ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК
Аспан
Өлген соң адам аспанға барады деген ілімнің төңірегінен дау-дамай мен ой талас ешқашан толастамаған. Ал Құдай Сөзіндегі бұған қатысты ой көпшіліктің пікірінен мүлдем басқа.
Адамдар аспанға бара ма?
КЕЙБІР АДАМДАР НЕ ДЕЙДІ?
Аспан мен оның жаратылу мақсатына қатысты адамдардың нанымдары сан алуан. Мысалы:
-
Христиан дінін ұстанушылар “Жаңа католик энциклопедиясында” жазылған ілімді құптайды. Ол кітап аспанды “Иеміздің жолында өлген адамдардың өмір сүретін мекені” деп сипаттайды.
-
Бенцион Кравитц деген раввиннің айтуынша, иудаизм о дүниеден гөрі жердегі өмірге көп назар аударады. Алайда ол былай дейді: “Адамның жаны аспанға барған соң, Құдайға бұрынғыдан бетер жақын болады, әрі мол түсінікке ие болады. Осылайша ол сөзбен айтып жеткізе алмайтын ұлы сезімге бөленеді”. Дегенмен Кравитц мырза: “Иудаизм о дүние бар деп үйреткенмен, Тәуратта бұл жайында өте аз айтылған”,— деп мойындады.
-
Индуизм мен буддизм ілімі бойынша аспан бірнеше рухани деңгейден тұрады. Бұл діндердің түсіндіруінше, аспан — өлген адамның жаны өмірге қайтадан туылмас бұрын тұрақтайтын орын немесе адамның күйі. Мысалы, адам Нирвана деп аталатын аспаннан да жоғары күйге ене алады.
-
Басқа біреулер болса аспан туралы ешқандай діни ілімге сенбейді. Олардың ойынша, бұл ілімдердің бәрі ақылға қонымсыз.
КИЕЛІ КІТАП НЕ ДЕЙДІ?
Киелі кітапта “аспан” не “көк” сөзінің әртүрлі мағынасы бар. Мысалы:
-
Мұсаның 1-жазбасы 1:20-да қанаттылардың “жер үстіндегі аспан кеңістігінде” ұшып жүргені айтылған. Бұл жердегі “аспан” көзімізге көрінетін көк аспанды, атмосфера қабатын білдіреді.
-
Ишая 13:10-да “көктегі жұлдыздар мен шоқжұлдыздар” деп ғарыш кеңістігі айтылып отыр.
-
Киелі кітап көктің Құдай мен періштелердің тұрағы екенін айтады (Патшалар 1-жазба 8:30; Матай 18:10). Байқасаңыз, мұнда “көк” сөзі бейнелі мағынадағы емес, тура мағынадағы мекен-тұрақты білдіріп тұр *.
“Көктен назарыңды салшы, биіктегі киелі де салтанатты тұрағыңнан қарашы” (Ишая 63:15).
Өлген соң жақсы адамдардың бәрі көкке бара ма?
Киелі жазбалардың айтуынша, жер жай ғана өлімді күтіп, көз жұмған соң аспанға кететін тұрақ емес. Сондай-ақ онда Құдайдың о баста адамдарды өлу үшін жаратпағаны анық айтылған. Ал енді мына жайлы ойланып көрейікші:
-
О баста Құдай Адам ата мен Хауа анаға: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар”,— деген (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Жер адамның мәңгілік тұрағы болмақ еді. Адам ата мен Хауа ана Құдайға мойынсұнбаған жағдайда ғана өлмек еді. Өкінішке қарай, олар мойынсұнбауды шешіп, нәтижесінде өлім құшты (Мұсаның 1-жазбасы 2:17; 3:6).
-
Алғашқы жұптың тіл алмағанының кесірі өздеріне ғана емес, бүкіл ұрпақтарына да тиді. Олардың бәрі де өлетін болды (Римдіктерге 5:12). Адамзат енді еш үмітсіз бе?
-
Киелі кітапта: “Біз [Құдайдың] уәдесіне сай, әділдік орнайтын жаңа аспан мен жаңа жерді күтудеміз”,— делінген * (Петірдің 2-хаты 3:13). Болашақта Құдай өзінің үкіметі арқылы жерді жаратылған мақсатына сай, қалпына келтіреді. Сол уақытта “енді қайтып өлім болмайды” (Аян 21:3, 4). Бұл жерде өлім болмайды деп көкті айтып тұр ма, әлде жерді ме? Өлім “енді қайтып болмайды” дегенге қарағанда, бұрын өлім болған жер бетін айтып тұр. Ал аспанда яки көкте ешқашан өлім болмаған. Біз жерде өмір сүру үшін жаратылғанбыз әрі сүйікті жандарымызбен бірге жерде бақытты өмір кешкіміз келеді. Сондай-ақ Киелі жазбаларда өмірден өткен адамдардың қайта тіріліп, жақындарымен жер бетінде қауышатыны да айтылған (Жохан 5:28, 29).
Киелі кітаптағы о дүниеге қатысты жазылған шындық көп адамның жүрегін тербейді. Бұрында католик болған Джордж деген кісі былай дейді: “Киелі кітаптан адамдардың жер бетінде мәңгі өмір сүре алатынын білгенім жаныма жай берді. Бұл ілім адамдар аспанға барады дегеннен әлдеқайда ақылға қонымды” *.
“Көк Ехобаға тиесілі, ал жерді ол адам баласына берді” (Зәбүр 115:16).
^ 13-абзац Әрине, Құдай біз сияқты ет пен сүйектен тұрмайды. Ол — рухани Тұлға (Жохан 4:24). Сондықтан оның мекені біздің ұстап-көруге болатын әлемімізден басқа рухани ортада болу керек.
^ 19-абзац Мұнда “жаңа жер” деп бейнелі мағынада айтылып тұрғандықтан, бұл жаңа бір планетаны білдірмейді. Керісінше, жерде өмір сүретін қоғамды білдіреді (Зәбүр 66:4).
^ 20-абзац Киелі кітаптың айтуынша, Құдай Патшалығының қол астында тек санаулы адам ғана — 144 000 адам — Иса Мәсіхпен бірге көкте билік етеді (Петірдің 1-хаты 1:3, 4; Аян 14:1).