ЖЕР ПЛАНЕТАМЫЗ АМАН ҚАЛА МА?
Мұхиттар
МҰХИТТАР адамзатқа көп азық қана емес, дәрі-дәрмекке қажет өнімдер де береді. Жердегі оттегінің жартысынан көбін мұхит бөледі. Мұхиттар адамдардың іс-әрекеттерінің салдарынан көбейіп жатқан көмірқышқыл газын сіңіріп алады. Сондай-ақ ауа райын реттеп отырады.
Мұхиттарға қауіп төніп тұр
Климаттың өзгеруі маржан рифтеріне, моллюскілерге және басқа да теңіз тіршілігіне қауіп төндіруде. Зерттеушілердің болжамы бойынша, мұхиттағы рифтердің барлығы дерлік алдағы 30 жылдың ішінде жойылып кетуі мүмкін. Ал рифтер теңіздегі бізге мәлім жаратылыстардың, кем дегенде, төрттен бір бөлігін қолдап-қуаттайды.
Сарапшылардың есебі бойынша, теңізде қоректенетін құстардың 90 пайызы пластик жеп жүргенге ұқсайды. Ал мұхиттағы пластиктердің кесірінен жыл сайын миллиондаған теңіз жануарлары қырылып жатқан көрінеді.
БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш 2022 жылы былай деді: “Біз мұхиттарды мүлдем қорғамай кеттік. Енді олар дабыл қағып, бізден көмек сұрап жатқандай”.
Планетамыз өз-өзін емдей алады
Адамзат ластамаса, мұхиттар мен ондағы тіршілік өз-өзін таза күйде сақтай алады. Олар сондай қасиетпен жаратылған. Танымал бір кітапта айтылғандай, мұхиттың қандай да бір бөлігін адамдардың ластауынан қорғаса, “ерекше қасиетінің арқасында мұхиттар өз-өзін үздіксіз тазартып, қалпына келтіріп отыра алады” (“Regeneration: Ending the Climate Crisis in One Generation”). Қалайша?
-
Фитопланктон деп аталатын микроскопиялық ағзалар көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп алады. Ал бұл газ — ғаламдық жылынуды тудыратын газ. Жердегі ағаштар, шөптер мен басқа да өсімдіктер — бәрі бірігіп қанша көмірқышқыл газын сіңірсе, сонша газды бір-ақ фитопланктон сіңіре алады.
-
Бактериялар өлі балықтардың қалдықтарымен қоректенеді. Олар болмағанда бұл қалдықтар мұхитты ластайтын еді. Кейін бұл бактериялардың өздері теңіз тіршіліктеріне азық болады. Смитсон институтының мұхит порталында айтылғандай, осы процестердің арқасында “мұхит таза да мөлдір күйде сақталады”.
-
Мұхиттағы көп тіршілік иелері ас қорыту жүйесінің арқасында мұхиттың қышқыл суын пайдалы сілтілі суға айналдыра алады. Олай болмағанда, қышқыл судың маржандарға, моллюскілер мен басқа да тіршілікке зияны тиер еді.
Жасалып жатқан шаралар
Қалдық тасталмаса, мұхитты тазалаудың да қажеті болмас еді. Сондықтан мамандар бір рет қолданып тастайтын пластик заттардан гөрі жуып, қайта қолдануға болатын контейнерлер, сөмкелер мен ыдыстарды қолдануға шақырады.
Қоршаған ортаны қорғайтын бір ұйым жақында 112 елде мұхит жағасынан толқынмен келген 9200 тонна қоқыс жинаған. Бұл — бір-ақ жылдың ішінде жиналған қоқыс және ол мұхитқа жыл сайын тасталатын қоқыстың мыңнан бір бөлігі ғана.
“Нэшнл джиогрэфик” журналы мәлімдегендей, “мұхиттың қышқылдануы қайта қалпына келместей жағдайға жеткен секілді”. Адамдар әлемдік экономиканы ұстап тұрған газ, мұнай, көмір сияқты арзан отындарды жаға беретіні сонша — теңіз жануарларының мұхитты тазалауға шамалары жетпей жатыр.
Үміттенуге себеп бар. Киелі жазбалардың айтары
“Жер бетін жаратылыстарыңа толтырдың. Теңіз бар өзі терең, өзі шалқар, Құжынап жүр онда үлкен-кіші жануарлар” (Зәбүр 104:24, 25).
Жаратушымыз мұхиттарды өз-өзін тазарта алатын қасиетпен жаратқан. Ойланып көріңіз: теңіз бен ондағы күллі тіршілікті жаратуға құдіреті жеткен Құдайдың ластанған мұхиттарды түгелімен қалпына келтіруге де құдіреті жетеді емес пе?! 15-беттегі “Құдай планетамыз аман қалады деп уәде етеді” деген мақаланы қараңыз.