Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Заманынан қалған ба, озған ба?

Заманынан қалған ба, озған ба?

ҒЫЛЫМ

КИЕЛІ КІТАП — ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕК ЕМЕС, ДЕСЕ ДЕ ОНДА ЗАМАНЫНАН БҰРЫН АЙТЫЛЫП КЕТКЕН МӘЛІМЕТТЕР БАР. ҚАЗІР СОНЫҢ БІРЕР МЫСАЛЫН КӨРЕЙІК.

Ғаламның бастамасы болған ба?

Беделді ғалымдар бұрын ғаламның бастамасы жоқ деп кесіп айтатын. Ал қазір олардың көбісі ғаламның бастамасы болғанымен келіседі. Киелі кітапта бұл жайында о баста-ақ анық айтылып кеткен (Мұсаның 1-жазбасы 1:1).

Жердің пішіні қандай?

Ежелде көп адам Жердің пішіні күлше тәріздес жалпақ деп ойлаған. Б. з. б. V ғасырда грек ғалымдары Жерді шар тәріздес деп болжады. Алайда бұдан үш ғасыр бұрын б. з. б. VIII ғасырда Киелі кітапты жазған Ишая пайғамбар “жер шары” деген тіркесті қолданып, Жердің дөңгелек екенін айтып кеткен (Ишая 40:22).

Аспан әлемі тоза ма?

Б. з. б. IV ғасырдағы грек ғалымы Аристотель аспан денелері ешқашан өзгеріске ұшырамайды, тозу тек Жерге ғана тән деп үйретті. Бұл пікірге адамдар ғасырлар бойы сеніп келді. Бірақ XIX ғасырда ғалымдар энтропия ұғымын ашты. Бұл ұғым бойынша, көкте не жерде болсын, кез келген материя ыдырап тозуға бейім. Осы ұғымды дамытуға үлес қосқан ғалымдардың бірі лорд Кельвин Киелі кітаптағы “аспан мен жер киім іспетті тозады” деген сөздерді келтірді (Зәбүр 102:25, 26). Бірақ Кельвин Киелі кітапта айтылғандай, жаратылыстары жойылып кетпес үшін, Құдай олардың тозуын тоқтата алады дегенге сенген (Уағыздаушы 1:4).

Жер мен басқа планеталар не нәрсеге ілініп тұр?

Аристотель аспан денелерінің бәрін хрусталь шарлар қаптап тұр және мұндай шарлар бірінің ішіне бірі орналасып, ең ортасында Жер планетасы тұр деп үйреткен. Б. з. XVIII ғасырына таман ғалымдар жұлдыздар мен планеталар ештеңесіз ілініп тұр деген пікірге келе бастады. Алайда сонау б. з. б. XV ғасырда Әйүп пайғамбар “жердің ештеңесіз ілініп” тұрғанын жазып кеткен еді (Әйүп 26:7).

МЕДИЦИНА

КИЕЛІ КІТАП — МЕДИЦИНАЛЫҚ ЕҢБЕК ЕМЕС, ДЕСЕ ДЕ ОНДА ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЗАМАНЫНАН БҰРЫН АЙТЫЛЫП КЕТКЕН НҰСҚАУЛАР БАР.

Індетке шалдыққандарды оқшау ұстау.

Киелі кітапта жазылған Мұса Заңы бойынша, алапеспен ауыратын адамдарға жұрттың арасында жүруге тыйым салынатын. Дәрігерлер бүгінгі таңда да тиімді саналатын осы қағиданың мәнін Орта ғасырда жаппай індет тарағанда бір-ақ түсінді (Мұсаның 3-жазбасы 13, 14 тараулар).

Мәйітке жолағаннан кейін жуыну.

XIX ғасырдың аяғына дейін дәрігерлер мәйітті ұстаған соң қолдарын жумай науқас адамдарды қабылдай берген. Соның салдарынан көп адам өлім құшқан. Ал Киелі кітапқа сай, кімде-кім өлген адамның мәйітіне тисе, таза емес болып есептелетін. Онда тіпті мұндай жағдайларда сумен жуыну керектігі анық айтылған. Осындай діни рәсімдердің арқасында денсаулыққа қауіп төнбеген (Мұсаның 4-жазбасы 19:11, 19).

Нәжісті көму.

Жыл сайын жарты миллионнан аса бала іш ауруынан көз жұмады. Бұған көбінесе себеп болатын жайт — адам нәжісінің көмілмей, ашық қалуы. Мұса Заңы бойынша, адам жұртшылықтан алыста түзге шығып, нәжісті көміп тастауы керек болған (Мұсаның 5-жазбасы 23:13).

Сүндетке отырғызу уақыты.

Құдай берген Заңда ұл бала туылғаннан кейін сегізінші күні сүндеттелуі керектігі айтылған (Мұсаның 3-жазбасы 12:3). Жаңа туылған нәрестенің қаны бір аптадан кейін қалыпты деңгейде ұйи бастайды. Киелі кітап жазылған заманда, яғни медицина әлі дамымаған кезде, сүндетке дейін бір апта күту жайлы заңның арқасында көптеген қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Эмоциялық күйдің денсаулыққа әсері.

Медицина зерттеушілері мен ғалымдарының айтуынша, қуану, үміттену, ризашылық білдіру және шын жүректен кешіру сияқты жағымды эмоциялар денсаулыққа оң әсерін тигізеді. Киелі кітапта былай делінген: “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар, күйреген рух сүйекті қуратар” (Нақыл сөздер 17:22).