Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Израильде қуаңшылық маусымның ұзаққа созылатынын ескерсек, оның ежелгі халқы суды қайдан алған?

Израильде қазан мен сәуір айлары аралығында жауын-шашын көп жауады, кейде аңғарларды ағын сулар алып кетеді. Алайда жазда осы шағын “өзендердің” көбісі құрғап қалады және бірнеше ай бойы жауын-шашын болмайды. Олай болса, Киелі кітап заманында жергілікті тұрғындар су тапшылығын көрмес үшін қандай шара қолданған?

Су мәселесін шешу үшін адамдар таудың етегіне каналдар қазып, сол арқылы жер астындағы үңгірлерге не тастан жасалған қоймаларға су жинайтын. Үйлерінің төбесі де жауын суы осы қоймаларға ағатындай көлбеу етіп жасалатын. Әр отбасының өз қажеттілігін қанағаттандыратындай жеке су қоймасы болған (Нехемия 9:25; Еремия 2:13).

Израильдің ежелгі тұрғындары бұлақ суын да пайдаланған. Таулы аймақтарға жауған жауын-шашын жер астындағы су өткізбейтін тау жынысты қабатқа дейін сіңіп, кері көтеріледі де, бұлақ көзі болып сыртқа шығып жатады. Ел осындай бұлақ көздеріне (еврейше “ен”) жақын жерге қоныстанатын болған. Бұған Ен-Шемеш, Ен-Рогел және Ен-Геди деген жер атаулары дәлел бола алады (Ешуа 15:7, 62). Ал Иерусалимге бұлақ суы тастан қашап жасалған каналдар арқылы тартылатын (Патшалықтар 4-жазба 20:20).

Бұлақ көздері жоқ өлкелерде жерасты суын алу үшін адамдар құдықтар (еврейше “бер”) қазған. Солардың бірі — Бер-Шебаның маңындағы құдық (Жаратылыс 26:32, 33). “Еврейлердің су мәселесін шешу жолы бізді әлі күнге дейін таңғалдырады”,— деп жазды тарихшы Андрэ Шураки.

Ыбырам (Ыбырайым) қандай үйде тұрған болуы мүмкін?

Ыбырам әйелі екеуі халдейліктердің өркендеген Ур қаласында тұрған. Кейін ол Құдайдың нұсқауымен қаладан кетіп, шатырларда өмір сүрді (Жаратылыс 11:31; 13:12). Олар қандай жайлы өмірден бас тартқанын қарастырып көрейік.

Леонард Вулли 1922—1934 жылдары ежелгі Ур қаласында (қазіргі Ирак жерінде) қазба жұмыстарын жүргізген. Сол жерде кірпіштен соғылған 73 үй табылды. Олардың көбісі ортасында ауласы бар көп бөлмелі үйлер екен. Тас төселген аула ортасына қарай сәл ойыстау келген, әрі онда кір су ағатын құбыр жүргізілген. Табылған үлкенірек үйлердің қонақ бөлмелерінде жеке-жеке әжетхана болған. Бірінші қабатта пеш жасалған ас бөлме мен қызметшілер жататын бөлмелер орналасқан. Ал отбасы жоғарғы қабаттарда тұрған. Ондағы бөлмелерге баспалдақпен көтеріліп, ішкі ауланы айналдыра ұзыннан ұзақ қоршап тұрған ағаш балкондары арқылы кіруге болатын.

“Тас төселген ауласы бар, дуалдары ұқыпты етіп әктелген, су ағатын құбырлар жүргізілген... бірнеше не одан да көп бөлмелі үйлер бізді сол кездегі қоғамның жоғары өкілдерінің өмірінен хабардар етеді,— деп жазды Вулли. — Әрі ондай үйлерде... қоғамның орта дәрежелі адамдары, дүкен иелері, шағын саудагерлер, хатшылар сияқты адамдар тұрған”.

[19-беттегі сурет]

Жерасты су қоймасы, Хорвот Мезада, Израиль

[Түпдерек]

© Masada National Park, Israel Nature and Parks Authority

[19-беттегі сурет]

Ыбырайымның заманындағы үйдің суреті

[Түпдерек]

© Drawing: A. S. Whitburn