Біздің рухани мұрамыз
“Жаратқан Иенің қызметшілері осы игіліктерді [“мұраны” ЖД] иеленетін болады” (ИШАЯ 54:17).
1. Ехоба адамзаттың игілігі үшін нені сақтап келді?
“ТІРІ әрі мәңгі Құдай” Ехоба өмір сыйлайтын хабарын адамзат үшін сақтап келді. Бұл хабар біздің заманымызға дейін еш өзгеріссіз жеткен. Расында да, “Ехобаның сөзі мәңгі қалады!” (Пет. 1-х. 1:23—25). Жаратушымыздың өзінің Сөзі Киелі кітапта біз үшін аса маңызды хабарды сақтап келгеніне қаншалықты ризамыз десеңші!
2. Құдай өз Сөзінде халқы үшін нені сақтап қалды?
2 Құдай өзіне таңдап алған есімнің Киелі кітапта сақталуына қам жасады. Ол өз халқының осы есімді қолданғанын қалады. Киелі кітаптың түпнұсқасында алғашқы рет “Ехоба Құдай” туралы “аспан мен жердің жаратылу тарихында” айтылған (Жар. 2:4 ЖД). Құдай керемет жасап, есімін Он өсиет қашалған тас тақташаларға бірнеше рет жазған. Мысалы, алғашқы өсиет “Мен... Ехоба Құдайыңмын” деп басталады (Мыс. ш. 20:1—17 ЖД). Шайтан қанша тырысқанымен, Құдай есімін еш жоя алған жоқ, өйткені Әлемнің Әміршісі Ехоба өз Сөзі мен есімін қорғады.
3. Жалған ілімдер қаптап кетсе де, Құдай нені сақтап қалды?
3 Сондай-ақ Ехоба өз Сөзінде шындықты сақтады. Дүниежүзі бойынша жалған ілімдер қаптап кетсе де, Құдай бізге рухани нұр мен шындықты сыйлап жатқанына алғысымыз шексіз! (Забур 42:3, 4 оқы). Адамдардың көпшілігі түнекте жүргенде, біз Құдай берген рухани нұрдың жарығында жүруден рақат алудамыз (Жох. 1-х. 1:6, 7).
БІЗДІҢ БАҒА ЖЕТПЕС МҰРАМЫЗ
4, 5. 1931 жылдан бері біз қандай мәртебеге иеміз?
4 Мәсіхшілер теңдесі жоқ игіліктерді, яки мұраны иеленді. Біздің рухани мұрамызға Киелі кітаптағы тура білімге ие болғанымыз, Құдай туралы шындықты және оның ниетін анық түсінгеніміз жатады. Бұған қоса, біз тағы бір айрықша мәртебеге ие болдық.
5 Бұл мәртебеге біз 1931 жылы Колумбус қаласында (Огайо, АҚШ) өткен конгресте ие болдық. Осы конгрестің бағдарлама парақшасында “Джей Дабл ю” (“JW”) деген әріптер жазылған болатын. Бір әйел бауырластың айтуынша, конгреске келгендер бұл әріптер нені білдіретінін әрқалай болжамдады, ал кейбіреулер тіпті дәл тапты. Сол уақытқа дейін біз “Киелі кітап зерттеушілері” деп аталатынбыз, бірақ 1931 жылдың 26 шілдесінде, жексенбі күні “Ехоба куәгерлері” (ағылшынша “Jehovah’s Witnesses”) деп аталамыз деген қаулы қабылдадық. Жазбаларға негізделген есіммен аталу зор қуаныш әкелді (Ишая 43:12 оқы *). Бір ер бауырлас сол кезді есіне алып: “Мен бауырластардың ду қол шапалақтары мен шат-шадыман дауыстарын ешқашан ұмытпаспын!”— деді. Осы дүниеде ешкім бұл есіммен аталуды қаламады, ал бізге Құдай Ехоба куәгерлері деп аталу мәртебесін сыйлады. Біз 80-нен астам жыл бойы осылай аталып келеміз.
6. Біздің рухани мұрамызға қандай мәлімет жатады?
6 Біздің мұрамызға Құдайдың ежелдегі қызметшілері туралы тура әрі өте құнды мәлімет те жатады. Мысалға Ыбырайым, Ысқақ және Жақыпты алайық. Бұл әулетбасылары Ехобаға қалай ұнамды бола алатындары туралы үй ішімен пікір алысып отырған болса керек. Сондықтан да әділ Жүсіптің “Құдайдың көз алдында күнәға батпау” үшін азғындық жасаудан бас тартқаны таңғалдырмайды (Жар. 39:7—9). Ал бірінші ғасырдағы мәсіхшілер өз дәстүрлерін, яғни басшылықтарын ауызша таратқан не іс жүзінде үлгілерімен көрсеткен. Мысалы, елші Пауыл мәсіхшілер қауымына Иеміздің кешкі асына қатысты Исадан алған нұсқауларды айтқан (Қор. 1-х. 11:2, 23). Бүгінде Құдайға “киелі рухтың басшылығымен және шындыққа сай” ғибадат ету үшін қажетті осы мәліметтің бәрі Киелі кітапта жазылған (Жохан 4:23, 24 оқы). Киелі кітап бүкіл адамзаттың игілігі үшін берілген, бірақ Ехобаның қызметшілері үшін бұл кітаптың орны бөлек.
7. Біздің рухани мұрамызға жігер беретін қандай уәде жатады?
7 Бүгінде біз әдебиеттерімізден Ехобаның өз қызметшілеріне жар екендігін дәлелдейтін мәліметтерді оқи аламыз (Заб. 117:7). Бұл мәліметтер, тіпті қуғын-сүргінге ұшыраған кезде де, өзімізді қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Күннен-күнге ұлғайып отырған рухани мұрамызға келесідей жігер беретін уәде де жатады: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың. Жаратқан Иенің қызметшілері осы игіліктерді [“мұраны” ЖД] иеленетін болады. Оларды Өзім ақтап аламын,— деп нық айтады Жаратқан Ие” (Ишая 54:17). Демек, Шайтанның ешбір қару-жарағы бізге оңалмастай зардап келтіре алмайды.
8. Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?
8 Шайтан Құдай Сөзін жоюға, Ехобаның есімін өшіруге және шындықты жасыруға тырысып келді. Алайда Шайтаннан әлдеқайда құдіретті Ехоба оның бұл әрекеттерін тойтарып отырды. Осы және келесі мақалада біз 1) Құдайдың өз Сөзін қалай сақтап келгенін, 2) өз есімінің сақталуына қалай қам жасағанын және 3) көктегі Әкеміз қалайша шындықтың Қайнар көзі әрі Қорғаушысы болып табылатынын қарастырамыз.
ЕХОБА ӨЗ СӨЗІН САҚТАП КЕЛДІ
9—11. Киелі кітаптың талай қауіп-қатерден аман қалғаны қандай мысалдардан көрінеді?
9 Жаулары Киелі кітапты талай рет жойып жіберуге тырысқанымен, Ехоба өз Сөзін аман алып қалды. Католик энциклопедиясында былай делінген: “Альбигойцтар мен вальденстерге қарсы күрес жүріп жатқандықтан, 1229 жылы Тулузадағы жиында қарапайым адамдардың оларды [өз тіліндегі Киелі кітаптарды] қолдануына тыйым салынды... 1234 жылы Таррагонадағы (Испания) Яков І басқарған жиында да соған ұқсас жарлық шығарылды... Ал 1559 жылы бұл мәселеге Рим папасы алғаш рет араласты. Павел IV шығарған Индекс Қасиетті палатаның рұқсатынсыз жергілікті тілдегі Киелі кітаптарды басып шығаруға не иеленуге тыйым салды”.
10 Адамдар Киелі кітапты жоймақ болса да, Ехоба өз Сөзін аман алып қалды. Шамамен 1382 жылы Джон Уиклиф пен оның серіктестері Киелі кітапты ағылшын тіліне алғаш рет аударды. Уильям Тиндал да Киелі кітапты аударған. Осы үшін ол 1536 жылы өлімге кесілген болатын. Бағанаға байланған ол: “Ием, Англия патшасының көзін аша көр”,— деп айқайлаған. Бұдан кейін оны қылқындырып өлтіріп, денесін өртеп жіберген.
11 Көптеген қарсылықтарға қарамастан, Киелі кітап сақталып қалды. Мәселен, 1535 жылы Майлс Ковердейлдің ағылшын тіліндегі аудармасы жарық көрді. Ковердейл Тиндалдың “Жаңа өсиетін” және “Көне өсиетінің” Жаратылыстан Шежірелерге дейінгі бөлігін негізге алды. Ал қалған бөліктерді латын тілінен және Мартин Лютердің неміс тіліндегі Киелі кітабынан аударды. Ал бүгінде біздің қолымызда Киелі жазбалардың “Жаңа дүние аудармасы” бар. Ол түсінуге жеңіл, тура әрі қызметте қолдануға тиімді болғандықтан біз үшін аса бағалы. Ехобаның Шайтанға да, адамдарға да Киелі кітапты құртуға жол бермегеніне дән ризамыз.
ЕХОБА ӨЗ ЕСІМІН САҚТАП КЕЛДІ
12. Құдай есімінің сақталуында “Жаңа дүние аудармасының” рөлі қандай?
12 Ехоба Құдай өз есімінің Киелі кітапта сақталуы үшін қам жеді. Бұл ретте “Жаңа дүние аудармасы” маңызды рөл атқарады. “Жаңа дүние аудармасының” комитеті осы басылымның алғы сөзінде былай деген: “Жаңа дүние аудармасының” Грек жазбаларының негізгі мәтінінде Құдайдың бірегей есімі 237 рет кездеседі. Осы кітаптың 2-қосымшасында мұның себебі түсіндірілді. Құдайдың Ехоба деген есімі Киелі жазбаларда өзінің тиесілі жеріне қайта жазылды. Себебі Құдай есімінің киелі тұтылуы аса маңызды, сондай-ақ құтқарылу үшін барлық адамдар осы есімді шақыруы керек”. Бүгінде “Жаңа дүние аудармасы” — толығымен не жартылай — 116 астам тілге аударылып, 178 545 862 данасы басып шығарылған.
13. О баста адамзат Құдайдың есімін білген деп неліктен айтуға болады?
13 Алғашқы адамдар Адам ата мен Хауа ана Құдай есімін және оның қалай дұрыс айтылатынын нақты білген. Сондай-ақ Топан судан кейін баласы Хам өзіне құрмет танытпағанда, Нұх: “Шамның Құдайы Ехоба мадақталсын! Ал [Хамның ұлы] Қанахан оның құлы болсын!”— деген (Жар. 4:1 ЖД; 9:26 ЖД). Құдайдың өзі де: “Жаратқан Иемін [“Мен Ехобамын” ЖД], бұл — Менің есімім. Даңқымды басқаға бере салмаймын”,— деп жар салған. Сондай-ақ ол: “Мен Жаратқан Иемін [“Ехобамын” ЖД], жалғыз Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ!”— деген (Ишая 42:8; 45:5). Ехоба өз есімінің сақталып, бүкіл жер бетіндегі адамдарға мәлім болуына қам жасаған. Ехобаның есімін қолданып, оның Куәгерлері ретінде қызмет ету — біз үшін зор мәртебе! Біз, былайша айтқанда: “Құдайымыздың атынан ту көтереміз”,— деп дауыстаймыз (Заб. 19:6).
14. Киелі кітаптан басқа тағы қай жерде Құдай есімін кездестіруге болады?
14 Құдайдың есімі тек Киелі кітапта ғана кездеспейді. Мысалы, Өлі теңізден шығысқа қарай 21 шақырым жердегі Дибоннан табылған Моавит тасын алайық. Осы таста Исраил патшасы Омри жайлы жазылған, әрі онда Моаб патшасы Мешаның Исраилге қарсы бас көтергені туралы айтқан сөздері де бар (Пат. 3-ж. 16:28; Пат. 4-ж. 1:1; 3:4, 5). Бірақ Моавит тасының ерекшелігі — онда Құдай есімі ЕХБХ деген төрт әріптен тұратын тетраграмматон түрінде кездеседі. Бұл тетраграмматон Исраилде табылған Лахис хаттарында да, яғни қыш құмыралардың сынықтарына жазылған жазбаларда да көп кездеседі.
15. Септуагинт деген не және ол неліктен қажет болды?
15 Алғашқы Киелі кітап аудармашылары да Құдай есімінің сақталуына үлес қосқан. Б. з. б. 607 жылдан б. з. б. 537 жылға дейін Бабылда тұтқында болған көптеген яһудилер Яһуда мен Исраилге қайта оралмады. Б. з. б. ІІІ ғасырға таман көптеген яһудилер Александрияға (Мысыр) көшіп барды. Ол кезде грек тілі халықаралық тіл болғандықтан, оларға Еврей жазбаларының грек тіліндегі аудармасы қажет еді. Осылайша шамамен б. з. б. ІІ ғасырда Септуагинт деп аталатын грек тіліндегі аударма жарық көрді. Бұл аударманың кейбір көшірмелерінде Ехоба деген есім еврей тілінде кездеседі.
16. 1640 жылы алғаш жарық көрген кітапта Құдайдың есімі қалай қолданылған?
16 Ағылшындардың Америкадағы отарларында алғаш жарық көрген әдебиетте — Забур кітабында Құдай есімі кездеседі. Алғашқы рет 1640 жылы басып шығарылған бұл кітап еврей тілінен ағылшын тіліне аударылды. Онда Құдайдың есімі кездеседі. Мысалы, Забур 1:1, 2-тармақтарда “жарылқанған адамның” зұлымдардың кеңесіне құлақ аспайтыны, қайта, “Иехоуахтың заңынан” қуаныш табатыны айтылған. Құдай есімі туралы көбірек мәлімет алғыңыз келсе, “Құдайдың есімі мәңгілік” деп аталатын кітапшаны қараңыз.
ЕХОБА РУХАНИ ШЫНДЫҚТЫ САҚТАП КЕЛДІ
17, 18. а) Шындыққа қандай анықтама берер едің? ә) “Ізгі хабардың шындығына” не жатады?
17 Біз “ақиқаттың Құдайы” Ехобаға қуанышпен қызмет етудеміз (Заб. 30:6 Тт). Бір сөздіктегі анықтамаға сай, “қандай да бір жайтқа қатысты шындық дегеніміз — соған қатысты жорамалдар не ойдан шығарылған нәрселер емес, қайта, оған қатысты айғақтар” (“Collins Cobuild English Dictionary”). Киелі кітап жазылған көне еврей тілінің әдетте “шындық” деп аударылатын сөзі ақиқат, сенім артуға тұрарлық, шынайы не айғақтарға негізделген дегенді білдіреді. Ал гректің “шындық” деп аударылатын сөзі деректерге сай келеді немесе дұрыс та тура деген ой береді.
18 Ехоба рухани шындықты сақтап қана қоймай, оны бізге молынан ашуда (Жох. 2-х. 1, 2). Біз шындықты барған сайын айқын түсінудеміз, өйткені Нақыл сөздер 4:18-де: “Әділдің жолы таң шапағы іспетті тал түс болғанша жарқырай түседі”,— деп айтылған. Сонымен қатар біз Исаның дұғасындағы: “Сенің сөзің — шындық”,— деген сөздерімен толықтай келісеміз (Жох. 17:17). Құдай Сөзінде “ізгі хабардың шындығы”, яғни мәсіхшілер сенетін ілімдер жазылған (Ғал. 2:14). Олар Ехобаның есімі, оның бүкіләлемдік билігі, Исаның төлем құрбандығы, қайта тірілу және Патшалық туралы шындықтарды қамтиды. Ал қазір Шайтанның шындықты жасыруға тырысқанына қарамастан, Ехоба оны қалайша сақтап қалғанын қарастырайық.
ЕХОБА ШЫНДЫҚҚА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛДАРДЫ ТОЙТАРДЫ
19, 20. Нымрод кім болған және оның күндерінде қандай жоспар жүзеге аспай қалды?
19 Топан судан кейін ел аузында “Ехобаға қарсы шыққан мықты аңшы Нымродтай” деген сөз болған (Жар. 10:9 ЖД). Нымрод Ехоба Құдайға қарсы шыққандықтан, Шайтанға қызмет етті деуге болады. Ол Құдай Ұлына қарсы шыққан адамдар сияқты еді. Иса олар жайында: “Сендердің әкелерің — Ібіліс, соның қалауларын орындағыларың келеді. Ол... шындықтан тайып кетті”,— деді (Жох. 8:44).
20 Нымрод Бабылға және Тигр мен Евфрат өзендерінің арасындағы қалаларға билік жүргізген (Жар. 10:10). Шамамен б. з. б. 2269 жылы Бабыл қаласы мен ондағы мұнара соның басшылығымен тұрғызыла бастаған болса керек. Адамзат жер бетіне тарасын деген Ехобаның еркіне қарсы әрекет еткен Бабылдың құрылысшылары былай десті: “Өзімізге қала және төбесі көкке жететін зәулім мұнара тұрғызып алайық. Осылайша өз атымызды шығарайық, сонда біз жердің түкпір-түкпіріне бытырап кетпейміз”. Алайда олардың бұл істері аяқсыз қалды, өйткені Құдай “бүкіл әлемдегі тілді шатастырып”, мұнара соқпақ болғандарды жан-жаққа бытыратып жіберді (Жар. 11:1—4, 8, 9). Егер Шайтан жоғарыда айтылған істі барлық адамдар тек өзіне ғибадат ететін дінге бастама беру үшін ұйымдастырған болса, онда оның бұл жоспары жүзеге аспай қалды. Бүкіл адамзат тарихы бойы Ехобаға деген ғибадат сақталып келеді, әрі күннен-күнге зор қарқынмен дамуда.
21, 22. а) Неге жалған дін шынайы ғибадатқа ешқашан үлкен қауіп төндірген емес? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
21 Жалған дін шынайы ғибадатқа ешқашан үлкен қауіп төндірген емес. Неліктен? Өйткені Ұлы Тәлімгеріміз өз Сөзінің сақталуына қам жасады, өз есімін адамзатқа танытып отырды және рухани шындықтың сарқылмас Қайнар көзі болып келеді (Ишая 30:20, 21). Құдайға шындыққа сай ғибадат еткеніміз бізге қуаныш сыйлайды. Алайда мұндай ғибадат бізден әрдайым рухани сергек болуды, Ехобаға толықтай арқа сүйеуді және оның киелі рухының басшылығымен өмір сүруді талап етеді.
22 Келесі мақалада біз кейбір жалған ілімдердің қалай пайда болғанын қарастырамыз. Сондай-ақ бұл жалған ілімдердің Жазбалармен еш байланысы жоқ екенін білеміз. Бұған қоса, шындықтың теңдесі жоқ Қорғаушысы Ехобаның бізге шынайы ілімдер сыйлағанын да көреміз. Ал бұл ілімдер аса бағалы рухани мұрамыз болып табылады.
[Сілтеме]
^ абзац 5 Ишая 43:12 (ЖД): “Мен бұны күні бұрын айттым, құтқарып қалдым әрі баршаға мәлім еттім. Ол кезде сендердің басқа құдайларың болған емес. Сендер менің куәгерлерімсіңдер — дейді Ехоба,— ал мен Құдаймын”.