Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Жасөспірімдер және депрессия

Жасөспірімдер және депрессия

“КҮЙЗЕЛІСКЕ түскен кездері еш нәрсеге зауқым соқпайды, тіпті сүйікті істеріммен де айналысқым келмей қалады. Бар қалайтыным — ұйықтау. Жиі мені ешкім жақсы көрмейді деп ойлап, өзімді түкке тұрғысыз әрі басқаларға ауыртпалық болып жүргендей сезінемін”,— дейді Анар есімді қыз *.

Фариза былай дейді: “Мен өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. Өлгім келгендіктен емес, осындай күйден құтылғым келгендіктен. Әдетте мен адамдардың көңіліне қарауға тырысамын. Бірақ жаным күйзелгенде, маған бәрібір болып кетеді”.

Анар мен Фариза депрессияға 13-14 жастарында душар болды. Ара-тұра еңсенің түсуі көп жастарға тән. Бірақ бұл екі қыздың жан азабы бірнеше аптаға, тіпті айларға созылған. Бұл жайында Анар былай дейді: “Мұндай кездері өзімді шығу мүмкін емес, қараңғы, терең орға түсіп кеткендей сезінемін. Есімнен адасып, кім екенімді ұмыта бастағандай боламын”.

Анар мен Фаризаның күйін кешкендер бүгінде аз емес. Күйзеліске түскен жастардың саны барған сайын артуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлімдеуінше, депрессия 10—19 жас аралығындағы ұл-қыздардың жан саулығы мен тән саулығын мұқалтатын басты себеп болып отыр.

Жан күйзелісінің белгілері жеткіншектерде кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Бұндайда ұйқы, тәбет пен салмаққа қатысты өзгерістер болып жатады. Сондай-ақ түңілу, үмітсіздік, мұңаю және өзін түкке тұрғысыз сезіну сияқты белгілер де байқалуы мүмкін. Бұған қоса, жұрттан оқшаулану, зейін қою мен есте сақтау қабілетінің төмендеуі, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттену не сол жайында ойлану мен медицина түсіндіріп бере алмайтын басқа да белгілерді атауға болады. Психиатрия саласының мамандары жан күйзелісінің бар-жоғын анықтағанда, әдетте бірнеше аптаға созылған және күнделікті істерге кедергі жасайтын бір топ белгіні назарға алады.

КЕЙБІР СЕБЕПТЕРІ

ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, “депрессия көптеген факторлардың қатар әсер етуінен туындайды. Бұған қоғамдық, психологиялық және биологиялық факторлар жатады”. Солардың кейбіріне тоқталып өтейік.

Физиологиялық факторлар. Фаризаның жағдайында болғандай, адамның депрессиямен ауыруына генетикалық факторлардың да белгілі бір әсері болуы мүмкін. Олар адам миындағы химиялық реакцияларға әсер ететін көрінеді. Қауіп төндіретін басқа факторларға жүрек-қан тамыры аурулары, гормондар деңгейінің өзгеруі және есірткі, ішімдік сияқты заттарға деген әуестік кіреді. Мұндай заттарды үздіксіз қолдану депрессияны күшейтуі мүмкін, тіпті сау адамды депрессияға ұшыратуы мүмкін *.

Стресс. Адамның аздап стреске ұшырауы пайдалы болғанмен, созылмалы я шектен тыс стресс адамның тән саулығы мен жан саулығына зиянын тигізбей қоймайды. Кей жағдайларда бұл табиғатынан осал келетін жасөспірімдерді жан күйзелісіне ұшыратуы мүмкін. Дей тұрғанмен депрессияның нақты себебі әлі күнге дейін белгісіз. Бұған жоғарыдағыдай бірсыпыра факторлар әсер ететін көрінеді.

Баланы депрессияға ұшыратуы мүмкін стресс ошақтарына ата-анасының ажырасуы я бөлек тұруы, жақын адамының қайтыс болуы, біреуден физикалық не жыныстық қорлық көруі, күтпеген ауыр жағдайға тап болуы, науқастануы және оқу-үйренуде қиындықтарының болуы жатады. Әсіресе осындай қиындықтары бар баланы басқалар шеттететін болса, бұл оған ауыр тиеді. Сондай-ақ ата-ананың тым көп нәрсе күтуі, мысалы оқуда жетістіктерге жетуін талап етуі, баланың еңсесін басуы мүмкін. Бұған қоса, басқа балалардан жәбір көру, алдағы белгісіздіктен қорқу, депрессиямен ауыратын анасының я әкесінің жеткілікті көңіл бөлмеуі және ата-ананың құбылмалы мінез-құлқы сияқты себептерді де атап өту керек. Депрессияға ұшыраған жасөспірім балаға не көмектеседі?

ЖАН МЕН ТӘН САУЛЫҒЫҢДЫ КҮТ

Депрессияның орташа және ауыр түрін емдеуде дәрі-дәрмек қабылдау мен психиатрия саласы мамандарымен кеңесудің көмегі зор *. Иса пайғамбар бірде: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет”,— деген (Марқа 2:17). Ауру ағзаның кез келген жеріне әсер ете алады. Бұған біздің миымыз да кіруі мүмкін! Адамның миы мен денесі тығыз байланыста болғандықтан, бәлкім, күнделікті айналысатын істерге қатысты өзгерістер жасау қажет болар.

Егер сен торығып жүрген болсаң, жан мен тән саулығыңды жақсарту үшін ақылға қонымды шаралар қолдан. Мысалы, дұрыс тамақтан, жеткілікті демал және үзбей дене шынықтырумен айналыс. Дене жаттығулары көңіл күйді көтеріп, күш-жігеріңді арттырады және ұйқыңды жақсартады. Мүмкін болса, жаман көңіл күйдің белгілері мен себептерін ерте бастан байқап, ондайда не істеуге болатынын ойластыр. Жаныңа жақын адамыңа ішіңдегіні ақтарып айт. Үй ішіндегілер мен достарыңның жұмыла көрсеткен қолдауы жағдайыңды жақсартып, депрессиямен күресуге көмектесер. Күнделік арнап, ойларың мен сезімдеріңді сонда жазып жүрсең болады. Жоғарыда сөз етілген Фаризаға бұл көп көмектескен. Бәрінен бұрын, Құдайға ғибадат етумен байланысты істерге көңіл қойғаның дұрыс. Солай етсең, өмірге оң көзқараспен қарайтын боласың. Иса пайғамбар: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты”,— деген (Матай 5:3).

Дұрыс тамақтан, жаттық және жеткілікті ұйықта

Құдайға жақындай түскенің жаныңа жұбаныш болады

Анардың да, Фаризаның да бұған көздері жетті. Анар былай дейді: “Құдайға ғибадат етумен байланысты істермен айналысқанымның арқасында өз қиындықтарымды ғана ойлай бермей, басқаларға көңіл бөлетін болдым. Бұған қол жеткізу әрдайым оңай бола бермейді, бірақ нәтижесінде әлдеқайда қуанышты болып жүремін”. Ал Фаризаның Құдайға дұға етіп, Киелі кітапты оқығаны жантыныштығына бөлейді. Ол былай дейді: “Құдайға ішімдегінің бәрін ашып айтқаннан кейін, көңілім жай табады. Киелі кітапты оқыған сайын, Құдай үшін бағалы екеніме және ол менің қамымды шынымен ойлайтынына көзім жете түседі. Мен болашағыма зор үмітпен қарайтын болдым”.

Ехоба * Құдай біздің Жаратушымыз болғандықтан, алған тәрбиеміз, басымыздан өткен жағдайлар мен геніміздің көзқарасымыз бен сезімдерімізге әсер ететінін жақсы біледі. Сондықтан ол бізге қажетті қолдау мен жұбаныш бере алады. Бұл үшін Құдай жанашыр да түсінігі мол қызметшілерін қолдануы мүмкін. Ал болашақта ол адамзатты жан мен тән ауруларының қай-қайсысынан да айықтырады. Сол кезде ешкім: “Мен науқаспын”,— деп айтпайтын болады (Ишая 33:24).

Киелі кітапта “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” деген уәде жазылған (Аян 21:4). Не деген жанға жағымды сөздер десеңші! Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты қандай мақсаты бар екенін білгің келсе, jw.org/kk сайтына кірсең болады. Ол жерден Киелі кітапты онлайн оқи аласың және жан күйзелісі мен басқа да тақырыптағы мақалаларды таба аласың.

^ 3-абзац Есімдер өзгертілген.

^ 10-абзац Жүздеген ауру, дәрі-дәрмек пен есірткі түрлері адамның көңіл күйіне әсер етіп жатады. Мұндайда адамның медициналық тексеруден өтуі аса қажет болуы мүмкін.

^ 14-абзац “Ояныңдар!” журналы қандай да бір емшара түрін ұсынбайды.

^ 17-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.