Бейбіт халық жақсы атын қорғап қалғысы келеді
РЕСЕЙ АЗАМАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА: “Күзет мұнарасы” журналы дүниежүзі бойынша ең көп тілге аударылатын және ең көп таратылатын журнал. 188 тілге аударылып, 40 миллионнан астам данада жарық көретін бұл мақала жер бетіндегі 230-дан астам елдің миллиондаған халқын Ресей елінде діни сенім бостандығы аяқасты етіліп жатқаны туралы хабардар етеді. Билік басындағылардың кейбірі Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің ахуалы қалың бұқараға мәлім болғанын қаламайды. Сөйтсе де Иса пайғамбар айтқандай, “Жақсылап жасырылған нәрсенің бәрі ашылады, ал кез келген құпия мәлім болады” (Лұқа 12:2).
ЕКІ МЫҢ ТОҒЫЗЫНШЫ жылдың желтоқсан айында және 2010 жылдың қаңтар айында Ресейдің екі Жоғарғы соты Ехоба куәгерлерін экстремистік діни ағым деп жариялады. Тарих қайталанып жатқан сияқты. Кеңес Одағы кезінде Ресейдегі мыңдаған Куәгерлер еш негізсіз “халық жауы” деп айыпталған еді. Оларды жер аударды, абақтыға жапты, сондай-ақ еңбекпен түзеу лагерьлеріне айдады. Алайда коммунизм жүйесі құлаған соң, жаңа үкімет Ехоба куәгерлерін ақтап шықты, сөйтіп олар жақсы атқа қайта ие болды *. Ал қазір кейбіреулер Куәгерлерді қайтадан қаралағысы келетін сияқты.
2009 жылдың басында кейбір билік басындағылар Ехоба куәгерлерінің діни бостандығына қол сұға бастады. Бір ғана ақпан айында прокуратура өкілдері Куәгерлердің тарапынан заң бұзушылық фактілерін тапқысы келіп, мемлекет бойынша 500-ден астам тергеу істерін жүргізді. Кейінгі айларда полиция қызметкерлері Патшалық сарайлары мен жеке үйлерде өткізіліп жатқан бейбіт діни жиналыстарды тоқтатып, ондағы әдебиеттер мен жеке мүліктерді тәркіледі. Куәгерлерге көмектеспекші болған шетелдік заңгерлер елден қуылып, қайта кіргізілмейтін болды.
2009 жылдың 5 қазанында Санкт-Петербургке жақын шекарадағы кеден қызметкерлері Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді ұстап қалды. Бұл әдебиеттер
Германияда басылып, Ресейдегі Куәгерлердің көптеген қауымдарына жіберілген еді. Жүкті тексеру Ресейдің кеден қызметінің қауіпті контрабандалық тауарларды анықтайтын арнайы бөліміне тапсырылды. Неліктен? Кеден қызметінің ресми құжатында бұл жүктің ішінде “дінаралық жеккөрушілік оятатын мәліметтер болуы мүмкін” делінген болатын.Көп кешікпей-ақ мұндай қудалау үрдіс ала бастады. Ресей Федерациясы мен Алтай Республикасының (Ресейге қарасты) Жоғарғы соттары Куәгерлердің біраз басылымдарын, оның ішінде қазір сіз ұстап отырған журнал да бар, экстремистік басылым деп жариялады. Ехоба куәгерлері шағым түсіріп, бүкіл әлем жұртшылығы осы жайтқа қатысты алаңдаушылық білдіргенімен, сот өз үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сөйтіп, Ресей аумағына бұл әдебиеттерді әкелу әрі тарату заңмен қудаланатын болды.
Өздерін жаманатты етіп, атқарып жүрген істеріне шек келтіретін мұндай әрекетке Куәгерлер қалай қарады екен? Сондай-ақ Соттың мұндай шешімдері барлық ресейліктердің діни сенім бостандығына қалай әсер етеді?
Күшейіп жатқан қуғын-сүргіннің кезінде шұғыл әрекет ету
2010 жылдың 26 ақпанында, жұма күні, Ресейдегі 160 мыңдай Ехоба куәгері арнайы мәлімет жазылған қағаздың 12 миллион данасын үлестірді (Атауы: “История повторяется? Вопрос к россиянам”). Мысалы, Усолье-сибирское қаласында жүздеген Куәгер, олардың ішінде 1951 жылы Сібірге жер аударылғандар да бар, таңғы 5:30-да 40 градустық аязға қарамай көшеге шығып, аталмыш қағаздың 20 000 данасын таратты.
Үш күндік науқан туралы хабарлама жасау үшін Ехоба куәгерлері Ресей астанасы Мәскеуде баспасөз конференциясын өткізді. Онда сөз сөйлеуге шақырылғандардың арасында Адам құқығы жөніндегі институттың маманы Лев Левинсон мырза да болды. Ол Ехоба куәгерлерінің нацистік Германия мен Кеңес Одағы кезінде қуғын-сүргін көріп, кейін ресми түрде ақталғанына назар аударды. Сосын ол былай деді: “Президент Ельцин Кеңес Одағы кезінде қуғынға ұшыраған барлық діни ағымдар ресми түрде ақталып, оларға тәркіленген мүліктерінің барлығы қайтарылсын деген жарлық шығарды. Кеңес Одағы кезінде Ехоба куәгерлерінің айтарлықтай мүлігі болған жоқ, дегенмен олар қайтадан жақсы атқа ие болды”.
Бүгінде Куәгерлерге қайтадан күйе жаққысы келетіндер шығып жатыр. Левинсон мырза былай дейді: “Кезінде қуғындағанына өкініш білдірген мемлекетте бұл адамдар қайтадан еш негізсіз қудаланып жатыр”.
Науқан халықты бейжай қалдырмады
Куәгерлер ұйымдастырған науқан мақсатына жетті ме? Левинсон мырза былай деді: “Конференцияға келе жатқанымда метроның ішінде Ехоба куәгерлері Ресейдің жер-жеріне таратып жатқан мәлімет қағазын оқып отырған адамдарды көрдім... Олар оны мұқият оқып отырған еді” *. Келесі оқиғаларға назар аударыңыз.
Ресейдің ислам діні кең тараған бір аумағында егде тартқан әйел кісі мәлімет қағазын қолында ұстап тұрып, оның не жайлы екенін сұрады. Оның Ресейдегі адам құқы мен бостандығы жайлы екенін білгенде, ол кісі қуанышын жасыра алмай былай деді: “Бұл мәселеге де көңіл аударатын адамдар бар екен-ау! Бұл салада Ресей Кеңес Одағы кезіне қайта оралған сыңайлы. Рақмет сендерге. Жарайсыңдар!”
Челябинскіде бір әйелге мәлімет қағазы ұсынылғанда, ол былай деді: “Мен мұның бір данасын алып, оқып та үлгердім және сіздерді толықтай қолдаймын. Сіздер сияқты өз сенімін ұйымдасқан түрде қорғайтын өзге дінді көрген емеспін. Маған сіздердің қалай киінетіндеріңіз және әдептіліктеріңіз ұнайды. Өз сенімдеріңізді қатты ұстанатындарыңыз көрініп тұр. Құдай сіздерге жақ деп ойлаймын”.
Санкт-Петербург қаласында мәлімет қағазын оқып қойғанын айтқан бір ер кісіден оқығандары ұнаған-ұнамағанын сұрағанда, ол былай деп жауап берді: “Иә, ұнады. Оқып отырғанда денем түршігіп кетті, тіпті көзіме
жас алдым. Менің әжем [Кеңес Одағының тұсында] қуғындалған болатын. Ол кісі өзімен бірге түрмеде отырғандар туралы айтып беретін. Онда көптеген қылмыскерлер болған екен, бірақ араларында еш жазығы жоқ, сенімі үшін қамалғандар да болыпты. Менің ойымша қазіргі болып жатқан жайтты бәрі білуге тиіс, сіздер жақсы іс атқарып жатырсыздар”.Ресейліктердің болашағы қандай болмақ?
Ехоба куәгерлері соңғы жиырма жыл Ресейде болған бостандықта өмір сүргендерін бағалайды. Сондай-ақ олар бостандықтан айырылып қалудың оп-оңай екенін де жақсы біледі. Қазіргі оларды қаралау әрекетінің нәтижесінде Ресейде қайтадан қуғын-сүргін заманы бастала ма, жоқ па, мұны уақыт көрсетеді.
Алайда Ехоба куәгерлері, алда қандай заман орнамасын, Киелі кітаптағы үміт сыйлайтын ізгі хабарды уағыздауды тоқтатпауға белдерін бекем буған. Таратылған мәлімет қағазында мынадай қорытынды сөздер жазылған: “Қудалау ешқашан өз мақсатына жетпейді. Өйткені біз Ехоба Құдай мен оның Сөзі Киелі кітап жайлы ілтипатпен және құрмет таныта отырып уағыздауды доғармаймыз (Петірдің 1-хаты 3:15). Біз нацистік Германияның қысымы кезінде де, біздің елдегі репрессия түнегі кезінде де ісімізді тоқтатқан жоқпыз, қазір де тоқтатпаймыз” (Елшілердің істері 4:18—20).
^ 3-абзац “Ақтап шығу туралы сертификат” деген қоршауды қараңыз.
^ 13-абзац Мәскеудегі Ехоба куәгерлері мәлімет қағазын таратуды баспасөз конференциясынан бір-екі сағат бұрын ғана бастаған еді.