Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖҮРЕКТІ СЫЗДАТҚАН ҚАЙҒЫ-МҰҢ

Марқұмдар тіріледі!

Марқұмдар тіріледі!

Алдыңғы мақалалардың бірінде аты аталған Гейл деген әйел есіңізде болар. Күйеуі көз жұмғаннан кейін, ол қайғыдан бас көтеруім екіталай деп ойлаған еді. Ал қазір Құдайдың уәде еткен жаңа дүниесінде күйеуі Робертпен қайта қауышатын кезді асыға күтуде. Ол: “Менің сүйікті тармақтарым — Аян 21:3, 4”,— дейді. Киелі жазбалардың бұл тармақтарында былай делінген: “Құдайдың өзі солармен бірге болады. Сонда Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды”.

Гейл сөзін жалғап былай деді: “Бұл уәденің астарында көп мән жатыр. Сүйікті жанын жоғалтқан, бірақ осы уәдеден бейхабар адамдарды көргенде, менің жүрегім ауырады. Өйткені олардың да жақындарын қайта көретіндерін білгенін қалаймын”. Сол себепті Гейл қазір ерікті қоғамдық іске қатысып жүр. Ол “енді қайтып өлім болмайды” деген Құдайдың уәдесін басқа адамдарға айтуда.

Әйүп пайғамбар қайта тірілетініне сенімді болды

“Өлім болмауы мүмкін емес қой!”— дерсіз. Алайда осы орайда Әйүп пайғамбарды еске түсірейікші. Ол айықпас дертке ұшыраған еді (Әйүп 2:7). Жаны әбден қиналған ол өзіне өлім тіледі. Десе де Құдайдың оны қайтадан жер бетінде өмір сүру үшін тірілтетініне кәміл сенді. Ол Жаратушы Құдайға сеніммен былай деген: “Шіркін, мені көрде жасыра тұрсаң ғой... Сен шақырғанда, жауап беремін. Сен өз қолыңнан шыққан жаратылысты көруді аңсайсың” (Әйүп 14:13, 15). Иә, Құдайдың оны сағынып, өмір тынысын қайта сыйлайтынына ол еш күмәнданбаған.

Жақында Құдай жер бетін жұмаққа айналдырып, Әйүп пен басқа да сан мыңдаған адамды тірілтеді (Лұқа 23:42, 43). Киелі кітаптың бір тармағында “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетіні” жазылған (Елшілердің істері 24:15). “Бұған таңғалмаңдар,— дейді Иса пайғамбар.— Өйткені қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады” (Жохан 5:28, 29). Жуырда Әйүп осы уәденің орындалғанын өз көзімен көреді. Оның “денесі жас кезіндегідей” болып, “балғын шағындағы күш-жігері қайта оралып”, мәңгі өмір сүреді (Әйүп 33:24, 25). Мейірімді Құдайдың осы шарасын бағалайтын адамдардың бәрі де жерде орнайтын жұмақтың рақатын мәңгі көретін болады.

Бұл мақалалардағы мәлімет жақынын жоғалтып, жаны күйзеліп жүргендерді қайғы зілінен толықтай арылтпауы мүмкін. Әйтсе де Киелі жазбалардағы Құдайдың уәделері жайында ойланғаныңыз жүрегіңізге үміт ұялатып, әрі қарай да өмір сүруге қажетті күш дарытады (Салоникалықтарға 1-хат 4:13).

Қайғы зілін қалай жеңілдетуге болатынына қатысты көбірек мәлімет алғыңыз келе ме? Я болмаса сізді “Құдай зұлымдық пен қайғы-қасіретке неге жол беріп отыр?” деген сияқты сұрақтар мазалайтын шығар. Ендеше біздің jw.org/kk атты ресми веб-сайтымызға кіріп, Киелі кітаптан осы іспетті сұрақтарыңызға жұбаныш беретін толыққанды жауап алыңыз.