Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақсақалдар “қуанышты болуымыз үшін бізбен қызметтесіп жүр”

Ақсақалдар “қуанышты болуымыз үшін бізбен қызметтесіп жүр”

“Қуанышты болуларың үшін өздеріңмен қызметтесіп жүрміз” (ҚОР. 2-Х. 1:24).

1. Пауылдың Қорынттағы мәсіхшілер үшін қуануына не себеп болды?

БҰЛ б. з. 55 жылы еді. Троя қаласында жүрген елші Пауылдың бар ойы Қорынттағы бауырластарда болды. Сол жылдың басында Пауыл олардың арасында алауыздық бар екенін естіп, жүрегі ауырған еді. Әкелеріндей қамын ойлаған ол қорынттықтарға хат жазып, оларды түзетпек болады (Қор. 1-х. 1:11; 4:15). Бұған қоса, қызметтесі Титке сонда барып-қайтуды тапсырады. Ал өзі қорынттықтардың жағдайы туралы естуді аңсап, оны Трояда күтіп жүреді. Өкінішке қарай, Тит қайтып келмеді. Енді Пауыл не істемек? Ол Македонияға қарай жол тартып, сонда жеткенде Титті кездестіріп, қатты қуанады. Тит Қорынттағы бауырластардың Пауылдың жазғандарына құлақ асқандарын әрі өзін көруге құштар екендерін айтады. Пауыл мұндай жақсы хабарды естіп, “бұрынғыдан да қатты қуанды” (Қор. 2-х. 2:12, 13; 7:5—9).

2. а) Пауыл қорынттықтарға сенім мен қуаныш жайлы не жазды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Көп ұзамай Пауыл қорынттықтарға екінші хатын жазды. Ол: “Біз сенімдеріңе үстемдік етпейміз, қайта, қуанышты болуларың үшін өздеріңмен қызметтесіп жүрміз. Өйткені сендер сенімдеріңнің арқасында берік тұрсыңдар”,— деген (Қор. 2-х. 1:24). Мұнымен Пауыл не дегісі келген? Бұл сөздерден бүгінде ақсақалдар не нәрсеге үйренеді?

СЕНІМІМІЗ БЕН ҚУАНЫШЫМЫЗ

3. а) “Сендер сенімдеріңнің арқасында берік тұрсыңдар” деген сөздерімен Пауыл не айтқысы келді? ә) Бүгіндегі ақсақалдар Пауылдан қандай үлгі алады?

3 Пауыл мәсіхшілерде болу керек маңызды екі қасиетті атап өтті. Бұлар — сенім мен қуаныш. Ол сенім жайында: “Біз сенімдеріңе үстемдік  етпейміз... Өйткені сендер сенімдеріңнің арқасында берік тұрсыңдар”,— деп жазды. Осылайша Пауыл Қорынттағы бауырластардың оның не басқа біреудің арқасында емес, Құдайға өздері сенгендіктен берік тұрғанын мойындады. Сондықтан ол бауырластардың сенімін қадағалауды қажет көрмеді әрі бұлай етуді қаламады да. Пауыл олардың дұрыс нәрсені істеуді қалайтын адал мәсіхшілер екеніне сенімді болды (Қор. 2-х. 2:3). Бүгіндегі ақсақалдар да Пауылдың үлгісіне еліктеп, бауырластардың сенімдері бар екеніне және Құдайға таза ниетпен қызмет етіп жүргендеріне сенімді (Сал. 2-х. 3:4). Олар қауымда қатал ережелер орнатпайды, қайта, Жазбалардағы принциптерге және Ехобаның ұйымы берген басшылығына жүгінеді. Олар бауырластардың сенімдеріне үстемдік етпейді (Пет. 1-х. 5:2, 3).

4. а) Пауылдың “қуанышты болуларың үшін өздеріңмен қызметтесіп жүрміз” деген сөздері нені білдіреді? ә) Пауыл бүгіндегі ақсақалдарға қандай үлгі қалдырды?

4 Сондай-ақ Пауыл: “Қуанышты болуларың үшін өздеріңмен қызметтесіп жүрміз”,— деген. Бұл сөздерді Пауыл өзінің және жақын қызметтестерінің атынан айтқан. Мұны қайдан білеміз? Қорынттықтарға жазған сол хатында Пауыл: “Араларыңда Силуан, Тімөте үшеуміз уағыздаған Мәсіх Иса...”,— деп, екі қызметтесінің атын атаған (Қор. 2-х. 1:19). Сонымен қатар Пауыл хаттарында “қызметтес” деген сөзді қолданғанда, Ақила, Приска, Тімөте, Тит сияқты жақын серіктестеріне нұсқаған (Рим. 16:3, 21; Қор. 1-х. 3:6—9; Қор. 2-х. 8:23). Демек, ол “қуанышты болуларың үшін өздеріңмен қызметтесіп жүрміз” деуімен қорынттықтарды мынаған сендірді: оның өзі де, қызметтестері де қауымның әрбір мүшесі қуанышты болу үшін қолдан келгенді істеуді қалаған. Бүгінде де ақсақалдар осылай етуді қалайды. Олар бауырластарының Ехобаға “шаттанып қызмет етулеріне” көмектесу үшін қолдан келгенді істеуге дайын (Заб. 99:2; Філіп. 1:25).

5. Бауырластарға қандай сұрақ қойылды және олардың жауаптарын қарастыру барысында не туралы ой жүгірткеніміз жөн?

5 Әртүрлі елде тұратын бірнеше құлшынысты бауырластар жақында “Ақсақалдың қандай сөздері не істері сенің қуанышыңды арттырды?” деген сұраққа жауап берді. Төменде олардың берген жауаптары келтіріледі. Олардың айтқандарын өзіміздің жауабымызбен салыстырып көрейік. Сондай-ақ өз қауымымыздың қуанышына үлес қосу үшін әрқайсысымыз не істей алатынымыз туралы ойланайық *.

“СҮЙІКТІ ПЕРСИДАҒА СӘЛЕМ”

6, 7. а) Ақсақалдар Исаға, Пауылға және басқа да қызметшілерге қалай еліктей алады? ә) Неліктен бауырластардың есімдерін есте сақтағанымыз оларды қуантады?

6 Бауырластарымыздың көбісі ақсақал өздеріне жеке көңіл бөлгенде қатты қуанғандарын айтады. Басқаларға көңіл бөлуде ақсақалдар Дәуіттің, Елиуйдің және Исаның үлгісіне еліктейді (Патшалықтар 2-жазба 9:6; Әйүп 33:1; Лұқа 19:5 оқы). Ехобаның бұл қызметшілері адамның есімін атау арқылы шынайы қызығушылық білдірген. Пауыл да бауырластардың есімдерін есте сақтаудың әрі есімдерін атаудың маңызды екенін білген. Ол бір хатында 25-тен астам бауырластың есімін атап, оларға сәлем жолдаған. Солардың арасында Персида деген мәсіхші әйел де болды. Пауыл: “Сүйікті  Персидаға да сәлем”,— деген (Рим. 16:3—15).

7 Кейбір ақсақалдарға есімдерді есте сақтау оңай емес. Сөйтсе де осылай етуге күш салғанда, олар бауырластарына “сен мен үшін бағалысың” дегендей болады (Мыс. ш. 33:12). “Күзет мұнарасын” зерттеу барысында не басқа кездесулерде бауырластар түсініктеме беру үшін қол көтергенде, ақсақалдар есімдерін атау арқылы олардың қуанышына қуаныш қосады (Жохан 10:3 салыстыр).

ОЛ “ИЕМІЗ ҮШІН КӨП ЕҢБЕК СІҢІРДІ”

8. Пауыл Ехоба мен Исаның қандай үлгісіне еліктеген?

8 Пауыл шын жүректен мақтау арқылы да бауырластарға көңіл бөлген. Бұл олардың қуанышын арттырудың тағы бір маңызды жолы еді. Қорынттықтарға жазған хатында ол: “Өздеріңді қатты мақтан тұтамын”,— деген (Қор. 2-х. 7:4). Бұл сөздер қорынттықтарды бір марқайтып тастаса керек. Пауыл басқа да қауымдарды мақтаған (Рим. 1:8; Філіп. 1:3—5; Сал. 1-х. 1:8). Римдегі қауымға жазған хатында ол Персида жайлы: “Иеміз үшін көп еңбек сіңірген”,— деді (Рим. 16:12). Осы сөздер бұл адал бауырласымыздың көңілін қалай өсірді десеңші! Пауыл басқаларды мақтауда Ехоба мен Исаның үлгісіне еліктегені сөзсіз (Марқа 1:9—11; Жохан 1:47 оқы; Аян 2:2, 13, 19).

9. Мақтау сөз айту мен есту неліктен қауымның қуанышын арттырады?

9 Бүгінде ақсақалдар бауырластарды бағалайтындарын айтудың өте маңызды екенін біледі (Нақ. с. 3:27; 15:23). Осылай еткенде, олар бауырластарға былай дегендей болады: “Мен сенің еңбегіңді байқадым. Сенің жағдайың мен үшін бәрібір емес”. Бауырластар ақсақалдардың жігерлі сөздерін естуге расында да мұқтаж. Жасы 50-дің ортасына келіп қалған бір әйел бауырлас былай деп бөлісті: “Жұмыста мақтау сөздерді өте сирек естимін. Әріптестерім суық әрі бақталасуға бейім. Сол себепті қауымда атқарған ісім үшін ақсақал мақтағанда, мен сондай сергіп, шабыттанып қаламын. Осыдан көктегі Әкемнің мені қатты жақсы көретінін сеземін”. Екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған бір әкені ақсақал шын жүректен мақтайды. Бұл оған қалай әсер етті екен? Ол былай дейді: “Ақсақалдың айтқандары мен үшін нағыз демеу болды”. Иә, ақсақалдардың мақтау сөздері қауымдағылардың рухын көтеріп, қуанышын арттырады. Ал бұл өз кезегінде олардың еш шаршамай, өмір жолында берік тұруларына көмектеседі (Ишая 40:31).

“ОТАРҒА БАҚЫЛАУШЫ ЕТІП ТАҒАЙЫНДАДЫ”

10, 11. а) Ақсақалдар Нехемияға қалай еліктей алады? ә) Бақташылық сапармен барғанда бауырласпен “рухани сыймен бөлісу” үшін ақсақал не істей алады?

10 Ақсақалдар үшін бауырластарға көңіл бөлудің әрі қауымның қуанышын арттырудың ең маңызды жолы қандай? Бұл — жігерге мұқтаж жандарға көмектесу үшін бірінші болып әрекет ету (Елшілердің істері 20:28 оқы). Осылай ету арқылы олар ертедегі бақылаушыларға еліктейді. Мысалы, яһуди бауырлары рухани әлсірей бастағанда, адал бақылаушы Нехемияның не істегеніне көңіл бөлейікші. Киелі кітапта оның “тұрып”, халықты жігерлендіргені жазылған (Нех. 4:14). Бүгінде де ақсақалдар осылай етуге ықыласты. Олар да бауырластардың сенімі берік болуға көмектесу үшін “тұрады”, яғни бірінші болып әрекет етеді. Мәсіхшіге жігер беру үшін, мүмкін болса, оның үйіне барады. Осындай бақташылық сапармен барғанда, олар “рухани сыймен бөлісуді” қалайды  (Рим. 1:11). Бұлай ету үшін ақсақалдар не істей алады?

11 Бауырласқа бақташылық сапармен бармас бұрын, ақсақалдың уақыт бөліп, ол туралы ойланғаны дұрыс. Оның қандай қиындықтары бар? Қандай ойлар оған жігер берер еді? Киелі кітаптағы қай тармақ не қай кейіпкердің оқиғасы оның жағдайына сай келеді? Ақсақалдың осындай жайттар туралы алдын ала ойланғаны үйреншікті болып қалған емес, бауырласқа шынымен пайдасы тиетін сөздерді айтуына көмектеседі. Осындай сапар кезінде ақсақалдар бауырластың ішіндегісін ақтарып айтуына мүмкіндік беріп, мұқият тыңдайды (Жақ. 1:19). Бір әйел бауырлас: “Ақсақалдың сені жүрегімен тыңдағаны жігер береді екен”,— дейді (Лұқа 8:18).

Алдын ала дайындалғаны ақсақалға бақташылық сапармен барғанда “рухани сыймен бөлісуге” көмектеседі

12. Қауымда кімдер жігерге мұқтаж және неліктен?

12 Ақсақалдар бақташылық сапармен кімдерге барады? Пауыл өзімен қызметтес болған ақсақалдарға: “Бүкіл отарға да мұқият болыңдар”,— деп кеңес берген. Иә, қауымның әрбір мүшесі жігерге мұқтаж, олардың арасында жылдар бойы адал қызмет етіп келген жариялаушылар мен ізашарлар да бар. Неліктен олар бағушылардың қолдауына мұқтаж дей аламыз? Себебі рухани күйлері мықты бауырластар да кейде өздерін осы зұлым заманның қысымына төтеп бере алмайтындай сезініп жатады. Сенімі берік Құдай қызметшісінің өзі кейде басқа бауырластың көмегін неліктен қажет ететінін түсіну үшін, Дәуіт патшаның басынан өткен бір оқиғаны қарастырайық.

“ӘБІШАЙ ДӘУІТКЕ КӨМЕККЕ КЕЛДІ”

13. а) Ишби-Беноб Дәуіттің қандай күйін пайдаланып қалғысы келді? ә) Әбішай Дәуітті ненің арқасында құтқара алды?

13 Патша болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай Дәуіт алыптар тараған Рафа ұрпақтарының бірі Ғолиятпен жекпе-жекке шығады. Сол жекпе-жекте батыл Дәуіт алыпты өлтіреді (Пат. 1-ж. 17:4, 48—51; Шеж. 1-ж. 20:5, 8). Бірнеше жылдан соң філістірлермен  болған шайқаста Ишби-Беноб деген тағы бір алып Дәуітке қарсы шығады. Ол да Рафаның ұрпағы болатын (Пат. 2-ж. 21:16). Бұл жолы әлгі алып Дәуітті өлтіруге шақ қалады. Бұлай болуының себебі Дәуіттің қорқынышқа бой алдырғанында емес, шаршап қалғанында еді. Киелі кітапта: “Дәуіттің әлі кетіп қалжырады”,— делінген. Ишби-Беноб оның әлсірегенін байқай салысымен оны “өлтірмек болды”. Алып оған сүңгісін қадайын деп жатқан сәтте “Сарұяның ұлы Әбішай Дәуітке көмекке келді де, філістірге тап беріп, оны өлтіріп тастады” (Пат. 2-ж. 21:15—17). Дер кезінде келген көмек деп осыны айт! Өзіне назарын салып жүргені және өміріне қауіп төнгенде тез арада көмекке келгені үшін Дәуіттің Әбішайға шексіз риза болғаны сөзсіз. Бұл оқиғадан біз қандай сабақ аламыз?

14. а) Ғолияттай қиындықтарды қалай жеңе аламыз? ә) Қалай ақсақалдар бауырластарға күш беріп, қуаныштарын жандандыра алады? Мысал келтір.

14 Шайтан мен оның қол астындағылар Ехобаның қызметшілерінің жолына бөгет қойса да, олар дүниежүзі бойынша қызметтерін атқарып жүр. Кейбіріміз өте үлкен қиындықтармен кезіктік, бірақ Ехобаға толық арқа сүйеудің арқасында сол “Ғолияттарды” жеңе алдық. Алайда осы дүниенің қысымымен үздіксіз күресе жүріп, біз кейде шаршап, жігеріміз таусылып жатады. Осылай қажыған кезде, біз әлсіз боламыз әрі бұрын жеңіп келген қиындықтар енді бізді “өлтіре” жаздауы мүмкін. Мұндай жағдайда ақсақалдың дер кезінде көрсеткен көмегі қуанышымызды қайта жандандырып, күш береді. Бұны көп бауырластар растай алады. Жасы 60-тың ортасына келіп қалған бір ізашар былай дейді: “Бір кездері мен өзімді нашар сезіндім әрі қызметтен де шаршап жүрдім. Қауқарымнан айырылғанымды ақсақал байқап, менімен сөйлесті. Біз Киелі кітаптан бір үзінді оқып, жақсы әңгімелестік. Мен оның берген кеңестерін қолданып, соның пайдасын көрдім. Ақсақалдың әлсіз күйімді байқап, көмек бергені қандай жақсы болды!” Шынында да, бізді назарында ұстап, Әбішай сияқты көмекке келуге дайын ақсақалдардың болғаны жүрекке жылу береді емес пе?!

ОЛАР ПАУЫЛДЫҢ ӨЗДЕРІН СҮЙЕТІНДЕРІН БІЛДІ

15, 16. а) Бауырластар Пауылды неліктен қатты жақсы көрген? ә) Біз қауымдағы ақсақалдарды неліктен жақсы көреміз?

15 Ақсақалдар ауыр еңбек етеді. Олар Құдайдың отары туралы дұға ету үшін не бауырластарға рухани көмек көрсету үшін кей кездері ұйқысыз түндер де өткізеді (Қор. 2-х. 11:27, 28). Десе де олар Пауылға еліктеп, жауапкершіліктерін толықтай әрі қуанышпен атқарады. Пауыл қорынттықтарға: “Сендердің жандарың үшін барымды қуана беремін, өзімді де еш аямаймын”,— деп жазған (Қор. 2-х. 12:15). Иә, ол бауырластарын сүйгендіктен, оларды нығайту үшін өзін еш аямаған (Қорынттықтарға 2-хат 2:4 оқы; Філіп. 2:17; Сал. 1-х. 2:8). Бауырластардың Пауылды қатты жақсы көргенінде күмән жоқ! (Ел. іс. 20:31—38).

16 Бүгінде біз де қамқор ақсақалдарымызды жақсы көреміз және оларды бергені үшін Ехобаға жеке дұғада ризашылық білдіреміз. Олар әрқайсысымызға көңіл бөлу арқылы қуанышымызды арттырады. Бақташылық сапармен келгенде де айтқан сөздерімен бізге қанат бітіреді. Сондай-ақ осы дүниенің қысымынан қажыған кезімізде олардың демеу болуға дайын тұратындары үшін ризамыз. Иә, осындай байқампаз ақсақалдар, расында да, “қуанышты болуымыз үшін бізбен қызметтесіп жүр”.

^ абзац 5 Жоғарыда айтылған бауырластарға “Сен үшін ақсақалдың әсіресе қандай қасиеті бағалы?” деген де сұрақ қойылды. Олардың көбісі “Ақсақалдың жылы шырай танытатыны әрі онымен еркін сөйлесуге болатыны” деп жауап берді. Бұл маңызды қасиет жайында кейінгі мақалалардың бірінде қарастырамыз.