Некелік жар опасыздық жасағанда
ӨМІРЛІК қосағыңның опасыздығы өмірдегі ең ауыр соққы десек, артық айтқандық болмас. Десе де кейбіреулер түзу жолдан тайған, бірақ артынан өкінген жарын кешіріп, өмірдің жаңа парағын бірге бастауды шешіп жатады a. Алайда некесін сақтауды шешсе де, шешпесе де, жұбайының опасыздығы кінәсіз жақты тыншымайтын жан азабына түсіретіні айтпаса да түсінікті. Аяусыз тырналған жүрек қайдан дауа тапса болады?
КӨМЕК БОЛАР КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСТЕРІ
Ащы өкініш жүректерін тілгілеп жатса да, көптеген кінәсіз жұбайлар Құдай Сөзінен жұбаныш тапқан. Өйткені олар Құдай көз жастарын көріп, бірге қайғырып жатқанын білген (Малахи 2:13—16).
“Сарыуайымға салынғанымда, Сен мені жұбатып, жаныма жай бердің” (Зәбүр 94:19).
“Осы сөздерді оқыған сайын, Ехоба жанашыр әкедей жанымды тыныштандырып жатқанын сезетінмін”,— дейді Билл.
“Сен адал адамға адалдық танытасың” (Зәбүр 18:25).
Күйеуі бірнеше ай бойы көзіне шөп салған Карина былай дейді: “Күйеуім маған адал болмады. Бірақ мен Ехобаның адалдығына еш күмәнданбаймын. Ол ешқашан менің көңілімді қалдырмайды”.
“Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып... Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).
“Осы сөздерді мен қайта-қайта оқитынмын. Құдайға көп дұға еткен сайын ол өмірімді тыныштыққа толтыратын”,— дейді Саша.
Осы адамдар кей кездері көңілдері құлазып, өмірлері тоқтап қалғандай күй кешкен. Алайда олар Ехоба Құдайды тірек етіп, оның Сөзінен күш алған. Билл мұны былай жеткізді: “Өмірімнің астан-кестені шығып жатқанда, Құдайға деген сенімім өміріме мән берді. Қара түнек басқан сол бір шақта Құдай қасымнан табылды” (Зәбүр 23:4).
a Кінәлі жақты кешіру-кешірмеуге қатысты бірқатар мақалаларды “Ояныңдар!” (ор.) журналының “Жарыңыз опасыздық жасағанда” атты санынан оқи аласыз (22 сәуір, 1999 жыл, 3—5 беттер, 5—8 беттер, 9—11 беттер).