Жұбайың көз жұмғанда...
КИЕЛІ КІТАПТА күйеу “әйелін өзін сүйгендей сүю керек”, ал әйел “күйеуіне зор құрмет көрсету” керек екендігі анық айтылған. Екеуі де өздерінің рөлдерін “біртұтас” денедей атқару қажет (Ефес. 5:33; Жар. 2:23, 24). Жылдар өте ерлі-зайыптылар бір-біріне жіпсіз байланып, бір-біріне нағыз тірек болып, сүйіспеншіліктері нығаяды. Қатар өсіп жатқан екі ағаштың тамырлары сияқты, бақытты отбасындағы күйеу мен әйелдің сезімдері бір-бірімен өріліп, байланып қалады.
Алайда ерлі-зайыптылардың бірі көз жұмса ше? Онда өмірдің талай суығында тірек боп келген отбасының керегесі қирағандай болады. Ал жұбайын жоғалтқан адамның жүрегі сыздап, жалғыздықтың, ал кейде тіпті ашу мен өз-өзін кінәлау сезімінің жетегінде жүреді. 58 жыл бойы некеде өмір сүріп келген Дариға * зайыбын жоғалтқан талай адамдарды білетін. Бірақ өзінің күйеуі қайтыс болғанда, ол былай деді: “Осыдан бұрын мен жарыңды жоғалту деген не екенін түсінбейтінмін. Бұны өз басыңнан өткергенде ғана толық түсінеді екенсің”.
ЖАЗЫЛМАСТАЙ КӨРІНЕР ЖАН ЖАРАСЫ
Кейбір ғалымдардың айтуынша, сүйікті жұбайдың қайтыс болуы — өмірде ең ауыр тиетін соққы. Жан жарынан айырылған адамдар бұны растай алады. Малика көп жыл бұрын күйеуінен айырылған еді. Жалғыз кешіп жатқан өмірі жайлы ол: “Мен өзімді мүгедек сияқты сезінемін”,— дейді. 25 жыл бойы күйеуімен өмір кешкен бұл әйелдің енді жан дүниесі қандай күйде екені айтпаса да түсінікті.
Кезінде Салима күйеулері қайтыс болған жесір әйелдердің неге жылдар бойы қайғыратынын түсінбейтін. Кейіннен ол 38 жыл бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрген күйеуінен айырылады. Содан бері 20 жыл өтті, бірақ ол: “Мен ол туралы күнде ойлаймын”,— дейді. Оны қатты сағынғандықтан, ол жиі көзіне жас алады.
Киелі кітапта жарын жоғалтқан адамның қайғысы ауыр және ұзаққа созылатыны жазылған. Сара дүние салғанда, күйеуі Ыбырайым оны “жоқтап қайғырған” (Жар. 23:1, 2). Қайта тірілуге сенімі болса да, сүйікті жарынан айырылған Ыбырайымды зілдей мұң басты (Евр. 11:17—19). Ал қымбатты жары Рахила қайтыс болғанда, Жақып оны еш ұмыта алмады. Балаларымен әңгімелескенде ол Рахиланы аяулы сезімдермен еске алатын (Жар. 44:27; 48:7).
Жазбалардағы осы оқиғалардан біз не нәрсені байқай аламыз? Жарынан айырылған адамдардың жан жарасы ұзаққа созылады. Олардың көз жастары мен қайғы-мұңы әлсіздіктің белгісі емес, ауыр соққының салдары деп түсінуіміз керек. Олар ұзақ уақыт бойы жанашырлық пен демеуге мұқтаж болуы мүмкін.
ҚАЙҒЫМЕН БІРТІНДЕП КҮРЕСУ
Адам өзінің өмірлік зайыбынан айырылғанда, ол енді бұрынғы бойдақ кезіндегідей өмір сүре береді деп айта алмайсың. Неге? Некеде көп жылдар бойы бірге тұрып келгендіктен, әйелі өзін жабырқаулы сезінгенде, күйеуі оны қалай жұбатып, көңілін қалай орнықтыру керектігін білетін. Ал енді күйеуі өмірден ғайып болғанда, онымен бірге жұбаныш пен махаббаттың қайнар көзі де ғайып болады. Тура солай әйелі де күйеуіне сенімділік ұялатып, бақытқа бөлейтін. Оның нәзік құшағына, жанға жай беретін сөздеріне, қамыңды ойлаған аялы алақанына ештеңе жетпейтін. Егер әйелі көз жұмса, күйеуінің жан сарайы қаңырап қалуы мүмкін. Сондықтан жан жолдасынан айырылған ер де, әйел де болашаққа сенімсіздікпен әрі қорқынышпен қарайды. Киелі кітаптағы қандай принцип олардың көңілдерін орнықтырып, жантыныштығын бере алады?
“Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетеді” (Мат. 6:34). Исаның осы сөздері негізінен күнделікті қам-қарекетке қатысты айтылса да, сүйіктісін жоғалтқандарға да ауыр соққыдан бас көтеруге көмектескен. Әйелі қайтыс болғаннан бірнеше ай өткен соң, Нияз былай деп айтты: “Әселге деген сағынышым әлі де басылар емес, ал кейде жағдайым тіпті ушығып кеткендей көрінеді. Бірақ мен бұл кәдімгі нәрсе екенін және уақыт өте жан жарам әйтеуір бір жазылатынын білемін”.
Иә, Нияз уақыттың емдеуіне мүмкіндік беруі керек еді. Мұны ол қалай істей алды? Нияз былай деді: “Ехобаның көмегімен мен бүгінгі күнді ойлап, ертеңгі күн жайлы уайымдамауға үйрендім”. Ол қайғы-мұңға берілмеді. Әрине, оның қайғысы бір түнде ғайып болып кеткен жоқ, бірақ бұл оны жегідей жеп те тастамады. Егер сен сүйіктіңді жоғалтсаң, күн сайын кішкенеден күресуге тырысып көр. Ертеңгі күн саған қандай жақсылық дайындап қойғанын білмейсің ғой.
Өлім әуел баста Ехобаның ниетіне кірмеген. Бұл — “Ібілістің істерінің” бірі (Жох. 1-х. 3:8; Рим. 6:23). Шайтан өлім мен сонымен байланысты уайымды адамдарды құлдықта ұстау үшін және олардың үмітін үзу үшін қолданады (Евр. 2:14, 15). Әлдекім қазір де, жаңа өмірде де бақытты болмаймын деп ойласа, Шайтан рақаттанады. Олай болса, жалғыз қалған адамның барлық азап-қайғысына себеп болған Адам атаның күнәсі мен Шайтанның бүлігі екенін ұмытпайық (Рим. 5:12). Бірақ Ехоба Шайтанның жойқын қаруын — өлімді жоқ қылып, келтірген зардаптың орнын толықтай толтырады. Сондықтан сен сияқты жұбайын жоғалтқан көп адам өлімге қатысты Шайтан себетін уайым-қайғыға берілмейді.
Қайтыс болған адамдар жер бетінде қайта тірілгенде, адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгеретін болады. Өмірге қайта оралып, өздерінің балаларымен, немере-шөберелерімен бірге кемелділікке жететін ата-аналар, ата-әжелер мен ата-бабалар туралы ойлап көрші. Кәріліктің барлық нышаны ғайып болады. Сол кезде жас ұрпаққа өздерінің ата-әжелеріне қазіргідей емес, жаңаша қарауға үйрену керек болатын да шығар. Осындай өзгерістер адамзат қоғамында қуанышты жайттардың бірі болатыны сөзсіз.
Қайта тірілетін адамдарға қатысты көкейімізде сан түрлі сұрақтар бар шығар. Мәселен, екі не одан көп өмірлік жарын жоғалтқан адаммен не болмақ? Саддукейлер алдымен бірінші, содан кейін екінші, сөйтіп-сөйтіп соңында жеті күйеуінен айырылған әйел туралы сұрақ көтерген (Лұқа 20:27—33). Жұмақта мұндай адамдардың қарым-қатынастары қандай болмақ? Біз бұның қалай болатынын білмейміз әрі бұл туралы пікір айтып, уайым жеудің қажеті жоқ. Бұл мәселеде біз толықтай Құдайға арқа сүйеуіміз керек. Бірақ бір жайт айдан анық — Ехобаның болашақта жүзеге асыратын кез келген нәрсесі игі болмақ. Сондықтан болашаққа күдікпен емес, үмітпен қарайық.
ҚАЙТА ТІРІЛУГЕ ҮМІТ — ЖҰБАНЫШТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Құдай Сөзіндегі ең айқын ілімдерінің бірі бұл — өмірден өткен адамдардың қайта тірілуі. Киелі кітапта жазылған қайта тірілу туралы ежелдегі оқиғалар “есте сақтау қабірдегілердің бәрі оның [Исаның] даусын еститін уақыттың келетініне” кепілдік береді (Жох. 5:28, 29 сілт.). Сол кезде адамдар өлімнің құрсауынан босанған жандарды қарсы алып, зор бақытқа кенеледі. Ал қайта тірілгендер қандай бақытты күй кешетінін біз тіпті елестете де алмаймыз.
Бір кездері көз жұмған жандар қайта тірілгенде жер беті бұрын-соңды болмаған шаттыққа толады. Миллиардтаған өлілер енді тірілердің қатарына қосылады (Мар. 5:39—42; Аян 20:13). Болашақта болатын осы ғажайып сәтті көз алдына елестеткені өмірлік серігінен айырылған жанға үлкен жұбаныш береді емес пе?!
Қайта тірілу болып жатқанда біреуіміз болсын мұңаятын боламыз ба? Киелі кітаптың жауабы — жоқ. Ишая 25:8-ге сай, Ехоба “өлімді біржола жоқ қылады”. Бұл дегеніміз өлім және оның әкелген барлық қасіреті толықтай жоқ болады. Пайғамбарлықта әрі қарай былай делінген: “Жаратушы Тәңір Ие барлық бет-жүздердің көз жастарын сүртіп жұбатады”. Егер қазір жан жарыңды жоғалтқандықтан қайғырып жүрсең, ол қайта тірілгенде сен нағыз бақытқа кенелетінің сөзсіз.
Жаңа дүниеде Құдай нендей нәрселерді жүзеге асыратынын бірде-бір адам соңына дейін түсінбейді. Ехоба былай дейді: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік” (Ишая 55:9). Исаның қайта тірілу туралы айтқан уәдесіне сенім танытсақ, біз Ыбырайым сияқты Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетеміз. Дәл қазір әр мәсіхші үшін ең маңыздысы — Ехобаның барлық талаптарын орындау. Егер солай етсек, біз қайта тірілетіндермен бірге “келер заманда өмірге ие болуға лайық” боламыз (Лұқа 20:35).
ҮМІТТЕНУДІҢ КЕЛЕЛІ СЕБЕБІ
Болашақты уайымдағанымыздан гөрі, үмітімізді нығайтқанымыз дұрыс. Адамдар ертеңгі күнге үреймен қарайды. Бірақ Ехоба бізге керемет үміт сыйлаған. Ол барлық қалауларымыз бен қажеттіліктерімізді нақты қалай қанағаттандыратынын біле алмасақ та, оның солай ететініне еш күмәнданбасақ болады. Елші Пауыл былай деп жазған: “Ал орындалған үмітті ешкім үміт демейді, себебі ол орындалғанда, үміт болудан қалады емес пе? Бірақ әлі орындалмаған нәрсеге үміттенсек, оны төзімділікпен талмай күтеміз” (Рим. 8:24, 25). Құдайдың уәделері орындалатынына берік сенсең, төзімді боласың. Соңына дейін табандылық танытсаң, Ехоба барлық “жүрек қалауыңды” орындайтын жарқын болашаққа жетесің. Ол “мархабатпен барлығын тойындырады” (Заб. 36:4; 144:16; Лұқа 21:19).
Исаның өлімі жақындаған кезде елшілердің көңілдері түсіп, абдырап қалып, бойларын қорқыныш билеген. Бірақ Иса оларды былай деп жұбатты: “Абыржымаңдар. Құдайға сеніңдер, маған да сеніңдер... Мен сендерді жетімсіретпей, қайта ораламын” (Жох. 14:1—4, 18, 27). Оның бұл сөздері майланған мәсіхшілердің сеніміне ғасырлар бойы іргетас болып, төзімділік танытуға көмектесіп келді. Тап солай сүйікті жандарын көруді аңсап жүргендер де еш мұңаймау керек. Ехоба мен оның Ұлы сені ешқашан жетімсіретіп қалдырмайды. Сен бұған толықтай сенімді бол!
^ абзац 3 Есімдер өзгертілген.