Бала кезімде қабылдаған шешімім
1985 жылы он жаста болған кезімде, мен оқитын Колумбус қаласындағы (АҚШ, Огайо штаты) мектепке Камбоджа елінен балалар келді. Солардың ішінде бір бала ғана ағылшын тілінде бірнеше сөз білетін. Ол маған сурет салу арқылы азапталған, өлтірілген және аман қалу үшін қашуға мәжбүр болған адамдар туралы жантүршігерлік оқиғалар айтып беретін. Мен түнде сол балалар жайлы ойлап, жылайтынмын. Оларға жақында жер бетінде жұмақ орнайтынын және қайта тірілу болатынын айтқым келетін, бірақ олар менің тілімді түсінбейтін. Камбоджалық сыныптастарыма Ехоба туралы айта алу үшін, кішкентай болғаныма қарамастан, кхмер тілін үйренуді шештім. Бұл шешімнің болашағыма қалай әсер ететіні сол кезде ойыма кіріп-шықпаған да еді.
Кхмер тілін үйрену оңайға соқпады. Осы тілді үйренуден екі рет бас тартпақшы болдым, бірақ Ехоба ата-анам арқылы мені берілмеуге талпындырды. Уақыт өте келе мұғалімдерім және бірге оқитын сыныптастарым мені табысты жұмысқа орналасуға көндіре бастады. Алайда мен ізашар болғым келетін, сондықтан орта мектеп курстарына баруды шештім. Бұл маған көп уақыт алмайтын жұмыс тауып, өз мақсатыма жетуге көмектеспек еді. Мен сабақтан кейін кейбір ізашарлармен уағызға шығатынмын. Сондай-ақ ағылшын тілін екінші тіл ретінде үйренгісі келетін оқушыларға үйіне барып сабақ беретінмін. Кейінірек мен мұның зор пайдасын көрдім.
Мен 16 жасымда Лонг Бич қаласында (АҚШ, Калифорния штаты) кхмер тілінде топ бар екенін білдім. Сонда барып, кхмер тілінде оқуды үйрендім. Мектепті бітіргеннен кейін ізашар болып, үйімнің жанында тұратын камбоджалық адамдарға ізгі хабарды уағыздай бердім. Ал 18-ге келгенімде, Камбоджаға көшу туралы ойлана бастадым. Ол елге бару әлі де қауіпті болатын, бірақ сондағы 10 миллион адамның басым көпшілігі Патшалық жайлы ізгі хабарды мүлдем естімеген еді. Ол уақытта бүкіл Камбоджада 13 жариялаушыдан тұратын бір-ақ қауым бар болатын. Мен Камбоджаға алғаш рет 19 жасымда бардым. Екі жылдан соң, сонда біржолата көшіп баруды шештім. Өз-өзімді қамтамасыз ету үшін аудармашы және ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім болып, көп уақыт алмайтын жұмысқа тұрдым. Кейінірек өзімдікіндей мақсатқа ұмтылып жүрген бір қыз бауырласпен отау құрдым. Камбоджадағы көптеген адамға өмірлерін Құдайға бағыштауға көмектесу бізге зор қуаныш әкелді.
Ехоба менің “жүрек қалауымды” орындады (Заб. 36:4). Мен үшін шәкірт дайындау ісі өмірімдегі ең көп қанағат әкелетін іс болды. Камбоджада өмір сүрген 16 жылдың ішінде, 13 жариялаушыдан тұратын кішкентай қауым 12 қауым мен 4 оқшау топқа дейін өсті! (Айтып берген Джейсон Блэкуел.)