Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Езекиел кітабының 37-тарауындағы екі таяқтың біртұтас болатыны нені білдіреді?

Ехоба Езекиел пайғамбар арқылы Исраил халқының Уәде етілген жерге оралып, қайтадан бір халық болып бірігетінін алдын ала айтқан. Сондай-ақ бұл пайғамбарлық соңғы күндерде Құдай қызметшілерінің де біртұтас халық болатынын аян етеді.

Ехоба өзінің пайғамбары Езекиелге екі таяқ алып, соларға жазуды бұйырды. Ол бір таяққа “Яһуда мен қасындағы Исраил халқына” деп, ал екіншісіне “Жүсіпке, яғни Ефрем таяғына, сондай-ақ қасындағы күллі Исраил үйіне” деп жазды. Бұл екі таяқты Езекиел қолында “біртұтас” етіп ұстау керек еді (Езекиел 37:15—17).

Таяққа жазылған “Ефрем” сөзі нені білдіреді? Ефрем — он рулы солтүстік Исраил патшалығының ішіндегі ең беделді ру болған. Бұл патшалықтың алғашқы патшасы Еробоғам осы ефрем руынан шыққан (Мұсаның 5-жазбасы 33:13, 17; Патшалар 1-жазба 11:26). Бұл ру Жүсіптің ұлы Ефремнен тараған (Мұсаның 4-жазбасы 1:32, 33). Ал Жүсіп болса әкесі Жақыптан ерекше бата алған еді. Сондықтан “Ефрем таяғы” орынды түрде он рулы солтүстік патшалықты бейнелеген. Езекиел осы пайғамбарлықты жазғаннан көп уақыт бұрын, б. з. б. 740 жылы ассириялықтар солтүстік Исраил патшалығын басып алып, халықты тұтқынға әкетті (Патшалар 2-жазба 17:6). Ал жылдар өте бабылдықтар ассириялықтарды жаулап алды. Езекиел екі таяқ туралы пайғамбарлықты жазғанда, сол исраилдіктердің басым көпшілігі бүкіл Бабыл империясына шашырап кеткен еді.

Б. з. б. 607 жылы бабылдықтар екі рулы оңтүстік Яһуда патшалығын басып алып, халқын Бабылға тұтқынға әкетті. Олардың ішінде солтүстік Исраил патшалығынан қалғандар да болған болуы мүмкін. Оңтүстік патшалықты яһуда руынан шыққан патшалар билеген. Діни қызметкерлер де Яһудада тұрған, өйткені олар Иерусалимдегі ғибадатханада қызмет еткен (Шежірелер 2-жазба 11:13, 14; 34:30). Олай болса, “Яһудаға” арналған таяқ екі рулы оңтүстік патшалықты бейнелеген деп айту орынды.

Бейнелі екі таяқ қай кезде біріктірілді? Бұл жайт б. з. б. 537 жылы оңтүстік пен солтүстік патшалықтың өкілдері ғибадатхананы қайта соғу үшін Иерусалимге оралғанда орын алды. Исраил халқы бұдан былай бөлінген жоқ. Олар қайтадан Ехобаға бірлесе қызмет етті (Езекиел 37:21, 22). Бұл халықтың осылай бірлікте болатынын Ишая мен Еремия пайғамбар да алдын ала айтып кеткен (Ишая 11:12, 13; Еремия 31:1, 6, 31).

Езекиелдің пайғамбарлығы таза ғибадатқа қатысты қандай маңызды шындықты аян етеді? Мына шындықты: Ехоба өзіне ғибадат ететіндердің барлығын “біртұтас” етеді (Езекиел 37:18, 19). Ехобаның бірлікке қатысты бұл уәдесі бүгінгі күні орындалды ма? Иә. Бұл пайғамбарлық 1919 жылы орындала бастады. Соған дейін Шайтан Құдай халқын біржолата бытыратып жіберуге тырысып баққан еді. Алайда 1919 жылы олар бірте-бірте қайта ұйымдастырылып, біріктірілді.

Сол уақытта Құдай халқының басым көпшілігі Исамен бірге көкте патша әрі діни қызметкер болуға үміттенген (Аян 20:6). Олар, бейнелеп айтқанда, Яһудаға арналған таяқ сияқты болған. Ал уақыт өте келе оларға жерде өмір сүруге үміттенген адамдар қосыла бастап, барған сайын сандары арта берді (Зәкәрия 8:23). Олар Жүсіпке арналған таяқ іспетті болды.

Бүгінде бұл екі топ бір патшаның, Иса Мәсіхтің, қол астында Ехобаға бірлесе қызмет етеді. Езекиелдің пайғамбарлығында Иса “қызметшім Дәуіт” деп аталған (Езекиел 37:24, 25). Ол Ехобаға ізбасарлары жайлы дұға етіп, былай деген: “[Олардың] барлығы бірлікте болсын. Әке, сенің менімен, менің сенімен бірлікте болғанымдай, бұлар да бізбен бірлікте болсын” * (Жохан 17:20, 21). Иса майланған ізбасарларынан тұратын кішкене отардың және басқа қойлардың “бір отар” болатынын да алдын ала айтқан. Олардың бәрі “бір бағушының” қол астында болмақ еді (Жохан 10:16). Бүгінде, тура Иса айтып кеткендей, көкте және жерде өмір сүруді үміт еткен Құдай халқының арасында бірлік орнаған!

^ 10-абзац Иса соңғы күндердің белгісі жайлы айтқанда, шәкірттеріне бірнеше мысал келтірген. Бір қызығы, алдымен, ол “адал да ақылды құлға”, яғни Құдай халқының арасында жетекшілікті қолға алатын майланған ер бауырластардың шағын тобына назар аударған (Матай 24:45—47). Кейін, ол майланғандардың бәріне қатысты мысалдар айтқан (Матай 25:1—30). Соңында, ол Мәсіхтің бауырларына қолдау көрсететін әрі жерде өмір сүруге үміттенетін адамдар жайлы айтқан (Матай 25:31—46). Тура сол сияқты, Езекиелдің пайғамбарлығы біздің күнімізде орындала бастағанда, алдымен көкте өмір сүруге үміті барларға қатысты болды. Исраилдің он руы әдетте жерде өмір сүруге үміттенетіндерді бейнелемегенмен, осы пайғамбарлықта сипатталған бірлік жерде өмір сүруге үміттенетіндер мен майланғандардың арасындағы бірлікті есімізге салады.