Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Сенімімізді нығайта көріңіз”

“Сенімімізді нығайта көріңіз”

“Сенімім жетпей жатса, нығайта көріңіз!” (МАР. 9:24).

ӘНДЕР: 54, 24

1. Сенім қаншалықты маңызды? (Осы беттегі суретті қара.)

“ЕХОБА мені зор алапаттан аман алып қалуға лайық деп есептей ме?”— деген сұрақ сені толғандырған ба? Әрине, құтқарылуымыз біраз жайттарға байланысты, десе де елші Пауыл бұл орайда сенімнің аса маңызды екеніне назар аударған. Ол: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес”,— деп жазды (Евр. 11:6). Бұл сөздер қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ шындығына келгенде, “жұрттың бәрі бірдей сенуші емес” (Сал. 2-х. 3:2). Осы екі жазба орны бізге мықты сенім дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

2, 3. а) Петірдің сөздерінен сенімнің маңыздылығы жайлы не білеміз? ә) Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Елші Петір “сыналған сенім” туралы айтқанда, сенімнің қаншалықты маңызды екеніне ерекше көңіл аударған. Ол: “Иса Мәсіх ашық көрінгенде... сыналған сенімдерің арқылы мадақ, ұлылық пен құрметке бөленесіңдер”,— деген (Петірдің 1-хаты 1:7 оқы). Зор алапат жылдам жақындап келе жатқандықтан, ұлы Патшамыз “ашық көрінгенде” бізді сенімі үшін мақтауға лайық жан деп таба ма? Иә, біз “жанын аман сақтау үшін сенімге ие болғандардың қатарында” болғымыз келері сөзсіз (Евр. 10:39). Ендеше, сенімімізді нығайту үшін барынша күш салуымыз қажет. Бұл үшін Исадан сенімін нығайтуды сұраған кісі сияқты, біз де: “Сенімім жетпей жатса, нығайта көріңіз!”— деп өтінеміз (Мар. 9:24). Я болмаса Исаның елшілері секілді: “Сенімімізді нығайта көріңіз”,— деп сұраймыз (Лұқа 17:5).

3 Осы мақалада біз келесі сұрақтарды қарастырамыз: Сенімімізді қалай нығайта аламыз? Сеніміміз бар екенін қалай көрсете аламыз? “Сенімімізді нығайта көр” деп сұраған дұғамызға Құдайдың жауап беретініне неге сенімді бола аламыз?

СЕНІМ — ҚҰДАЙҒА ҰНАМДЫ ҚАСИЕТ

4. Қандай мысалдар бізді сенімімізді нығайтуға талпындырады?

4 Сенім өте маңызды болғандықтан, Ехоба осы қасиетті танытқан адамдардың мысалын “бізге тәлім болсын” деп Киелі кітапқа жаздырған (Рим. 15:4). Біз Ыбырайым, Сара, Ысқақ, Жақып, Мұса, Рахаб, Гедеон, Барақ және басқалар жайлы оқығанда, өз сеніміміздің сапасын тексеруге талпынады емеспіз бе?! (Евр. 11:32—35). Бұған қоса, бүгінгі таңдағы бауырластардың керемет сенімдері туралы оқиғалар да сенімімізді нығайтуға серпін береді *.

5. Ілияс Ехобаға қалай берік сенім танытқан және оның мысалы бізге қандай ой салады?

5 Киелі кітаптан Ілияс пайғамбардың мысалын көрейік. Келесі жағдайларды көз алдымызға елестетіп, оның Ехобаға қалай берік сенім танытқанын байқауға тырысайық. Ілияс Ахаб патшаға Ехобаның елге қуаңшылық жіберетінін айтқанда, сенімділікпен: “Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын, жерге шық та түспейді, жаңбыр да жаумайды”,— деген (Пат. 1-ж. 17:1). Ілияс қуаңшылық кезінде Ехоба оның және басқалардың қамын жейтініне сенімді болды (Пат. 1-ж. 17:4, 5, 13, 14). Ол өлген баланы Ехоба қайта тірілтетініне кәміл сенді (Пат. 1-ж. 17:21). Пайғамбар Кармил тауында Ехобадан от түсіп, құрбандығын қабыл алатынына еш күмәнданбады (Пат. 1-ж. 18:24, 37). Тіпті жаңбыр жаумай тұрып-ақ Ілияс Ахабқа: “Бар да, ішіп-же, себебі мен нөсердің даусын естіп тұрмын!”— деді (Пат. 1-ж. 18:41). Осы оқиғалар бізге “Менің сенімім Ілиястікіндей берік пе?” деген ой салады.

СЕНІМІМІЗДІ ҚАЛАЙ НЫҒАЙТА АЛАМЫЗ?

6. Сенімді дамыту үшін Ехобадан не сұрауымыз қажет?

6 Біз сенімді өз күшімізбен дамыта алмаймыз. Өйткені ол Құдайдың киелі рухының жемісіне жатады (Ғал. 5:22). Сондықтан Исаның кеңесіне құлақ асып, көбірек киелі рух сұрауымыз қажет. Сонда, Иса уәде еткендей, “Әкеміз өзінен сұрағандарға киелі рух береді” (Лұқа 11:13).

7. Сенімімізді берік сақтауға не көмектесетінін мысалмен түсіндір.

7 Құдайға берік сенім дамытқан соң, оны сақтап қалуымыз керек. Сенімді отпен салыстыруға болады. Отты жаққанда, ол лаулап жана бастайды. Бірақ оған отын тастап отырмасақ, ақырында өшіп, күлге айналады. Ал егер ұдайы отын салып тұрсақ, от еш сөнбейді. Сеніммен де солай: егер Құдай Сөзін үнемі оқып отырсақ, сенім оты өшпейді. Киелі кітапты жақсылап зерттесек, оған және оның Авторына деген сүйіспеншілігіміз артады, ал бұл, өз кезегінде, сенімімізді нығайтады.

8. Сенімімізді нығайтуға және оны сақтап қалуға не көмектеседі?

8 Сеніміңді мықты ету үшін, тағы не істеуіңе болады? Шомылдыру рәсіміне дейін білгеніңді місе тұтпа (Евр. 6:1, 2). Мәселен, Киелі кітаптағы орындалып қойған пайғамбарлықтар жөнінде ой жүгірт. Бұл сеніміңді нығайтуға және оны сақтап қалуға көмектеседі. Сондай-ақ Құдай Сөзін қолданып, сенімің шынымен берік пе, жоқ па — соны зерделе (Жақып 1:25; 2:24, 26 оқы).

9, 10. Келесі жайттар сенімімізді нығайтуға қалай көмектеседі: а) жақсы орта; ә) қауым кездесулері; б) уағыз ісі?

9 Елші Пауыл мәсіхшілердің “бір-бірінің сенімін көріп, өзара жігерлене” алатындарын айтқан (Рим. 1:12). Қалайша? Біз бауырластарымызбен, әсіресе “сенімдері сыналған” бауырластармен, аралассақ, бір-біріміздің сенімімізді нығайта аламыз (Жақ. 1:3). Жаманмен жолдас болу сенімнен айырады, жақсымен жолдас болу сенімді қатайтады (Қор. 1-х. 15:33). Сол себептен бізге қауым кездесулерін қалдырмауға кеңес беріледі. Өйткені сол жерде бір-бірімізді жігерлендіреміз (Еврейлерге 10:24, 25 оқы). Оның үстіне, қауым кездесулерінде сенімімізді нығайтуға көмектесетін нұсқаулар естиміз. Киелі кітапта айтылғандай, “сенім сөзді естуден туады” (Рим. 10:17). Кездесулерге бару және өзгелермен араласу өміріңнің маңызды бөлігі ме?

10 Уағыз ісіне қатысқанда, өзгелерге сенім дамытуға көмектесіп қана қоймай, өзіміздің де сенімімізді нығайтамыз. Ертедегі мәсіхшілерге ұқсап, біз де кез келген жағдайда Ехобаға сенім артып, батылдықпен сөйлеуді үйренеміз (Ел. іс. 4:17—20; 13:46).

11. Неге Ешуа мен Халептің сенімі берік болған және біз оларға қалай еліктей аламыз?

11 Ехобаның көмегін және дұғамызға жауап бергенін көрген сайын, сеніміміз де қатая түседі. Бұған мысал — Халеп пен Ешуа. Олар Уәде етілген жерді барлауға барғанда, Ехобаға сенім артты. Екеуі өмірлерінде Ехобаның көмегін сезінген сайын, сенімдері де арта түсті. Сол үшін де Ешуа исраилдіктерге сенімділікпен: “Сендер Құдайларың Ехоба берген ізгі уәделердің ешқайсысы бекер болмағанын жақсы білесіңдер”,— дей алды. Кейінірек былай деді: “Сондықтан Ехобадан қорқып, оған мінсіз әрі адал қызмет етіңдер”. Артынан ол: “Ал мен болсам үй ішіммен Ехобаға қызмет етемін”,— деп қосты (Ешуа 23:14; 24:14, 15). Ехобаның ізгілігінің дәмін татқан сайын, бізде де осындай сенімділік пайда болады (Зәб. 34:8).

СЕНІМІМІЗДІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТЕ АЛАМЫЗ?

12. Сеніміміз берік екенін қалай көрсете аламыз?

12 Сеніміміз берік екенін қалай көрсете аламыз? Шәкірт Жақып осы сұраққа: “Мен сенімімді іс-әрекетіммен көрсетейін”,— деп жауап берген (Жақ. 2:18). Демек, іс-әрекетіміз болса, берік сеніміміздің болғаны. Қазір кейбір жайттарды қарастырайық.

Қызмет аясын кеңейткен бауырластар сенімдері берік екенін көрсетуде (13-абзацты қара)

13. Уағыздау ісіне қатысқанда, сенімімізді қалай көрсете аламыз?

13 Уағыздау ісі — сенімімізді паш етудің керемет жолы. Неге? Өйткені уағыздауымызбен осы дүниенің соңы жақын екеніне әрі оның “еш кешікпейтініне” сенетінімізді көрсетеміз (Абқ. 2:3). Сеніміміз мықты ма, жоқ па — мұны білу үшін қызметке деген ықыласымызды тексеруіміз қажет. Бұл іс біз үшін қаншалықты маңызды? Ехобаға көбірек қызмет ету үшін қызмет аясын кеңейтудің жолын іздейміз бе? (Қор. 2-х. 13:5). Ендеше, ізгі хабарды жариялау арқылы сеніміміздің қаншалықты күшті екенін көрсетейік (Римдіктерге 10:10 оқы).

14, 15. а) Күнделікті өмірде сенімімізді қалай көрсете аламыз? ә) Берік сенім іс-әрекеттен көрінетініне мысал келтір.

14 Өмірдің тауқыметіне төтеп беруімізбен де сенімімізді көрсетеміз. Ауру-сырқау, ұнжырғаның түсуі, жан күйзелісі, жоқшылық не басқа да қиыншылықтар көргенде, Ехоба мен Иса “мұқтаж кезімізде” көмекке келетініне сенуіміз керек (Евр. 4:16). Мұндай сенімді тек рухани мұқтаждығымыз жайлы ғана емес, материалдық жағынан көмек сұрап, дұға етуімізбен де көрсетеміз. Исаның өзі Ехобадан “күн сайын қажетті нанымызды” сұрауды айтқан (Лұқа 11:3). Киелі кітаптағы оқиғалар Ехоба керегімізбен қамтамасыз ететінін растайды. Мысалы, Исраилде қатты қуаңшылық болғанда, Ехоба Ілиясқа тамақ пен су берген. Киелі кітапта: “Таңертең және кешке құзғындар оған нан мен ет әкеп тұрды, ал суды ол сайдан ішіп жүрді”,— делінген (Пат. 1-ж. 17:3—6). Ехоба бізге де қажетімізді беретініне сенеміз.

Өмірдің тауқыметіне төтеп беруімізбен сенімімізді көрсетеміз (14-абзацты қара)

15 Киелі кітаптың принциптерін қолдансақ, дастарқанымызда әрдайым нан болатынына сенімдіміз. Азияда тұратын Ребекка есімді бауырлас мұның растығына көз жеткізген. Ол отбасымен бірге Матай 6:33 пен Нақыл сөздер 10:4-тегі принципті қолданып, Патшалықты бірінші орынға қойып, ынталы еңбек етуге тырысты. Отбасының рухани күйіне нұқсан келтіретін болғандықтан, оның жолдасы жұмыстан шығып кеткен. Алайда олар төрт бала-шағаны асырау керек еді. Ребекка былай дейді: “Біз тәтті-пәтті істеп саттық. Біраз жылдар бойы күнімізді осылай көрдік. Ехоба бізді ешқашан тастаған емес. Аш қалған күніміз болған жоқ”. Сен де сеніміңді нығайтқан осыған ұқсас жағдайларды бастан кешкенсің бе?

16. Ехобаға сенім артсақ, нәтижесі қандай болады?

16 Ехобаның басшылығы бізге тек игілік әкелетініне ешқашан күмәнданбауымыз керек. Пауыл Абақұқтың сөздерін келтіріп: “Әділ адам сенімінің арқасында өмір сүреді”,— деген (Ғал. 3:11; Абқ. 2:4). Сондықтан бізге шынымен көмектесе алатын ұлы Тұлғаға берік сеніміміз болғаны маңызды. Пауыл мына жайтты есімізге салады: “Бойымызда әрекет етіп жатқан күші арқылы Құдай біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алады” (Ефес. 3:20). Ехобаның қызметшілері оның еркін орындау үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайды, бірақ мүмкіндіктерінің шектеулі екенін де біледі. Сондықтан Ехобаға арқа сүйейді. Құдайдың бізге жар болып жүргеніне және талпынысымызға батасын беріп жатқанына риза емеспіз бе?!

ДҰҒАҒА ЖАУАП

17. а) Елшілер сенімдерін нығайтуға қатысты дұғаларына қалай жауап алды? ә) Неге біз де сондай дұғамызға жауап беріледі деп үміттене аламыз?

17 Жоғарыда қарастырған жайттардан соң, Исадан: “Сенімімізді нығайта көріңіз”,— деп сұраған елшілер сияқты, біз де осылай дұға етуіміз керектігін түсінген шығармыз (Лұқа 17:5). Иса олардың өтінішіне 33 жылдың Елуінші күн мейрамында ерекше жолмен жауап берді. Сол күні олар киелі рухқа кенелді және Құдайдың ниетін тереңірек түсінді. Ал бұл олардың сенімін нығайтты. Нәтижесінде, олар сол замандағы ең ауқымды істі, уағыздау науқанын, қолға алды (Қол. 1:23). Біз де “Сенімімізді нығайта көр!” деген өтінішімізге жауап аламыз деп үміттене аламыз ба? Ехобаның “еркіне сай сұрасақ”, ол үмітіміздің ақталатынын уәде етеді (Жох. 1-х. 5:14).

18. Сенімін нығайтқан адамды Ехоба қалай жарылқайды?

18 Сонымен, Ехоба өзіне нық сенім артқандарды жақсы көреді. Ол біздің “Сенімімізді нығайта көр!” деген өтінішімізге жауап береді. Сонда сеніміміз нығая түсіп, “Құдай Патшалығына... кіруге лайық” боламыз (Сал. 2-х. 1:3, 5).

^ 4-абзац Келесі бауырластардың өмірбаяндарын қара: Лилиан Гобитас Клозэ (“Ояныңдар!” (ағ.) 1993 жыл, 22 шілде), Феликс Борис (“Ояныңдар!” (ағ.) 1994 жыл, 22 ақпан), Джозефина Элиас (“Ояныңдар!” (ор.) 2009 жыл, қыркүйек).