ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК
Құдайдың есімі
Миллиондаған адам Құдайды Тәңір, Жаратқан Ие, Алла немесе жай ғана Құдай деп атайды. Дегенмен Құдайдың өз есімі бар. Оны білу қажет пе?
Құдайдың аты кім?
АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ.
Өзін мәсіхшіміз деп есептейтіндердің көбісі Құдайдың есімі Иса деп біледі. Өзгелері болса жалғыз бір ғана Құдіретті Құдай болғандықтан, оны жеке есімімен атау қажет емес дейді. Ал тағы біреулер Құдайдың атын ауызға алуға болмайды деп жатады.
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Құдіретті Құдайдың аты Иса болуы мүмкін емес, өйткені Иса — Құдіретті Құдай емес. Негізі, Иса ізбасарларына Құдайға былай деп дұға етуді үйреткен: “Әке, сенің есімің киелі тұтылсын!” (Лұқа 11:2). Исаның өзі Құдайға сиынғанда: “Әке, есіміңді даңқтай көр”,— деген (Жохан 12:28).
Киелі кітапта Құдайдың мынадай сөздері бар: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім. Ұлылығымды ешкімге бермеймін” (Ишая 42:8). “Ехоба” деген есім — еврейдің ЙХВХ деген төрт дауыссыз әрпінің қазақ тіліндегі аудармасы. Ол Құдайдың есімін білдіреді. Ехоба деген есім Еврей жазбаларында шамамен 7000 рет кездеседі *. Бұл есім “Құдай”, “Жаратқан Ие”, “Құдай Тағала” деген лауазымдардан да, Ыбырайым, Мұса, Дәуіт пайғамбарлардың аттарынан да жиі кездеседі.
Киелі кітаптың еш жерінде Ехоба өзінің есімін орынды түрде қолдануға тыйым салмаған. Керісінше, ол жерден Құдайдың қызметшілері бұл есімді емін-еркін қолданғанын көруге болады. Олар тіпті балаларына Құдай есімімен байланысты аттар қойған. Мысалы, Ілияс деген есім “Менің Құдайым — Ехоба” дегенді білдіреді. Ал Зәкәрия деген есімнің мағынасы: “Ехоба есіне алды”. Құдайдың қызметшілері кәдімгі әңгіме барысында да Құдайдың есімін айтудан тартынбаған (Рут 2:4).
Құдай біздің есімін қолданғанымызды қалайды. Киелі кітап: “Ехобаға алғыс айтыңдар, есімін атап шақырыңдар”,— деп талпындырады (Зәбүр 105:1). Онда тіпті “есімі туралы ой жүгіртетіндерді” Құдай өзінің естелік кітабына жазып қоятыны айтылған (Малахи 3:16).
“Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (Зәбүр 83:18).
Ехоба деген есімнің мағынасы қандай?
Кейбір зерттеуші-ғалымдар Ехоба деген есім еврей тілінен аударғанда, “Ол болғызады” дегенді білдіретінін айтады. Бұл тіркес Құдай өз ниетін іске асыру үшін, өзін және жаратылыстарын кім болу керек болса, сол болғыза алатынына меңзейді. Мұндай мағынасы бар есім құдіретті Жаратушыға ғана жарасады!
МҰНЫ БІЛУДІҢ МАҢЫЗЫ.
Құдайдың есімін білгеніңіз оған деген ойыңызды өзгертеді. Мысалы, онымен дос болудың қаншалықты оңай екенін түсінесіз. Түптеп келгенде, біреумен жақын дос болу үшін оның есімін білу керек қой?! Құдайдың сізге өз есімін ашқаны оның сізбен дос болуды қалайтынын көрсетеді (Жақып 4:8).
Ехоба өзінің барлық уәделерін орындап, әрдайым өз есіміне сай әрекет ететін Құдай екеніне сенімді болыңыз. Оның Сөзінде: “Есіміңді білетіндер өзіңді медет тұтады”,— деп бекер айтылмаған (Зәбүр 9:10). Ехобаның есімі айнымас сүйіспеншілік, мейірімділік, жанашырлық және әділдік сияқты қасиеттермен астасып жатқанын білгенде, сіз де оған сенім артатын боласыз (Мұсаның 2-жазбасы 34:5—7). Ехоба уәделерін орындағанда, өзінің осы қасиеттерінен ешқашан аттап кетпейтінін білу қаншалықты жұбаныш береді десеңізші?!
Құдіретті Құдайдың есімін білу — шынымен де асқақ мәртебе. Өйткені оның игілігін қазір де, болашақта да көреміз. Құдай былай деп уәде етеді: “Есімімді білгендіктен, оны қорғайтын боламын” (Зәбүр 91:14).
“Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады” (Жоел 2:32).
^ 9-абзац Киелі кітаптың көп аудармасында Құдай есімі “Жаратқан Ие” деген лауазыммен ауыстырылған. Кейбір аудармаларда болса Құдайдың есімі бірен-саран тармақта не сілтемеде сақталған. Ал “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” Құдайдың есімі бүкіл кітап бойынша кеңінен қолданылған.