Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жастар қайғы жұтқанда

Жастар қайғы жұтқанда

Отбасыңда жақыныңнан айырылып, жаның қасірет тартып жүр ме? Бұл қайғы дертіне не ем бола алады? Төменнен Киелі кітаптың жас жігіт пен екі қызға қалай жұбаныш болғанын оқып көр.

ДЭМИДІҢ ОҚИҒАСЫ.

Дэми

“Алғашында жай ғана бас ауруы сияқты көрінген. Алайда әкемнің ауырсынуы өршігендіктен, анам жедел жәрдем шақырды. Сосын әкемді ауруханаға алып кетті. Сол кезде оны соңғы рет көріп тұрғанымды білгенімде ғой. Үш күннен кейін әкем ми қан тамырының қалталанып кеңіп кетуінен (медицинада аневризма) қайтыс болды. Мен ол кезде небәрі алты жаста едім.

Одан кейінгі жылдары әкемнің өлімі үшін өзімді кінәлай бердім. Жедел жәрдемнің әкемді соңғы рет әкетіп бара жатқан бейнесі ойыма орала берді. “Неменеге қалшиып тұра бердім? Неге бірдеңе істемедім?” деген сияқты сұрақтар маза бермейтін. Денсаулығы нашар үлкен кісілерді көргенде: “Неге бұлар тірі де, ал менің әкем қайтыс болды?”— деп ойлайтынмын. Анам менің жүдеген көңілімді сұрап, әңгімеге тарта бастады. Біз Ехоба куәгерлері болғандықтан, бір сенімдегі достарымыз да үлкен қолдау көрсетті.

Жақынын жоғалтқанда, бірден қайғыру жан жарасының тез тартылуына көмектеседі деп ойлайды кейбірі. Ал мен болсам, керісінше, бірнеше жыл түк сезбей, 13-14 жасқа келгенде бір-ақ қайғыдан қан жыладым.

Ата-анасынан айырылған жастарға бір айтарым — іштегі алай-түлей сезімдерді өзгелерге айту қажет. Бұны неғұрлым ерте істесең, жан дертіңнен соғұрлым ерте айығасың.

Өмірдің түрлі соқпағынан сүрінбей өту, әкемнің жоқ екенін білу оңай емес. Бірақ мен Киелі кітаптағы Құдайдың мына уәдесінен жұбаныш табамын: “Құдай (біздің көзіміздегі) әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4).

ДЕРИКТІҢ ОҚИҒАСЫ.

Дерик

“Балалық шақтан қалған керемет естеліктердің бірі — әкеммен балық аулауға баратынымыз бен тауға шығатынымыз. Ол тауларды жақсы көретін.

Біраз уақыт әкемнің жүрегі ауырып жүрді. Кішкентай кезімде оған ауруханаға бір-екі рет барғаным есімде. Сол кезде әкемнің халі мүшкіл екенін түсінбеппін. Тоғыз жаста болғанымда әкем жүрек ақауынан қайтыс болып кетті.

Сонда көз жасым көл болды. Еңсемді ауыр жүк басып, ешкіммен сөйлескім келмеді. Өзімді ешқашан осыншалықты жаман сезінбеппін. Еш нәрсеге зауқым соқпады. Бастапқыда мен барып жүрген шіркеудің жастары маған көңіл бөлетін, бірақ көп ұзамай-ақ бұларын доғарды. Шіркеудегілер “әкеңнің ажалы келген ғой”, “оны Құдай өзіне алды”, “ол қазір аспанда” дейтін. Бұл жауаптар мені ешқашан қанағаттандырмайтын. Осы тақырыпқа қатысты Киелі кітапта не жазылғанын да білмеппін.

Кейін анам Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Артынша ағам екеуіміз де оқи бастадық. Біз өлген адамдардың қандай күйде болатынын және Құдайдың оларды қайта тірілтетінін білдік (Жохан 5:28, 29). Маған таптырмас көмек болған бірден-бір тармақ — Ишая 41:10. Онда: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін”,— деп жазылған. Өмірімнің ауыр кезеңінде Ехобаның жанымда болғанын білгенім маған демеу болды. Ол әлі де менің тіренішім”.

ДЖЕННИДІҢ ОҚИҒАСЫ.

Дженни

“Жеті жасымда анам қатерлі ісік ауруынан дүние салды. Бәрі түсімде болып жатқандай еді. Анамның үйде жатып көз жұмғаны есімде. Ата - әжем үйде жүрген. Қатты жоқтап жатқан ешкім болған жоқ. Кешкі асқа жұмыртқа жедік. Өмірім күрт өзгерді. Бірақ бұл өңім емес сияқты еді.

Сол уақытта, содан кейінгі жылдары да кішкентай сіңлім үшін мен мықты болуым керек деп, сезімдерімді үнемі басып отырдым. Тіпті қазір де жаным ауырғанда, еш білдіртпей жүремін. Ал бұның зияны болмаса, келер пайдасы жоқ.

Біз баратын қауымдағы Ехоба куәгерлері сүйіспеншіліктерін аямай, бізге тірек болды. Патшалық сарайында өтетін кездесулерге барып жүргенімізге көп болмаса да, сенушілер бізге туған бауырларындай қарады. Бір жыл бойы әкеме кешкі ас дайындаудың қажеті болмады. Себебі оны бізге сенуші достарымыз әкеп беретін.

Маған Зәбүр 25:16, 17-дегі сөздер күш береді. Оны жазған жыршы Құдайға былай деп жалынған: “Маған жүзіңді бұрып, ықыласыңды түсірші, себебі мен жападан-жалғызбын, дәрменсізбін. Жүрегімдегі қасіретім молайып кетті, қиыншылықтарымнан құтқаршы мені”. Жаным жабырқағанда қасымда үнемі біреудің бар екеніне қуанамын. Құдай мені тастамайды. Киелі кітаптағы сөздердің арқасында әрі қарай өмір сүруге күш таптым. Сондай-ақ Құдайдың қайта тірілту уәдесі сияқты жағымды жайттарды ойлап, оң көзқарас сақтап жүрмін. Менің анаммен қайта қауышу үмітім бар. Сол кезде анам жұмақ орнаған жерде кемелді денсаулықпен өмір сүреді! (Петірдің 2-хаты 3:13).

Қайғы жұтқан адамдарға Киелі кітапта тағы қандай жұбаныш сөздер бар екенін білгіңіз келе ме? “Жақын адамың қайтыс болғанда” (орысша) деген кітапшаны www.isa4310.com/ru сайтынан тегін жүктей аласыз. Бұл үшін БАСЫЛЫМДАР / КІТАПТАР МЕН КІТАПШАЛАР деген жерге кіріңіз.