Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Жыныстық тәрбие

Жыныстық тәрбие

ҚИЫНДЫҚ

Осыдан 20-30 жыл бұрын ата-аналардың балаларымен бірінші болып жыныстық қатынас жайлы сөйлесуге мүмкіндіктері болатын. Олар осы тақырыпқа қатысты жайттарды балаларының жасы мен қажеттіліктерін ескере отырып, бірте-бірте түсіндіріп бере алатын.

Бірақ қазір заман басқа. Бір еңбекте былай делінген: “Балалар жыныстық қатынас туралы жайттарды барған сайын ерте жастан біліп жатыр және оларға арналған бағдарламаларда осы тақырыптағы мәлімет көбейген үстіне көбеюде” (“The Lolita Effect”). Осы жаңа үрдіс балаларға пайда әкеле ме, әлде зиянын тигізе ме?

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Қайда қарасақ та, арсыздықтан көз сүрінеді. Дебора Рофман деген жазушы өз кітабында былай деген: “Әңгімелер, жарнамалар, бейнефильмдер, кітаптар, өлең сөздері, телебағдарламалар, хабарламалар, ойындар, билбордтар, телефон, компьютер — қайсысын алсақ та, ондағы бейнелер, сөздер мен емеуріндер арсыздық пен азғындыққа толы. Осының салдарынан көбісі (жасөспірімдер, тіпті кішкентай балалар) жыныстық қатынас... ең маңызды нәрсе болу керек деген ойға келетін көрінеді. Кем дегенде, олар өздері байқамай осылай ойласа керек” (“Talk to Me First”).

Сауда-саттықтың үлесі. Жарнама жасаушылар мен саудагерлер балаларға өз жастарына лайық емес киімдерді ұсынып, кішкентайынан сырт көрініске тым көп көңіл бөлуге талпындырады. Осы жайлы бір кітапта былай делінген: “Балалардың өз қатарларынан қалғылары келмейтінін жақсы білетін саудагерлер мұны өз пайдаларына асырады. Ұятсыз бейнелер мен тауарларды шығарудың мақсаты балаларды бұзу емес, сауданы жүргізу” (“So Sexy So Soon”).

Біліп қана қою жеткіліксіз. Көліктің не екенін білу мен жауапкершілікті сезінетін жүргізуші болудың арасында айырмашылық бар. Дәл сол сияқты жыныстық қатынас туралы білу мен сол білімді қолданып дұрыс шешім қабылдау — екі бөлек нәрсе.

Ойтүйін. Балаларыңыз “жаман мен жақсыны ажырата алу” үшін әсіресе бүгінде оларға “түйсіну қабілетін” дамытуға көмектескеніңіз маңызды (Еврейлерге 5:14).

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Шет қалмаңыз. Балаларыңызға жыныстық тәрбие беруден қысылатын шығарсыз, бірақ бұл сіздің жауапкершілігіңіз екенін түсінгеніңіз жақсы (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 22:6).

Қысқаша әңгімелесіп тұрыңыз. Арнайы уақыт бөліп, ұзағынан сөйлесудің орнына, күнделікті туындайтын мүмкіндіктерді пайдаланған жақсы. Мысалы, балаңызбен көлікте отырғанда я екеуіңіз үй тірліктерін жасап жатқанда, оны әңгімеге тартсаңыз болады. Балаңыз ойын ашып айта алу үшін оған көзқарасын білуге көмектесетін сұрақтар қойыңыз. Айталық, “Осындай жарнама саған ұнай ма?” деудің орнына “Жарнама жасаушылар не себепті осындай бейнелерді қолданады?” деп сұрасаңыз болады. Балаңыз жауап берген соң, “Бұл жайлы өзің не ойлайсың?” деп сұраңыз (Киелі кітаптың кеңесі: Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7).

Жасын ескеріңіз. Мектепке бармайтын балаға жыныс мүшелерінің өз атауларын айтып түсіндірген жақсы. Сондай-ақ оған азғын әрекеттер жасағысы келген адамдардан қорғануды үйретуге болады. Ал өсе келе оған балалар қалай пайда болатынын түсіндіруге болады. Жыныстық жетілу кезеңінде баланың жыныстық қатынастың тәндік және моральдық тұстары жайлы көбірек білгені орынды.

Өнегелік құндылықтарды үйретіңіз. “Баланы жастан” демекші, баланы ерте кезден-ақ шыншылдық, адалдық және құрмет сияқты игі қасиеттерге баулыған дұрыс. Ал кейіннен осы қасиеттерді арқау етіп, жыныстық тәрбие беруге болады. Сондай-ақ балаға өнегелік құндылықтарыңызды нықтап үйретіңіз. Мысалы, некеге дейінгі жыныстық қатынасты құптамасаңыз, мұны ашық айтып, оның не себепті дұрыс емес әрі қауіпті екенін түсіндіріңіз. Бір кітапта былай делінген: “Жасөспірімдер жыныстық қатынасқа түскендерін ата-аналары құптамайтынын білсе, мұндай әрекеттен тартынатын болады” (“Beyond the Big Talk”).

Үлгі көрсетіңіз. Балаңызға үйреткен құндылықтарыңызды өзіңіз де ұстаныңыз. Сіз ұятсыз қалжыңдарға күлесіз бе? Ашық не тырысқан киім киесіз бе? Қылымсып, қырындайсыз ба? Бұлар балаңыздың бойына сіңіргіңіз келген құндылықтардың қадірін түсіреді (Киелі кітаптың кеңесі: Римдіктерге 2:21).

Дұрыс түсінік қалыптастырыңыз. Жыныстық қатынас — Құдайдың ерлі-зайыптыларға берген сыйы. Некеге тұрғандар үшін ол зор ләззаттың көзі бола алады (Нақыл сөздер 5:18, 19). Ұл-қызыңызға өз уақыты келгенде бұл сыйдың дәмін тата алатынын айтып түсіндіріңіз. Сонда ол некеге дейінгі жыныстық қатынастың салдарынан болатын бақытсыздық пен қайғы-мұңға душар болмайды (Тімөтеге 1-хат 1:18, 19).