Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
Құдай барлық дұғаларды ести ме?
Құдай барлық ұлттардан шыққан адамдардың дұғаларын естиді (Забур 144:18, 19). Оның Сөзі Киелі кітап бізді барлық уайымымызды оған айтуға шақырады (Філіпіліктерге 4:6, 7). Десе де кейбір дұғалар Құдайға ұнамайды. Мысалы, жаттанды дұғаларды қайталап айта беру оған ұнамсыз (Матай 6:7 оқыңыз).
Сондай-ақ Ехоба Құдай оның заңдарын әдейі орындамайтын адамдардың дұғасын тыңдамайды (Нақыл сөздер 28:9). Мысалы, Құдай ежелгі кезде адам өліміне кінәлі болған исраилдіктердің дұғаларына құлақ асудан бас тартқан. Иә, Құдай біздің дұғаларымызды естігенін қаласақ, оның талаптарына сай болуымыз керек (Ишая 1:15 оқыңыз).
Құдай дұғаларымызға құлақ асуы үшін не істеу керек?
Сеніміміз болмаса, Құдайға дұға арқылы жақындай алмаймыз (Жақып 1:5, 6). Біз оның бар екеніне және қамымызды ойлайтынына сенімді болуымыз керек. Ал сенімімізді нығайту үшін бізге Киелі кітапты зерттеу керек, өйткені шынайы сенім Құдай Сөзінде жазылған айғақтар мен уәделерге негізделеді (Еврейлерге 11:1, 6 оқыңыз).
Біз шын жүректен әрі кішіпейілділікпен дұға етуіміз керек. Мысалы, Құдайдың адал қызметшісі Ыбырайым оған кішіпейілділікпен жалбарынған (Жаратылыс 18:27). Сондықтан Құдайға не істеу керектігін айтудың орнына, Киелі кітапты оқу арқылы оның талаптарын түсінуге тырысуымыз керек. Сонда біз оның еркіне сай дұға ете аламыз (Жоханның 1-хаты 5:14 оқыңыз).