Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК

Уайым

Уайым

Уайым адам үшін пайдалы да, зиянды да бола алады. Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер уайымның осы екі түрін ажыратып, сарыуайымға салынбауға көмектеседі.

Уайымдау қалыпты сезім бе?

ӨМІР ШЫНДЫҒЫ.

Уайымдағанда адам бойын мазасыздық, алаңдаушылық, қамығу сияқты сезімдер билейді. Аласапыран заманда өмір сүріп жатқандықтан, қай-қайсысымыз да сарыуайымға салынып жатамыз.

КИЕЛІ КІТАП НЕ ДЕЙДІ?

Дәуіт пайғамбар кезінде: “Қашанғы уайымға салынып, жүрегім күн сайын қан жылай бермек?”— деген (Зәбүр 13:2). Құдайдың айнымас сүйіспеншілігіне сенім артқан Дәуіт жүрек сырын ақтарып, Құдайға дұға еткен. Бұл оған уайым-қайғыдан тізе бүгіп қалмауға көмектескен (Зәбүр 13:5; 62:8). Жаратушымыз бізді іштегі бар мұң-шерімізді оған ақтаруға шақырады. Киелі жазбаларда: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:7).

Сүйікті жандарымыздың қамын жасасақ, оларды ойлап уайымдай бермейміз

Уайымның пайдалы жағы, ол көп жағдайда адамды қандай да бір шара қолданып, әрекет етуге талпындырады. Мәселен, Киелі кітаптың Пауыл есімді бір жазушысы “барлық қауымдарды ойлап, күнде уайымдаған”. Сондықтан ол әрекет етіп, оларды жұбатқан әрі еңселерін көтерген (Қорынттықтарға 2-хат 11:28). Уайымдау сезімі Пауылды мұқтаждарға қол ұшын беруге талпындырғандықтан, аталмыш жағдайда бұл пайдалы уайым болды. Бізбен де осылай болуы мүмкін. Ал егер екінші шекке шығып, немқұрайды, селқос болып кетсек, бұл бойымызда сүйіспеншіліктің жоқтығын көрсетер еді (Нақыл сөздер 17:17).

“Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4).

Шектен тыс уайымдамау үшін не істеуге болады?

ӨМІР ШЫНДЫҒЫ.

Адамдар өткенін, болашағын немесе ақшаны ойлап уайымдап жатады *.

КИЕЛІ КІТАП НЕ ДЕЙДІ?

Бұрында жасаған күнәларды ойлап қамығу. І ғасырдағы Құдайдың қызметшілерінің арасындағы кейбіреулер кезінде маскүнем, азғын, ұры болған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Олар өткенді ойлап жабырқай бермей, қайта, өмір салтын ретке келтіріп, Құдайдың зор рақымдылығына сенген. Иә, Құдай пенделерге рақым етуге дайын. Зәбүр жырында Құдайға қатысты былай делінген: “Адамдар сені қастерлеу үшін, олардың күнәларын толықтай кешіресің” (Зәбүр 130:4).

Ертеңін ойлап уайымдау. “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар”,— деген Иса пайғамбар (Матай 6:25, 34). Демек, ол бүгінгі күннің ғана қамын жасауға шақырған. Ал егер ертеңгі күніміздің қамын жей берсек, бүгінгі күннің мәселесін одан бетер қиындатып жібереміз. Нәтижесінде санамыз тұманданып, асығыс шешім қабылдап қоюымыз мүмкін. Ал ертеңгі күні бәрі басқаша болып шықса, уайымымыздың бекер болғаны.

Ақша уайымы. Бірде данышпан бір кісі Құдайдан: “Кедейлік те, байлық та бере көрме”,— деп өтінген екен (Нақыл сөздер 30:8). Ол қанағатшыл болып, Құдайдың ықыласына бөленгісі келген. Құдай Сөзінде былай жазылған: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: — Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын,— деген” (Еврейлерге 13:5). Ақша бүгін бар, ертең жоқ. Ал Құдай өзіне арқа сүйейтін және қарапайым тұрмыс кешетіндерді ешқашан құралақан қалдырмайды.

“Құдайдың әділді тастап кеткенін не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зәбүр 37:25).

Еш нәрсені уайымдамайтын кез келе ме?

КЕЙБІР АДАМДАР НЕ ДЕЙДІ?

2008 жылы “Гардиан” газетінде жарық көрген мақалада бір журналист: “Біз уайымның жаңа дәуіріне қадам басудамыз”,— деп жазды. Ал 2014 жылы “Уолл-стрит джорнэл” газетінде американдықтар туралы: “Қазір уайымдау дәрежесі бұрын-соңды болмағандай жоғары көрсеткішке ие болып отыр”,— деп жазылды.

КИЕЛІ КІТАП НЕ ДЕЙДІ?

“Сарыуайым жүректі күйзелтеді, жақсы сөз оны шаттыққа толтырады” (Нақыл сөздер 12:25). Әсіресе Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарда жақсы сөздер көптеп табылады (Матай 24:14). Құдай орнатқан бұл үкімет жақында ешкімнің қолынан келмейтін нәрсені жасайды. Ол уайыммен қоса, оның түпкі себептері — күнә мен өлімді де жоқ қылады! “Құдай [адамдардың] көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4).

“Үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық сыйласын!” (Римдіктерге 15:13).

^ 10-абзац Уайымның ауыр дертіне шалдыққан жандарға дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. “Ояныңдар!” журналы қандай да бір ем-шараны жарнамаламайды.