Жас шағыңда дана шешімдер қабылда
“Мадақтаңдар... жігіттер мен қыздар, Жаратқанның атын” (ЗАБ. 148:12, 13).
1. Көптеген мәсіхші жастар қандай керемет жайттарды бастан кешіруде?
БІЗ қайталанбайтын уақытта өмір сүрудеміз. Шынайы ғибадатқа түрлі ұлттан шыққан миллиондаған адам қосылып жатыр. Бұндай жайт адамзат тарихында ешқашан болмаған (Аян 7:9, 10). Көптеген жастар өзгелерге Киелі кітаптағы құтқарылу хабарын түсінуге көмектесіп, тебірентерлік оқиғаларды бастан кешіріп жатыр (Аян 22:17). Олардың кейбірі адамдармен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп, өмірлерін анағұрлым мағыналы етуге көмектессе, басқалары өзге тілде сөйлейтін аумақтарда ізгі хабарды уағыздауда (Заб. 109:3; Ишая 52:7). Сен туралы не деуге болады? Ехобаның ісін атқара жүріп, қалай көбірек қуанышқа кенеле аласың?
2. Тімөтенің мысалынан Ехоба жастарға жауапкершіліктер сеніп тапсыруға дайын екені қалай көрінеді? (Осы беттегі суретті қара.)
2 Сен жас шағыңда болашақта Құдайдың ұйымындағы керемет мүмкіндіктерге есік ашатын шешімдер қабылдай аласың. Мысалы, Листрада тұрған Тімөте дана шешімдер қабылдады, соның арқасында ол жиырма жастың айналасында миссионерлік қызметке тағайындалды (Ел. іс. 16:1—3). Содан бірнеше ай өтсе керек, Пауыл Салоникада қатты қуғынға ұшырап, жаңадан құрылған қауымды тастап кетуге мәжбүр болғандықтан, жас Тімөтеге сенім артып, сол қаладағы бауырластарды нығайтуға жіберді (Ел. іс. 17:5—15; Сал. 1-х. 3:1, 2, 6). Осындай тапсырма алған Тімөте қандай сезімде болғанын елестетіп көрші.
ЕҢ МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ
3. Өмірдегі ең маңызды шешім қандай және оны қай уақытта қабылдау керек?
3 Жастық шақ — маңызды шешімдер қабылдайтын кезең. Солардың ішіндегі ең маңыздысы — Ехобаға қызмет етуді шешу. Бұл шешімді қашан қабылдаған дұрыс? Ехоба былай дейді: “Жастық шағыңда Жаратушыңды есіңде берік ұста!” (Уағ. 12:1). Ехобаны “есте ұстаудың” жалғыз жолы — оған жан-тәніңмен қызмет ету (Заң. қ. 10:12). Ехобаға жан-тәніңмен қызмет етуді шешу — өміріңдегі ең маңызды таңдау. Бұл сенің бүкіл ғұмырыңа әсер етеді (Заб. 70:5).
4. Өмірдегі қандай маңызды шешімдер Құдайға деген қызметімізге әсер етеді?
4 Әрине, Ехобаға қызмет ету сенің болашағыңа әсер ететін жалғыз шешім емес. Мәселен, сені “үйленейін бе, жоқ па, үйленсем, кімге үйленемін, күнімді қалай көремін” деген сияқты сұрақтар мазалауы мүмкін. Бұлар да маңызды мәселелер, бірақ алдымен Ехобаға жан-тәніңмен қызмет етуді шешіп алғаның жөн болар еді (Заң. қ. 30:19, 20). Неліктен? Өйткені бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Некеге және жұмысқа қатысты қабылдаған шешімің Құдайға қалай қызмет ететініңе әсер етеді (Лұқа 14:16—20 салыстыр). Тап солай сенің Құдайға қызмет етуге деген ықыласың некеге және жұмысқа қатысты шешіміңе әсер ететін болады. Сондықтан бірінші кезекте ең маңызды нәрселерге қатысты шешім қабылда (Філіп. 1:10).
ЖАСТЫҚ ШАҒЫҢДЫ НЕ НӘРСЕГЕ АРНАЙСЫҢ?
5, 6. Дұрыс таңдау жасау керемет нәтижелер әкелетінін көрсететін мысалды айтып бер. (Осы сандағы “Бала кезімде қабылдаған шешімім” деген мақаланы да қара.)
5 Құдайға қызмет етуді шешкен соң, ол сенен не күтетіні жайлы ой жүгірте отырып, оған қалай қызмет ететініңді шешсең болады. Бір жапондық ер бауырлас былай деп жазды: “Он төрт жасымда мен ақсақалмен уағызға шықтым. Ол менің қызметтен қуаныш алмай жүргенімді байқап, жылулықпен: “Ючиро, үйіңе барған соң отырып, Ехобаның сен үшін не істегені жайлы жақсылап ой жүгіртші”,— деді. Мен оның кеңесіне құлақ астым. Бірнеше күн бойы сол жайлы ой жүгіртіп, дұға еттім. Бірте-бірте менің көзқарасым өзгере бастады. Сөйтіп, Ехобаға қызмет ету маған қуаныш әкелетін болды. Миссионерлер туралы көп оқығандықтан, мен Ехобаға көбірек қызмет ету жайлы ойлана бастадым”.
6 Ючиро сөзін былай деп жалғады: “Мен болашақта Ехобаға шетелде қызмет етуге мүмкіндік беретін шешімдер қабылдай бастадым. Мысалы, ағылшын тілінің курсына баруды ұйғардым. Мектепті бітірген соң ізашар ретінде қызмет ете алуым үшін аптасына бірнеше рет ағылшын тілінен сабақ беруді шештім. Ал жиырма жасымда моңғол тілін үйренуді бастадым, сондықтан моңғол тіліндегі топқа баруға мүмкіндігім болды. Сөйтіп, екі жылдан кейін 2007 жылы Моңғолияға бардым. Сондағы ізашарлармен уағызға шыққанда көптеген адамның шындықты іздеп жүргенін көріп, оларға көмектесу үшін сонда көшкім келді. Сөйтіп, Жапонияға оралып, әрекеттене бастадым. 2008 жылдың сәуір айынан бері Моңғолияда ізашар ретінде қызмет етіп жатырмын. Мұнда өмір оңай емес. Бірақ адамдар ізгі хабарға құлақ асып жатыр және мен оларға Ехобаға жақындауға көмектесудемін. Мен өмірдегі ең дұрыс жолды таңдағаныма сенімдімін”.
7. Әрқайсысымыз өзіміз үшін нені шешіп алуымыз керек және осы ретте Мұса қандай үлгі көрсетті?
7 Ехоба куәгері ретінде өмірін не нәрсеге арнайтынын әркім өзі шешу керек (Ешуа 24:15). Біз саған үйлену керек пе, жоқ па, кімге үйлену керек немесе қандай жұмыс істеу керек екенін айта алмаймыз. Мүмкін, сен үйренуге аз уақыт кететін жұмыс таңдайтын шығарсың. Сен сияқты жас мәсіхшілердің кейбірі кедей ауылдарда тұрады, ал өзгелері өркениетті қалаларда өмір сүреді. Дүниенің түкпір-түкпірінде тұратын жастардың болмыстары, қабілеттері, тәжірибелері, қызығатын нәрселері мен рухани мақсаттары әртүрлі. Кезінде Мысырда өмір сүрген Мұсаның өмірі қалған еврей жастардың өмірінен өзгеше болғанындай, сендердің де өмір деңгейлерің әртүрлі шығар. Патшаның отбасында өскен жас Мұса бай болса, басқа еврей жастары құл болған (Мыс. ш. 1:13, 14; Ел. іс. 7:21, 22). Олар да сен сияқты қайталанбайтын кезеңде өмір сүрген (Мыс. ш. 19:4—6). Олардың әрқайсысы Ехобаға бар жүрегімен қызмет ете ме, жоқ па — соны шешу керек еді. Мұса дұрыс шешім қабылдады (Еврейлерге 11:24—27 оқы).
8. Өмірде шешім қабылдауға қатысты жастарға қандай көмек көзі бар?
8 Ехоба саған жастық шағыңда дана шешім қабылдауға көмектеседі. Ол саған принциптер арқылы кеңестер береді, ал сен оларды өз жағдайыңа қатысты қолдана аласың (Заб. 31:8). Бұған қоса, сенуші ата-анаң және қауым ақсақалдары осы принциптерді қалай қолдануға болатыны жайлы ой жүгіртуге көмектесе алады (Нақ. с. 1:8, 9). Ал енді дана шешімдер қабылдауға көмектесетін Киелі кітаптағы үш негізгі принципті қарастырайық. Бұл шешімдер болашағыңа да пайдалы болады.
БАСШЫЛЫҚҚА АЛАТЫН ҮШ ПРИНЦИП
9. а) Ехоба бізге не нәрсеге қатысты таңдау еркіндігін сыйлаған? ә) Патшалықты бірінші орынға қоюымызбен нені көрсете аламыз?
9 Құдай Патшалығы мен оның әділдігін бірінші орынға қой (Матай 6:19—21, 24—26, 31—34 оқы). Ехоба бізге таңдау еркіндігін сыйлаған. Ол жас шағыңда бар уақытыңды уағыз ісіне арнауың керек деп айтпаған. Бірақ Иса Патшалықты бірінші орынға қоюдың маңызды екенін айтқан. Осы принципті ұстанар болсақ, Құдайға деген сүйіспеншілігімізді, жақындарымыздың қамын ойлайтынымызды және мәңгілік өмір сүру үмітіне деген ризашылығымызды көрсете аламыз. Олай болса, үйлену мен жұмысқа қатысты қабылдайтын шешімің материалдық қажеттіліктерді тым уайымдайтыныңды көрсететін бола ма, әлде Құдай Патшалығы мен оның әділдігіне деген құлшынысыңды паш ете ме?
10. Иса не нәрседен қуаныш тапқан, ал сені қандай шешімдер бақытты етеді?
10 Басқаларға қызмет етуден қуаныш тап (Елшілердің істері 20:20, 21, 24, 35 оқы). Бұл — өмірдегі басты принцип. Иса мұны түсінген. Ол өте бақытты адам болған, өйткені өзінің емес, Әкесінің еркін орындаған. Момын адамдар ізгі хабарға құлақ асып жатқанын көріп, Иса бақытқа бөленген (Лұқа 10:21; Жох. 4:34). Өзің де басқаларға көмектескеннен қуаныш сезінген кездерің болған шығар. Сен өмірдегі маңызды шешімдеріңді Иса үйреткен принциптерге сай қабылдайтын болсаң, өзің де бақытты боласың, Ехобаны да қуантасың (Нақ. с. 27:11).
11. Неге Барух қуанышын жоғалтып алды және Ехоба оған қандай кеңес берді?
11 Нағыз бақыт Ехобаға қызмет етуден келеді (Нақ. с. 16:20). Еремияның хатшысы Барух бір кездері осы шындықты ұмытып кеткенге ұқсайды. Ол Ехобаға қызмет етуден қуаныш сезінбеді. Сонда Ехоба оған былай деді: “Сен өзің үшін ұлы нәрселерге қол жеткізуге ұмтыласың ба? Солай істеме! Мен бүкіл адамзатқа апат жіберемін. Алайда Мен сені қайда барсаң да, тірі қалдырып, өз жаныңды өзіңе олжа етемін” (Ерм. 45:3, 5). Қалай ойлайсың, Барухты не нәрсе бақытқа бөлейтін еді: өзі үшін ұлы нәрселерге қол жеткізгені ме, әлде Иерусалим күйрегенде Құдайдың адал қызметшісі ретінде аман қалғаны ма? (Жақ. 1:12).
12. Рамиро қандай шешімінің арқасында бақытты өмір кешуде?
12 Өзгелерге қызмет етуден қуаныш тапқандардың бірі — Рамиро. Ол былай дейді: “Мен Анд тауларындағы бір ауылдың қарапайым отбасында өстім. Сондықтан ағам университетке төлеу керек ақшаны өз мойына алғанда, мен үшін үлкен мүмкіндік ашылғандай болды. Алайда сол кезде мен жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба куәгері едім және бір ізашар маған кішігірім қалада қызмет етуді ұсынған болатын. Мен сол жаққа барған соң, шаш қиюды үйреніп, өзімді асырау үшін шаштараз аштым. Біз адамдарға Жазбаларды зерттеуді ұсынғанда, көбісі қуана келісетін. Кейін байырғы тұрғындардың тілінде жаңадан құрылған қауымға ауыстым. Қазір толық уақытты қызметте жүргеніме он жыл болды. Адамдармен Жазбаларды ана тілдерінде зерттеуден келетін қуанышты басқа ешқандай мамандық бере алмас еді”.
13. Неге жастық шақ Ехобаға барынша қызмет ететін уақыт?
13 Жастық шақта Ехобаға қызмет етудің қызығын көр (Уағыздаушы 12:1 оқы). “Алдымен, жақсы жұмыс табу керек, сосын ізашар боламын” деп ойлаудың қажеті жоқ. Жастық шақ — барынша қызмет етуді бастайтын оңтайлы кезең. Жастардың көбінесе отбасылық міндеттері аз, денсаулықтары мықты және көп күш-қуатты талап ететін қызмет түрлерін атқара алады. Жастық шағыңда Ехоба үшін не істегің келер еді? Бәлкім, сен ізашарлық қызметті бастауды мақсат еткен боларсың. Я болмаса ауылды жерде қызмет еткің келетін шығар. Немесе өз қауымыңда көбірек қызмет етудің жолдарын іздеп жүрген боларсың. Ехобаның ісінде мақсатың қандай болмасын, саған өзіңді асырау керек болады. Сен қандай жұмыс таңдайсың? Оны игеруге қанша уақыт кетеді?
ПРИНЦИПТЕРДІ ҚОЛДАН
14. Болашақты жоспарлағанда қандай қауіпті ескерген жөн?
14 Біз қарастырған үш принцип саған жұмысты дұрыс таңдауға көмектесе алады. Мектептегі ұстаздар немесе жұмыспен қамту ұйымдары сол аймақта қандай жұмыстың бар екенін білетіні сөзсіз. Олардың айтқаны көмек болатын шығар, алайда абай болғаның жөн. Ехобаны жақсы көрмейтін адамдар сені осы дүниені жақсы көруге итермелеуі мүмкін (Жох. 1-х. 2:15—17). Осы дүниенің ұсынысын қарастырғанда, жүрегің сені оп-оңай алдап кете алатынын ұмытпа (Нақыл сөздер 14:15 оқы; Ерм. 17:9).
15, 16. Жұмысқа қатысты жақсы кеңестерді кім бере алады?
15 Өзіңе болады-ау деген жұмысты тапқаннан кейін, әлі де ол туралы ақылдасқаның дұрыс (Нақ. с. 1:5). Сол жұмысты Киелі кітап принциптері тұрғысынан қарастыруға кім көмектесе алады? Ехобаны және сені жақсы көретін, өзіңді әрі жағдайыңды жақсы білетін адамдармен ақылдас. Олар көзқарасың мен ниетіңді тексеруге көмектеседі. Бәлкім, олардың айтқандары мақсаттарыңды қайта қарастыруға көмектесер. Ата-анаң да Ехобаны жақсы көретін болса, олар — сен үшін нағыз бата. Сондай-ақ қауымдағы рухани толысқан ақсақалдар саған нұсқау бере алады. Бұған қоса, ізашарлар мен аралаушы бақылаушылармен сөйлессең болады. Олар неге толық уақыт қызметті таңдады? Ізашарлық қызметті қалай бастады? Өздерін қалай қамтамасыз етіп жүр? Қызметтерінде қандай баталарға кенелуде? (Нақ. с. 15:22).
16 Өзіңді жақсы білетін адамдар ғана саған дана кеңес бере алады. Мысалы, сен мектептегі қиындықтардан қашу үшін ғана тоғызыншы сыныптан кейін оқуды тастап, ізашарлық қызметті бастағың келді делік. Сені жақсы көретін адам осы бұрыс ниетіңді аңғарып, мектеп сені өмірде қиындықтарға оңайлықпен берілмеуге үйрететінін түсінуге көмектеседі. Ал бұл қасиет Ехобаға көбірек қызмет еткісі келетіндер үшін аса қажет (Заб. 140:5; Нақ. с. 6:6—10).
17. Қандай жұмыстан бас тартқанымыз дұрыс?
17 Ехобаға қызмет ететіндердің барлығы да рухани қауіппен, яғни Ехобадан алшақтап кетуге түрткі болатын жайттармен бетпе-бет кезігеді (Қор. 1-х. 15:33; Қол. 2:8). Бірақ кейбір жұмыс орындары басқаларына қарағанда рухани жағынан әлдеқайда қауіптірек болуы мүмкін. Қандай да бір жұмысты таңдап, соның кесірінен “сенімдері апатқа ұшыраған” бауырластарды білетін шығарсың? (Тім. 1-х. 1:19). Құдаймен достығыңа қауіп төндіретін жұмыстан бас тартқаның даналыққа жатады (Нақ. с. 22:3).
ЖАСТАЙЫҢНАН МӘСІХШІ БОЛУДЫҢ ИГІЛІГІН КӨР
18, 19. Ехобаға қызмет етуге деген ықыласың болмаса, не істеуің керек?
18 Жүрегіңде Ехобаға қызмет етуге деген ықыласың болса, жас мәсіхшілерге ұсынылатын мүмкіндіктерді қалт жіберіп алма. Осы қайталанбас уақытта Ехобаға қызмет етудің игілігін көруге жол ашатын шешімдер қабылда (Заб. 148:12, 13).
19 Ал жүрегіңде Ехобаға қызмет етуге деген ықыласың болмаса не істеуге болады? Еш берілмей, сеніміңді нығайта бер. Елші Пауыл Құдайға ұнамды өмір жолында күш салып жатқанын айта келе былай деді: “Ал қандай да бір нәрсе жайында басқа пікірде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да ашады. Алайда неге қол жеткізсек, сол тәртіпке сай өмір сүре берейік” (Філіп. 3:15, 16). Құдайдың сүйіспеншілігі мен дана кеңестері жайлы ой жүгірте бер. Жастық шағыңда ең дұрыс шешімдер қабылдауға Ехобадан артық ешкім көмектесе алмайды.