Жақыныңыз айықпас дертке шалдыққанда
ДАРИНА 54 жастағы күйеуінің миынан қатерлі ісік табылғанын естігенде есеңгіреп қалды *. Дәрігерлер оның бірер ай ғана өмірі қалғанын айтты. “Өз құлағыма өзім сене алмадым. Бірнеше апта бойы дел-сал болып жүрдім. Мұның бәрі бізбен емес, басқа біреумен болып жатқандай еді. Мен дайын болмай қалдым”,— деп еске алды Дарина.
Өкінішке орай, Даринаның сезімі көбімізге таныс. Емге бой бермейтін ауруға кез келгеніміз шалдығуымыз мүмкін. Көбісінің сондай жақындарының күтімін өз мойындарына алып жатқаны мақтауға тұрарлық. Әйткенмен науқас адамға қарау — оңай шаруа емес. Оны қалай жұбатып, қалай күткен жөн? Осындай ауыр кезеңде күтім жасаушылар бойларында туатын түрлі сезіммен қалай күресе алады? Науқастың ақтық күндерінде қандай жайттарды күткен жөн? Алдымен, айықпас дертке шалдыққан туыстарға қараудың неліктен ерекше қиын мәселе болып отырғанына тоқталайық.
БҮГІНГІ ТАҢНЫҢ МӘСЕЛЕСІ
Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын тіпті дамыған елдердің өзінде адамның орташа өмір ұзақтығы айтарлықтай қысқа болған. Індет жұқтырған не оқыс оқиғаға тап болғандардың өмірлері ұзаққа бармайтын. Ауруханада орындар шектеулі болатын, әрі науқастарға көбінше туыстары қарап, олар өз шаңырақтарында көз жұматын.
Медицина дамығанының арқасында бүгінде дәрігерлер ажалға араша түсіп, аурумен қызу күрес жүргізуде. Бұрында қандай да бір дерттен адамдар тез өліп кететін болса, қазір аурумен күресіп, өмірді көп жылға ұзартуға болады.
Алайда бұл жылдардың жанға шипа болып жатқаны шамалы. Науқастар жиі азапты күн кешіп, өз-өздеріне қарай алмай жатады. Ал мұндай жандарға күтім көрсету қиын әрі көп күшті талап етеді.Қазіргі заманда науқастардың үйде емес, емханада көз жұмуы белең алып барады. Сондықтан көбісі адам өмірінің соңғы күндері қалай өтетінін білмейді, адамның ақтық сапарға аттануын ешқашан көрмеген де. Ауру туысына қарау керек болғанда, олар алдағы белгісіздіктен қорыққандықтан, әбігерге түсіп, сасып қалады. Мұндайда не істеуге болады?
ЖОСПАР БАРДА АМАЛ БАР
Жақынымыз емі жоқ дертке шалдыққанда, Дарина сияқты көбіміздің жігеріміз құм болып жатады. Үдей түсетін уайым-қайғы мен қорқыныш басқан осы шақта бекем болуға не көмектеседі? Құдайдың бір адал қызметшісі: “Бізге күндерімізді санауды үйретші, дана жүрекке ие болайық”,— деп сиынған екен (Зәбүр 90:12). Өмірінің соңғы кезеңінде сүйікті адамыңызбен мүмкіндігінше жақсы уақыт өткізу үшін, Жаратушымыз Ехобаға жалбарыныңыз. Одан күндерді даналықпен санауды үйретуін сұраңыз.
Бұл үшін мықты жоспар қажет. Науқас туысыңыздың сөйлесуге шамасы келсе әрі тартынбаса, ес-түссіз күйде болғанда ол үшін кім шешім қабылдайтынын сұрап алған дұрыс болар. Ол жан сақтау шараларына, ауруханаға жатуға, қандай да бір емшараларға келісетін-келіспейтінін ашық талқылап алған абзал. Сонда түсініспеушіліктер көп болмайды, әрі ес-түссіз жатқан науқас үшін шешім қабылдаған туыстар өздерін кінәлі сезінбейді. Мәселені ерте бастан талқылап алсаңыздар, отбасы болып жұмыла күтім жасай аласыздар. “Кеңесші көп болса, жоспар жүзеге асады”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 15:22).
ЖӘРДЕМ БЕРУ ЖОЛДАРЫ
Күтім жасаушының негізгі міндеті — науқасқа жұбаныш беру. Ауыр халдегі адам үшін басқалардың оны жақсы көретінін әрі жалғыз емес екенін білу маңызды. Бұны қалай істеуге болады? Бәлкім, оған ұнайтын кітап оқып, жанын жадырататын ән айтып беруге болар. Көп науқасқа туыстары олардың қолынан ұстап, жылы-жұмсақ сөйлегені жағады.
Науқас адамға жағдайын білуге кім келгенін айтып отырған дұрыс. Бір мәліметке сай, бес сезу қабілетінің ішінде адам есту қабілетінен соңғы кезекте айырылады екен. Науқас ұйықтап жатқандай көрінгенмен, бәрін естіп жатуы
мүмкін. Сондықтан оның көзінше айта алмайтын нәрсені өзгеге айтудан аулақ болыңыз.Жағдайға қарай, бірге дұға айтыңыздар. Киелі кітапта елші Пауылдың серіктестерімен қиын жағдайға тап болып, ажалмен бетпе-бет келгені айтылған. Олар көмекті қайдан күтті? Елші өзінің достарына: “Жалбарына дұға етулеріңмен сендер де бізге көмектесе аласыңдар”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 1:8—11). Расында да, қатты әбігерге түскенде, бейдауа ауруға шалдыққанда, Құдайға бар жүрекпен дұға айтудың маңызы зор.
ШЫНДЫҚҚА ТУРА ҚАРАУ
Жақсы көретін адамымыз өледі деген ойдың өзі жанға қатты батады. Бұл түсінікті де, себебі өлім біздің табиғатымызға жат. Адам баласы өлімді тіршіліктің бір бөлігі деп қабылдайтындай жаратылмаған (Римдіктерге 5:12). Осы себеппен де өлім Құдайдың Сөзінде “жау” делінген (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Сондықтан жақын туысымызды ажалға мүлдем қимайтынымыз — оғаш нәрсе емес, кәдімгі жайт.
Сөйтсе де болашаққа тура қарау үй ішіндегілердің үрейін сейілтіп, барынша науқастың жағдайын ойлауға көмек болмақ. “ Науқастың ақырғы апталарында” деген қоршаудан орын алатын кей жайттарды білуге болады. Бұл белгілер барлық науқаста бірдей дәл сондай ретпен байқалмайтын шығар. Дегенмен науқастардың көбісі сол өзгерістердің кем дегенде бірнешеуін бастан өткереді.
Жақыныңыз дүниеден озған соң, көмегін ұсынған досыңызбен байланысқаныңыз жақсы. Себебі күтім көрсеткендер мен отбасына бұдан былай сүйікті жандарының азап шекпейтінін, қиналмайтынын айтып, көңілдерін орнықтыру қажет болуы мүмкін. Жаратушының “өлгендер ештеңе білмейді” деген сөздері бәрімізге жұбаныш береді (Уағыздаушы 9:5).
БАСТЫ ҚАМҚОРШЫМЫЗ
Жақынымыз хал үстінде жатқанда ғана емес, ол көз жұмып, қабырғамыз қайысқан шақта да Құдайға арқа сүйеу қажет. Ол сізді жігерлі сөздерімен де, өзгелердің көмегімен де демей алады. Дарина былай дейді: “Мен көмектескісі келген ешкімнің қолын қайтармауды үйрендім. Нәтижесінде соншама көп адамның көмектескенін көріп қайран қалдық. Бұл көмектің артында Ехоба тұрғанына күйеуім екеуміз толық сенімді едік. Ол бізге: “Мен қастарыңдамын. Бұл жағдайдан бірге өтеміз”,— деп жатқандай еді. Мен мұны ешқашан ұмытпаспын!”
Расында да, ешкім Ехоба Құдай сияқты қамқоршы бола алмайды. Ол бізді жаратқандықтан, ыңқыл-күрсінісімізді, уайым-қайғымызды жақсы түсінеді. Сол себептен де ол қиындықтарға төзе алуымызға қажет көмек пен жігер бере алады, әрі мұны қатты қалайды да. Ехоба жақында өлімді түптамырымен жойып, жадында сақталған миллиардтаған адамды қайта тірілтуді уәде етеді (Жохан 5:28, 29; Аян 21:3, 4). Сол кезде күллі адамзат Киелі кітаптағы: “Өлім, сенің жеңісің қайда? Өлім, улы тісің қайда?”— деген сөздерге қосылатын болады (Қорынттықтарға 1-хат 15:55).
^ 2-абзац Есімі өзгертілген.