухымды әрбір адамға төгемін”,— деген (Елшілердің істері 2:1—4, 17). Киелі рух үштіктің бір бөлігі емес, қайта, Құдайдың құдіретті күші болып табылады.

НЕГЕ МҰНЫ БІЛУ МАҢЫЗДЫ?

Карл Ранер және Херберт Форгримлер есімді католик дінін зерттеген ғалымдар адамдардың үштік ілімін “аян берілмесе, түсіне алмайтынын, тіпті аян алғанның өзінде оны толықтай ұғына алмайтынын” айтқан. Сіз танып-білу не түсіну мүмкін емес адамды сүйе алар ма едіңіз? Үштік ілімі Құдайдың қандай екенін білуге және оны жақсы көруге кедергі етеді.

Алдыңғы мақалада сөздері келтірілген Марко үштік ілімінің Құдайды танып-білуіне кедергі еткенін айтты. Ол былай дейді: “Құдай менен өз болмысын жасырғандай болды, әрі бұл ілім маған Құдайды тым алыс, құпияға толы әрі оған жақындау мүмкін еместей етіп көрсетті”. Алайда Киелі кітапта Құдай жайлы: “Ол әрқайсымыздан алыс емес”,— делінген (Елшілердің істері 17:27). Ол бізден өзінің қандай Құдай екенін жасырмайды, қайта, өзін танып-білгенімізді қалайды. Иса пайғамбар: “Біздің ғибадатымыз білімге негізделген”,— деді (Жохан 4:22).

Марко сөзін жалғап: “Құдай үштіктің бір бөлігі емес екенін білгенімде, онымен жеке қарым-қатынас дамыта алдым”,— дейді. Егер Ехоба Құдайға құпияға толы бейтаныс біреу деп емес, дара Тұлға ретінде қарайтын болсақ, оны сүю бізге әлдеқайда жеңіл болады. Киелі кітапта былай делінген: “Сүймейтін адам Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8).