Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба тағайындаған бағушыларға мойынсұн

Ехоба тағайындаған бағушыларға мойынсұн

“Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар. Себебі олар үнемі жандарыңның қамын ойлайды” (ЕВР. 13:17).

1, 2. Неге Ехоба өзін бағушыға теңейді?

ЕХОБА өзін қамқор бағушыға теңейді (Езек. 34:11—14). Бұл бізге Ехобаның қандай Құдай екенін көруге көмектеседі. Қамқор бағушы бағып жүрген қойларының аман-саулығы үшін жауапты екенін жақсы түсінеді. Ол отарын жасыл жайлау мен тұнық суға жетелеп апарады (Заб. 22:1, 2), оларды күні-түні күзетеді (Лұқа 2:8), жыртқыш аңдардан қорғайды (Пат. 1-ж. 17:34, 35), қозыларды қолына алып, бауырына басып жүреді (Ишая 40:11), жоғалған қойларды іздеп тауып, жараланғандарын емдеп жазады (Езек. 34:16).

2 Ежелде исраилдіктер көбіне мал және ауыл шаруашылығымен айналысқандықтан, Ехоба өзін не себепті қамқор бағушыға теңегенін жақсы түсінген. Қойлар аман болу үшін оларға қамқорлық көрсету қажет. Сол сияқты адамдар да қамқорлық пен қорғанышқа мұқтаж (Мар. 6:34). Ехобаның қамқорлығы мен басшылығы болмаса, адамдар “бағушысы жоқ қойлардай” қорғансыз болып, оң мен солын ажырата алмай қалады (Пат. 3-ж. 22:17). Ал өзінің жетелеуіне ергендерді Ехоба барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз етеді.

3. Осы мақалада нені қарастырамыз?

3 Біз де Ехобаны қамқор бағушы ретінде білеміз. Ол өзінің қой іспетті халқына бүгінде де қамқорлық етеді. Осы мақалада Ехобаның өз отарына қалай басшылық беретінін және қажеттіліктерін қамтамасыз ететінін қарастырамыз. Сонымен қатар Ехобаның қамқорлығына бөлену үшін не істеуіміз керектігі жайлы да сөз қозғаймыз.

 ІЗГІ БАҒУШЫНЫҢ ТАҒАЙЫНДАҒАН КӨМЕКШІЛЕРІ

4. Исаның Ехобаның отарына қамқорлық көрсететіні неден көрінеді?

4 Ехоба Исаны мәсіхшілер қауымының Басы етіп тағайындады (Ефес. 1:22, 23). Иса — Әкесі сияқты “ізгі бағушы”. Ол отарындағыларды жақсы көреді әрі олардың қамын ойлайды. Ол тіпті “қойлары үшін жанын қиды” (Жох. 10:11, 15). Мәсіхтің төлем құрбандығы адамзат үшін қандай зор бата десеңші! (Мат. 20:28). Ехоба Ұлына сенген әр адамның “жойылмай, мәңгілік өмірге ие болғанын” қалайды (Жох. 3:16).

5, 6. а) Иса қойларын бағуға кімдерді тағайындады және қойлар осы шараның пайдасын көру үшін не істеулері қажет? ә) Бізді қауым ақсақалдарына мойынсұнуға талпындыратын ең басты себеп қандай?

5 Қойлар Иса Мәсіхті ізгі Бағушылары ретінде қабылдайтындарын қалай көрсете алады? Иса былай деген: “Қойларым дауысыма құлақ салады. Мен оларды білемін, олар соңымнан ереді” (Жох. 10:27). Ізгі Бағушының даусына құлақ салу деген оған толық мойынсұнуды білдіреді. Бұған оның отарды бағуға тағайындаған көмекшілеріне мойынсұну да жатады. Иса елшілері мен шәкірттеріне “қозыларды бағуды” және оларға тәлім беруді тапсырған (Мат. 28:20; Жохан 21:15—17 оқы). Ізгі хабар кең тарай бастағанда, шәкірттердің саны да өсе түсті. Сол үшін де Иса қауымға қамқорлық көрсететін рухани толысқан мәсіхшілердің болуына қам жасады (Ефес. 4:11, 12).

6 Бірінші ғасырда елші Пауыл Ефес қауымындағы бақылаушыларға: “Қауымды бағу үшін киелі рух сендерді отарға бақылаушы етіп тағайындады”,— деген (Ел. іс. 20:28). Бүгінгі адал бақылаушылар жайлы да солай деуге болады. Олар киелі рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалардағы талаптар бойынша тағайындалады. Сондықтан да бақылаушыларға мойынсұнсақ, екі ұлы Бағушымыз Ехоба мен Исаны терең құрметтейтінімізді көрсетеміз (Лұқа 10:16). Бізді қауым ақсақалдарына мойынсұнуға талпындыратын ең басты себеп осы болу керек. Алайда бұлай етуімізге басқа да себептер бар.

7. Ақсақалдар Ехобаға етене жақын болуымызға қалай көмектеседі?

7 Ақсақалдар бауырластарды жігерлендіргенде не оларға кеңес бергенде, Киелі кітаптың өзіне не ондағы принциптерге жүгінеді. Олардың басшылық берудегі мақсаты — бауырластарға қалай өмір сүру керектігін айтып, оларға үстемдік ету емес (Қор. 2-х. 1:24). Қайта, ақсақалдар Жазбаларға негізделген басшылық беріп, бізге дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі және қауымда тәртіп пен татулықтың болуына септігін тигізеді (Қор. 1-х. 14:33, 40). Киелі кітапта ақсақалдардың “жандарымыздың қамын ойлайтыны” айтылған. Олар қауымның әрбір мүшесіне Ехобаға етене жақын болуға көмектеседі. Ақсақалдар ер не әйел бауырластың “шалыс қадам” жасағанын не жасауға шақ қалғанын байқағанда, оған тез көмек көрсетуге тырысады (Ғал. 6:1, 2; Яһд. 22). Осының бәрі бізді “басшылықты қолға алғандарға мойынсұнуға” талпындырады емес пе? (Еврейлерге 13:17 оқы).

8. Ақсақалдар Құдайдың отарын қалай қорғайды?

8 Өзі де қамқор бағушы болған елші Пауыл Қолостағы бауырластарға былай деген: “Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен, бос әрі алдамшы ойларымен, Мәсіх туралы емес, осы дүниенің қағидаларына негізделген  ілімдерімен торға түсіріп алмасын” (Қол. 2:8). Осы сөздерден ақсақалдардың Жазбаларға негізделген кеңестеріне құлақ асуға тағы бір келелі себеп бар екенін көреміз. Ақсақалдар бауырластарды сенімдерін шайқалтуы мүмкін кез келген қауіптен сақтандыру арқылы отарды қорғайды. Елші Петір де “жалған пайғамбарлар” мен “жалған ұстаздардың” “сенімі әлсіз жандарды еліктіріп әкетуге” тырысатынын ескерткен (Пет. 2-х. 2:1, 14). Біздің күніміздегі ақсақалдар да қажет болған кездері осындай ескертулер айтып отырулары керек. Рухани толысқан бұл бауырластардың өмірлік тәжірибесі мол. Оның үстіне, ақсақал ретінде тағайындалмас бұрын, олар Жазбаларды жете түсінетіндерін және тәлім беруге қабілетті екендерін көрсеткен (Тім. 1-х. 3:2; Тит. 1:9). Олардың естілігі, ақыл-парасаты мен Киелі кітаптан жинаған даналығы отарға жақсы басшылық беруге көмектеседі.

Бағушы отарын қорғайтынындай, ақсақалдар да өздеріне сеніп тапсырылған Құдайдың отарын қорғайды (8-абзацты қара)

ІЗГІ БАҒУШЫ ОТАРДЫ БАҒАДЫ ЖӘНЕ ҚОРҒАЙДЫ

9. Бүгінде Мәсіх отарға қалай басшылық береді?

9 Ехоба ұйымы арқылы бүкіл дүниежүзіндегі бауырластарға рухани асты молынан беріп жатыр. Біз Жазбаларға негізделген көптеген кеңестерді әдебиеттер арқылы аламыз. Ал ақсақалдар кейде хаттар не аралаушы бақылаушылар арқылы ұйымнан нұсқаулар алып отырады. Отардағы қойлар осындай жолдармен нақты басшылық алады.

10. Қамқор бағушылардың отардан алыстап кеткендерге қатысты қандай жауапкершілігі бар?

 10 Бақылаушылардың жауапкершілігіне қауымдағыларды қорғау әрі қамқорлау кіреді. Олар әсіресе рухани әлсіреп қалғандарға не үлкен қателік жасағандарға мұқият болуға тырысады (Жақып 5:14, 15 оқы). Мұндай жандардың кейбірі отардан алыстап, теократиялық істерге атсалыспай кеткен болар. Мұндайда қамқор ақсақал жоғалған әрбір қойды тауып, оны отарға, яғни қауымға, қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін істейді емес пе? Әрине, солай! Иса: “Көктегі Әкем де осы кішкенелердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды”,— деген (Мат. 18:12—14).

АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КЕМШІЛІКТЕРІНЕ ҚАЛАЙ ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК?

11. Кейбіреулерге ақсақалдардың басшылығына мойынсұну неге қиын болуы мүмкін?

11 Ехоба мен Иса — кемелді Бағушылар. Ал олардың қауымға қамқорлық көрсетуге тағайындаған бағушылары кемелсіз. Сол себепті де кейбіреулерге ақсақалдардың басшылығына мойынсұну қиын болуы мүмкін. Бәлкім, олар: “Ақсақалдар біз сияқты кемелсіз адамдар ғой, оларды не үшін тыңдауымыз керек?”— деп ойлайтын шығар. Ақсақалдардың кемелсіз екені рас. Алайда біз олардың кемшіліктері мен қателіктеріне дұрыс көзқарас танытуымыз қажет.

12, 13. а) Ертеде мойындарына жауапкершілік алған Құдай қызметшілері жайлы не деуге болады? ә) Жауапкершілік жүктелген адамдардың қателіктері Киелі кітапқа не үшін жазылды?

12 Киелі кітапта Құдай халқына жетекшілік еткен адамдардың қателіктері ашық жазылған. Мысалы, Дәуіт Исраил халқының патшасы болып тағайындалды. Алайда ол азғындық жасап және кісі өлтіріп, күнәға батты (Пат. 2-ж. 12:7—9). Мәсіхшілер қауымында үлкен жауапкершілігі болған Петір де біраз қателіктер жасаған (Мат. 16:18, 19; Жох. 13:38; 18:27; Ғал. 2:11—14). Адам ата мен Хауа ананың уақытынан бері Исадан басқа ешкім де кемелді болып туылмады.

13 Ехоба Киелі кітапқа өзі тағайындаған адамдардың қателіктерін не үшін жаздырды? Мұның бір себебі — Құдай кемелсіз адамдарды өз халқын жетелеу үшін қолдана алатынын көрсеткісі келді. Ол шынымен солай етіп келеді де. Сондықтан да арамызда басшылықты қолға алғандардың кемшіліктері олардың басшылығын елемеуге не күңкілдеуге себеп болмау керек. Ехоба бізден оларға құрмет көрсетеді және әрдайым бағынады деп күтеді (Мысырдан шығу 16:2, 8 оқы).

14, 15. Бұрынғы заманда Ехоба өз халқына қалай басшылық берген және бұдан не нәрсеге үйренеміз?

14 Бүгінде тағайындалған бауырластарға мойынсұну өте маңызды. Бұрынғы заманда исраилдіктер қиын жағдайға тап болғанда, Ехобаның оларға қалай басшылық бергені туралы ойланып көрші. Мысыр елінен шыққан соң, Ехоба оларға Мұса мен Харон арқылы нұсқаулар беріп отырды. Сондай-ақ оныншы жазадан аман қалу үшін исраилдіктер арнайы ас дайындауға және есіктің жақтаулары мен маңдайшаларына тоқтының қанын жағуға қатысты нұсқаулар алды. Ехоба бұл нұсқауларды беру үшін халықпен тікелей сөйлескен жоқ. Халық ақсақалдардың айтқанын тыңдау керек еді. Ал ақсақалдар Мұсадан басшылық алып отырды (Мыс. ш. 12:1—7, 21—23, 29). Осылайша Мұса мен ақсақалдар Ехобаның өкілдері ретінде оның нұсқауларын халыққа жеткізетін. Бүгінде ақсақалдар дәл осындай маңызды рөл атқарады.

 15 Киелі кітапта бұдан басқа да мысалдар көптеп табылады. Ертеде Ехоба адамдар мен періштелерді жиі өзінің өкілдері ретінде қолданып, халқына хабарын жеткізіп отыратын. Хабаршылар Ехобаның атынан сөйлеп, халыққа құтқарылу үшін не істеу керектігін айтатын. Ехоба Армагеддон кезінде де дәл солай істейді деп күткеніміз орынды емес пе? Әрине, бүгінде Ехобаның не оның ұйымының өкілі болу жауапкершілігі бар әрбір ақсақал өзіне берілген билікті бұрыс қолданудан барынша сақ болу керек.

“БІР БАҒУШЫСЫ БАР БІР ОТАР”

16. Қандай дауысқа құлақ асуымыз керек?

16 Ехобаның халқы “бір бағушымыз” Иса Мәсіхтің қамқорындағы “бір отарды” құрайды (Жох. 10:16). Иса “осы заманның ақырына дейін әр күні” шәкірттерімен бірге болатынын айтқан (Мат. 28:20). Қазір көкте Патша болып отырған ол Шайтанның дүниесі жойылар алдында болу керек барлық жайттарды толығымен қадағалап отыр. Құдайдың отарында ауызбірлікті сақтап, қауіпсіздікте болуымыз үшін қай жолмен жүруіміз керектігін айтатын арт жақтан шыққан дауысқа құлақ асуымыз керек. Бұл дауыс Ехобаның Жазбалар арқылы айтатын сөздерін және Иса екеуінің қауымдағы бағушылар арқылы беретін басшылығын білдіреді (Ишая 30:21; Аян 3:22 оқы).

Ақсақалдар әкесі не анасы жоқ отбасыларын жаман ортадан қорғау үшін күш салады (17, 18-абзацтарды қара)

17, 18. а) Отарға қандай қауіп төніп тұр және біз не нәрсеге сенімді бола аламыз? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

17 Киелі кітапта: “Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр”,— делінген (Пет. 1-х. 5:8). Иә, Шайтан ашыққан жыртқыш аң сияқты отарды торуылдап, бейқам жүргендерге не отардан алыстап кеткендерге тап беретін қолайлы сәтті күтіп отыр. Бұл отардан және “жанымыздың бағушысы әрі қорғаушысы” Ехобадан алыстап кетпеуге келелі себеп емес пе? (Пет. 1-х. 2:25). Зор алапаттан аман өтетіндерге қатысты Аян 7:17-де былай делінген: “Тоқты [Иса] олардың бағушысы болып, өмір суының бұлақтарына жетелейді. Құдай олардың әрбір көз жасын сүртіп тастайды”. Қандай керемет уәде десеңші!

18 Осы мақаладан көргеніміздей, ақсақалдар бағушылар ретінде өте маңызды рөл атқарады. Олар Исаның отарын лайықты түрде бағып жүргендеріне қалай көз жеткізе алады? Бұл сұрақтың жауабын келесі мақалада қарастырамыз.