Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕП ӘҢГІМЕЛЕСУ

Құдай біздің қайғы-қасірет шегіп жатқанымызға қалай қарайды?

Құдай біздің қайғы-қасірет шегіп жатқанымызға қалай қарайды?

Төменде Ехоба куәгерлерінің әдетте адамдармен қалай әңгімелесетінінің үлгісі келтірілген. Ехоба куәгерінің есімі Майра, ал үй иесінің есімі Салтанат делік.

ОЛ БҰҒАН НЕГЕ ЖОЛ БЕРДІ?

Майра: Бүгін мен адамдардың назарын мына мәліметке аударып жүрмін. Ол “Шындықты білгіңіз келе ме?” деп аталады.

Салтанат: Сіз Құдай жайлы айтып жүрсіз бе?

Майра: Иә. Мұқабадағы алты сұраққа назар аударыңызшы. Бұл сұрақтардың қайсысы сізді...

Салтанат: Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Менімен сөйлесіп, уақытыңызды босқа кетірмей-ақ қойыңыз.

Майра: Неге екенін білуге бола ма?

Салтанат: Шынымды айтсам, мен Құдайдың бар екеніне сенбейтін сияқтымын.

Майра: Ойыңызды ашық айтқаныңыз үшін рақмет. Ал сіз бұрыннан осындай ойдасыз ба?

Салтанат: Жоқ, мен кішкентайымнан діндар адам болатынмын. Бірақ кейіннен Құдайға сенуден қалдым.

Майра: Түсінікті. Өзімді таныстыра кетейін. Менің есімім — Майра. Сіздің есіміңіз кім болады?

Салтанат: Салтанат.

Майра: Танысқаныма қуаныштымын.

Салтанат: Мен де.

Майра: Мен сізді өз дініме бет бұрғызу үшін келген жоқпын. Бірақ сіздің Құдайдың бар екеніне күмәндануыңызға не себеп болғанын білуге бола ма?

Салтанат: Осыдан 17 жыл бұрын анам жол апатына ұшыраған еді.

Майра: Оған зақым келген бе еді?

Салтанат: Иә, ол мүгедек болып қалды.

Майра: Өте өкінішті екен. Бұл жаныңызға қатты батқан болар.

Салтанат: Иә. Сондықтан мен “Құдай бар болса, бұған неге жол берді?” деп ойланамын. Неге Құдай біздің осылай қайғы-қасірет шегуімізге жол беріп отыр?

МҰНДАЙ СҰРАҚ ҚОЙҒАН ОРЫНДЫ МА?

Майра: Сіздің сезімдеріңізді түсінуге болады және мұндай сұрақтар қойғанда тұрған ештеңе жоқ. Өйткені қиналған кезімізде “Неге бұлай болып жатыр?” деген сұрақ еріксіз туындайды. Мұндай сұрақтар тіпті Құдайдың ежелгі адал қызметшілерін де мазалаған.

Салтанат: Шынымен бе?

Майра: Иә. Сізге Киелі жазбалардан бір үзінді оқып берсем бола ма?

Салтанат: Не туралы?

Майра: Аббақұқ есімді адал пайғамбардың Құдайға қандай сұрақ қойғаны жайлы. 1-тараудың 2 және 3-інші тармақтарына назар аударыңызшы: “Уа, Жаратқан Ие, қашанғы мен көмек сұрап, Сен құлақ салмай қала бересің? “Барлық жерде зорлық!” деп қанша шағымдансам да, Сен құтқармайсың. Неге мені әділетсіздікке қарауға, зұлымдықты көруге мәжбүрлейсің?”— деген. Бұл сұрақтар сіздің қойған сұрағыңызға ұқсайды емес пе?

Салтанат: Иә, ұқсайды екен.

Майра: Осындай сұрақтар қойғаны үшін Құдай Аббақұқты сөкпеді. “Сенімің әлсіз” демеді де.

Салтанат: Қызық екен.

ЕХОБА БІЗДІҢ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ ШЕККЕНІМІЗДІ ҚАЛАМАЙДЫ

Майра: Киелі кітапта біздің қайғы-қасірет шегіп жатқанымыз Құдайдың назарынан тыс қалмайтыны жазылған.

Салтанат: Рас па?

Майра: Сізге тағы бір жазба орнын көрсетейін деп едім. Мысырдан шығу 3:7-де жазылған сөздерді оқып жібересіз бе?

Салтанат: Жарайды. “Жаратқан Ие: — Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, олардың айдаушыларынан қаналып, қинала айқайлағандарына құлақ салып келемін; олардың көрген азаптарын түгел білемін”.

Майра: Рақмет. Бұл сөздер Құдай өз халқының қиыншылық көріп жатқанына назар аударатынын көрсетеді емес пе?

Салтанат: Иә, солай сияқты.

Майра: Құдай адамдармен не болып жатқанын үстіртін біліп қана қоймайды. Құдайдың айтқан мына сөздеріне тағы бір рет назар аударыңызшы: “Олардың көрген азаптарын түгел білемін”. Құдай немқұрайды, сезімсіз болса, осындай сөздерді айтар ма еді?

Салтанат: Әрине, жоқ.

Майра: Алайда ол біздің қайғы-қасірет шегіп жатқанымызға назар салып қана қоймайды, біз қайғырғанда, ол да қайғырады екен.

Салтанат: Шынымен бе?!

Майра: Иә. Осыны есте ұстай отырып, Құдайдың халқы қиналғанда болған тағы бір жағдайға назар аударайықшы. Ол Ишая 63:9-да жазылған. Бұл жазба орнының бірінші жартысында былай делінген: “Олар азап шеккен кездің бәрінде Жаратқан Ие бірге азап шекті”. Бұл сөздерден халқының азабы Құдайдың жанына бататыны көрінеді емес пе?

Салтанат: Иә.

Майра: Шындығында келгенде, Салтанат, Құдай біздің қамымызды ойлайды және қайғы-қасірет шеккенімізді қаламайды. Біз қайғырғанда, ол да қайғырады.

НЕГЕ ОЛ ӘРЕКЕТ ЕТПЕЙДІ?

Майра: Әңгімеміздің соңында сізбен тағы бір оймен бөлісейін деп едім.

Салтанат: Қандай оймен?

Майра: Киелі кітапта Құдайдың құдіреті жайлы не делінгеніне назар аударайықшы. Ол Еремия 10:12-де жазылған. Өзіңіз оқып жіберіңізші?

Салтанат: “Ал Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, дүниені даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді”.

Майра: Рақмет. Бұл сөздерге тоқталып кетейікші. Ұлан-ғайыр ғаламымыз бен ондағының бәрін жарату үшін Құдайға зор құдірет керек болғанымен келісетін шығарсыз.

Салтанат: Әрине.

Майра: Демек, айналамыздағының бәрін жаратуға Құдайдың құдіреті жетсе, онда сол жаратылыстарын қадағалауға да оның күші жетеді емес пе?!

Салтанат: Иә, солай.

Майра: Мысалы, анаңыздың қиналғанын көру неліктен сіздің жаныңызға батады?

Салтанат: Өйткені ол менің анам, мен оны жақсы көремін.

Майра: Егер оны сауықтыру қолыңыздан келсе, сөйтер ме едіңіз?

Салтанат: Иә, әрине.

Майра: Енді мына жайлы ойлап көрейік. Киелі кітапта біздің қайғы-қасірет шеккеніміз Құдайдың назарынан тыс қалмайтыны, бізге жаны ашитыны әрі оның құдіреті шексіз екені жазылған. Олай болса, қайғы-қасіретті бірден жоймай, күте тұру үшін Құдайға қаншалықты шыдамдылық қажет десеңізші!

Салтанат: Бұл жайлы ешқашан ойлап көрмеппін.

Майра: Демек, Құдайдың қайғы-қасіретке жол беруінің келелі себебі бар деп ойлау қисынды емес пе?! *

Салтанат: Ым-м. Солай шығар.

Майра: Сізге біреу қоңырау шалып жатқанға ұқсайды. Әңгімемізді жалғастыру үшін келесі жолы келсем, қалай қарайсыз?

Салтанат: Иә, келіңіз. *

Сізді Киелі кітаптағы қандай да бір тақырып қызықтыра ма? Ехоба куәгерлерінің ілімдері немесе іс-шаралары жайлы білгіңіз келе ме? Онда Ехоба куәгерлерінің бірін кездестіргенде, бұл туралы қысылмай сұрасаңыз болады. Ол сіздің сұрақтарыңызға қуана-қуана жауап береді.

^ 61-абзац Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 11-тарауын қараңыз.

^ 64-абзац Келесі мақалада “Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?” деген сұрақ қарастырылатын болады.