Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | ЖАСТАР

Өзгерістерге дайынсың ба?

Өзгерістерге дайынсың ба?

ҚИЫНДЫҚ

  • Әкеңнің жұмысымен байланысты отбасыларың басқа жерге көшу керек.

  • Жақын досың алысқа көшкелі жатыр.

  • Ағаң не әпкең неке құрып, үйден кетіп барады.

Сен осындай өзгерістерге қаншалықты дайынсың?

Жел бағытына қарай майыса алатын ағаш дауыл тұрғанда сынбай аман қалады. Сен де осы ағаш сияқты еркіңнен тыс болатын өзгеріс желінің бағытына қарай “майысып”, икемделе білсең, мұның көп пайдасын көресің. Осыны қалай істеуге болатынын қарастырмас бұрын, өзгерістер жайлы бірер маңызды жайтқа тоқталайық.

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Өзгерістерді айналып өту мүмкін емес. Киелі кітапта мынадай айнымас шындық жазылған: адамдардың бәрі де “кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады” (Уағыздаушы 9:11). Ертелі-кеш осы сөздердің растығына сенің де көзің жетеді. Әрине, кездейсоқ жағдайлардың бәрі бірдей жаман емес. Басында қиын болып көрінген өзгерістердің арты жақсы болуы мүмкін. Дей тұрғанмен тұрақтылық көп адамға жағады, ал өзгерістер, жақсы не жаман болсын, біраз ыңғайсыздық тудырады.

Өзгерістер әсіресе жастарға ауыр тиеді. Неге? Алекс * есімді жігіт былай деп түсіндіреді: “Бұл шақта сенің жан дүниеңде көп өзгерістер болып жатады. Ал сырттағы өзгерістер жағдайыңды одан сайын қиындатады”.

Ересек адамдардың өмірлік тәжірибелері көп болады. Өзгеріс болған жағдайда олар бұрын дәл осындай кезде не істегендерін еске алады. Ал өмірлік тәжірибелері аз жастар жаңа жағдайға кезіккенде тосылып қалады.

Жағдайға икемделуді үйренуге болады. Икемделу сәтсіздіктен кейін тез қалпыңа келіп, жағдайға қарай ыңғайлана білуді білдіреді. Мұндай қабілеті бар адам өзгерістерге шыдап қана қоймай, сол жағдайдың жақсы жақтарын көре біледі. Сондықтан жағдайға икемделе білетін жасөспірімдер қиындыққа кезіккенде, есірткі мен ішімдіктен алданыш іздемейді.

НЕ ІСТЕУІҢЕ БОЛАДЫ?

Шындыққа тура қара. Сен өміріңде болып жатқан барлық жағдайды қадағалағың келетін шығар. Бірақ бұл мүмкін емес. Мысалы, достарың көшіп кетеді я отбасын құрады, бауырларың есейіп, бөлек шығады. Я болмаса достарың мен жаныңа жақын барлық нәрсені артта қалдырып, отбасыңмен бірге басқа жерге көшуге тура келуі мүмкін. Мұндайда іштей қарсыласудың орнына шындыққа тура қарағаның жақсы (Киелі кітаптың кеңесі: Уағыздаушы 7:10).

Болашаққа көз тік. Өткенді ойлай берсең, көлікті айдап келе жатып, оның артқы көрініс айнасынан көз алмаған жүргізуші сияқты боласың. Жүргізуші бар назарын алдындағы жолға аударғаны дұрыс, ал айнаға ара-тұра қарағаны жөн. Жүргізуші сияқты өміріңде өзгеріс болған кезде бар назарыңды алдағы өміріңе аударғаның жақсы (Нақыл сөздер 4:25). Мысалы, келесі айда я келесі алты айда қандай мақсатқа қол жеткізгің келер еді?

Оң көзқарас сақта. Лаура есімді қыз былай дейді: “Жағдайға икемделе білуге оң көзқарас сақтағаның көп көмектеседі. Әр жағдайдың жақсы жақтарын көре білу керек”. Ойланып көрші, сен тап болған жаңа жағдайдың кем дегенде бір жақсы тұсы бар ма екен? (Киелі кітаптың кеңесі: Уағыздаушы 6:9)

Жасөспірім кезінде Виктория есімді қыздың барлық жан достары басқа жаққа көшіп кеткен болатын. Сол уақытты еске алған ол былай дейді: “Менің көңілім құлазып, бәрі бұрынғыдай қала берсе ғой деп ойладым. Бірақ қазір ойлап қарасам, сол кезден бастап есейе бастаған екенмін. Есею үшін өзгерістер аса қажет екенін түсіндім. Сондай-ақ сол уақытта айналамдағы адамдармен достасудың керемет мүмкіндіктерін көре бастадым” (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 27:10).

Өткенді ойлай берсең, көлікті айдап келе жатып, оның артқы көрініс айнасынан көз алмаған жүргізуші сияқты боласың

Басқаларға жақсылық жаса. Киелі кітапта: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар”,— делінген (Філіпіліктерге 2:4). Өз қиындығыңмен күресудің бір жақсы жолы — қиындық көрген басқа адамдарға көмектесу. 17 жасар Анна былай дейді: “Есейе келе бір нәрсені түсіндім. Дәл өзімдікіндей я одан да жаман қиындыққа тап болған адамға қол ұшын бергенде, бұл жақсылығым жақсылық болып қайтатын!”

^ 11-абзац Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.