Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-КЕҢЕС

Ұстамдылықтың жемісі мол

Ұстамдылықтың жемісі мол

ҰСТАМДЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Ұстамды адам...

  • қалауын тез қанағаттандыруға асықпайды;

  • сезімдерін тежей алады;

  • ұнамайтын істерді де аяқсыз қалдырмайды;

  • өзгені өзінен жоғары қояды.

ҰСТАМДЫЛЫҚ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

Ұстамдылыққа үйренген бала жаман істерден, тіпті ол рақат әкелетіндей көрінсе де, бас тарта алады. Ал ұстамдылыққа дағдыланбаған бала көп жағдайда:

  • ашушаң келеді;

  • жан күйзелісіне ұшырайды;

  • темекі тартып, ішімдікке я есірткіге салынады;

  • зиянды тамақтар жейді.

Жүргізілген бір зерттеуге сай, бала кезінде ұстамдылыққа үйренгендер өскенде денсаулықпен, ақшамен байланысты қиындыққа көп кезікпейді, әрі олар заңға бағынатын азамат болады. Осы зерттеуді жүргізген Пенсильвания университетінің психология ғылымының профессоры Анджела Дакворт: “Ұстамдылық ешқашан көптік етпейді”,— деп тұжырым жасады.

ҰСТАМДЫЛЫҚҚА БАУЛУ

“Жоқ” дегеніңіз құбылмалы болмасын

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын” (Матай 5:37).

Ата-анасының шешімін білсе де, өз дегенін істету үшін балалар тіпті жұрттың көзінше жер бауырлап жылап, айқай-шу шығарып жатады. Ата-анасы ырқына көнсе, бала айқай-шумен ата-ананың “жоқ” дегенін “иә” дегенге айналдыруға болады екен ғой деп ойлауы мүмкін.

Ал ата-анасы “жоқ” деген сөзінен таймаса, бала мына бір өмір шындығын түсінеді: біз қалағанымызды қалаған уақытта ала алмаймыз. “Осыны түсінген адамдар өмірде анағұрлым бақыттырақ. Бұл қызық естілетін шығар, бірақ бұл солай,— дейді психолог Дэвид Уолш. — Балаларымызға “қалағаның алдыңа топ етіп түсе қалады” деп үйретсек, оның пайдасынан зияны көп” *.

Қазірден бастап балаға “жоқ” деп айта білсеңіз, ол есейген шақта есірткіге, некеге дейінгі жыныстық қатынасқа я басқа да зиянды істерге “жоқ” деп, бас тарта алатын болады.

Жақсы мен жаманның салдары барын түсіндіріңіз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7).

Балаңыз кез келген істің салдары бар екенін түсіну керек. Ұстамсыздықтың да салдары қуантпайды. Мысалы, ұлыңыздың қит етсе ашуланатын әдеті болса, адамдар оны сырт айналып жүретін болады. Ал қитығына тигенде ашуын тежей алса, я болмаса біреу сөйлеп жатқанда, ұлыңыз сөзін бөлмей сабырмен тыңдай білсе, адамдар оған тартылады. Көп жағдайда ұстамдылық жақсы жеміс әкелетінін түсінуге көмектесіңіз.

Ненің маңызды екенін түсіндіріңіз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңіз” (Філіпіліктерге 1:10).

Ұстамдылық деген жамандықтан аяқ тартуды ғана білдірмейді, бұл қажетті істі, тіпті онша ұнатпаған я қызықпаған жағдайда да атқаруды білдіреді. Балаңыз ненің маңызды екенін шешіп, соны бірінші атқаруды үйренгені дұрыс. Мысалы, алдымен үй жұмысын жасап, сосын ойнағаны жөн.

Жақсы үлгі болыңыз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім” (Жохан 13:15).

Көңіліңізді түсірген жағдайларда қалай әрекет ететініңізді балаларыңыз байқайды. Ұстамдылықтың арты жақсылыққа апаратынын өз үлгіңізбен көрсетіңіз. Мысалы, балаңыз бірдеңе бүлдіргенде, ашуланып шыға келесіз бе, әлде сабырлық сақтайсыз ба?

^ 20-абзац “No: Why Kids—of All Ages—Need to Hear It and Ways Parents Can Say It” деген кітаптан алынған.