Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дайындық рухыңыз Ехобаға мадақ әкелсін!

Дайындық рухыңыз Ехобаға мадақ әкелсін!

“Жұрт өз еркімен соғысқа аттанғаны үшін Ехобаны мадақтаңдар!” (БИЛЕР 5:2).

ӘНДЕР: 150, 10

1, 2. а) Елифаз бен Билдаттың айтуынша, атқарып жүрген қызметімізге Құдай қалай қарайды? ә) Ехоба бұған қатысты не айтты?

ҮШ МЫҢНАН аса жыл бұрын үш кісі Құдайдың Әйүп деген қызметшісіне келіп, онымен сөйлескен. Солардың бірі темандық Елифаз оған келесідей қызықты сұрақтар қояды: “Пенденің Құдайға келтірер пайдасы бар ма? Түсінігі бар адамның да оған түкке қажеті жоқ. Сенің әділдігің Құдіреті шексіз Құдайды қуантады дейсің бе? Мінсіз жүргеніңнен оған келіп-кетер пайда бар ма?” (Әйүп 22:1—3). Елифаздың өзі бұл сұрақтарға “жоқ” деп жауап берері анық еді. Сосын әлгі кісілердің тағы бірі шуахтық Билдад та Құдайдың адамдарды әділ деп табуы мүмкін емес екенін айтты (Әйүп 25:4 оқыңыз).

2 Елифаз бен Билдад Әйүпті Ехобаға қызмет етуге тырысып жүргені бос әурешілік дегенге сендіргісі келді. Олар Әйүпке адамдар Құдай үшін небәрі күйе көбелек не құрт сияқты түкке тұрғысыз деген ой салмақ болды (Әйүп 4:19; 25:6). Мұндай сөздерді олар кішіпейіл болғандықтан айтты ма? (Әйүп 22:29). Рас, Ехобаның ұлылығына сөз жетпейді, әрі біз оның алдында құртақандаймыз. Егер шың басынан не ұшақтың терезесінен төмен қарасақ, адам баласы қандай кішкентай, маңызсыз деген ой келуі мүмкін. Бірақ біздің атқарып жатқан қызметіміз бен Патшалықтың мүддесі үшін тер төгіп жүргенімізге Ехоба осылай қарай ма? Әрине, жоқ! Ехоба әлгі үш кісіге — Елифаз, Билдад пен Сопарға — сөздерінің жалған екенін айтты. Сосын Әйүпке көңілі толатынын білдіріп, оны қызметшім деп атады (Әйүп 42:7, 8). Демек, кемелсіз пенденің “Құдайға келтірер пайдасы бар”!

“ОЛ СІЗДЕН БІР ИГІЛІК КӨРЕ МЕ?”

3. Атқарып жүрген қызметімізге Ехобаның қалай қарайтынына қатысты Елиху не деді және оның сөздерінің мәні неде?

3 Әйүп пен әлгі үш кісінің әңгімесін Елиху деген бір жігіт тыңдап тұрады. Үлкендердің әңгімесі тамам болғанда, ол Әйүптен Ехоба туралы: “Әділ болсаңыз, мұныңыз соның пайдасы үшін деп ойлайсыз ба? Әлде ол сізден бір игілік көре ме?”— деп сұрайды (Әйүп 35:7). Елиху де Құдайға қызмет етіп жүргеніміз бос уәрешілік дегісі келді ме? Жоқ. Ехоба әлгі үш кісіні түзеткеніндей, Елихуді түзетпеді. Себебі Елиху басқа ойға меңзеген еді. Оның айтпақ болғаны — Ехоба біздің ғибадат еткенімізге тәуелді емес. Ол ешкімнен ештеңе қажет етпейді: қандай да бір іс арқылы оның байлығын не құдіретін арттыру мүмкін емес. Әйтсе де бойымыздағы кез келген жақсы қасиет пен қабілетті Құдай бергендіктен, оларды қалай танытып, қалай қолданып жүргеніміз оның назарынан тыс қалмайды.

4. Өзгелерге жақсылық жасағанымызды Ехоба қалай қабылдайды?

4 Қызметшілеріне айнымас сүйіспеншілік танытсақ, Ехоба мұны өзіне танытылған сүйіспеншілік деп есептейді. Нақыл сөздер 19:17-де: “Бейшараны қамқорлаған Ехобаға қарыз береді, Істеген жақсылығы Құдайдан қайтады”,— деп жазылған. Ехоба біздің мейіріммен жасаған әрбір ісімізді байқайды. Ол Әлемді Жаратқан Құдай болса да, осындай істеріміз үшін өзін алдымызда қарыздар санайды, әрі молынан қарымтамызды қайтарады. Мұны Иса да растаған (Лұқа 14:13, 14 оқыңыз).

5. Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

5 Ежелде Ехоба Ишая пайғамбарға өзінің өкілі болып, ерекше қызмет атқаруды ұсынған (Ишая 6:8—10). Ишая бұл ұсынысты қуана қабылдап: “Мен бармын! Мені жібер!”— деді. Бүгінгі күні де Ехоба адал қызметшілерін өзімен қызметтес болуға шақырып отыр, олар болса Ишаянікіндей рух танытуда. Мыңдаған бауырластар түрлі жолдармен, түрлі жерлерде қызмет етіп, қиындықтарға қарамастан, өздеріне тапсырылған істі атқаруға дайын. Десе де кейбіреулер мына жайттар жайлы ойланатын шығар: “Ехобаның ісіне үлес қоса алатыныма ризамын, бірақ менің істегенімнен келіп-кетер пайда бар ма? Мен қызмет етемін бе, жоқ па — Ехоба өз ісін бәрібір жүзеге асырады емес пе?” Сізді де осындай сұрақтар толғандырған ба? Ехобаның ежелде өмір сүрген екі қызметшісінің, Дебора мен Барақтың, бастан өткізген жағдайын қарастырып, осы сұрақтардың жауабын табуға тырысып көрейік.

ҚҰДАЙ ҚОРҚЫНЫШ ОРНЫНА БАТЫЛДЫҚ БЕРДІ

6. Неге исраилдіктер Ябиннің әскерінен оп-оңай жеңіліп қалатындай көрінді?

6 Барақ исраилдік сарбаз, ал Дебора пайғамбар болған. Исраилдіктердің қанахандық патша Ябиннің езгісінде жүргеніне 20 жыл болған еді. Ябин патшаның әскері айбынды, қатыгез болғаны сонша — исраилдіктер жасырынып жатқан жерлерінен шығуға да қорқатын. Олардың соғысатын дұрыс қаруы да, қорғанатын сауыт-сайманы да жоқ еді. Ал Ябиннің 900 орақты соғыс арбасы бар болатын (Билер 4:1—3, 13; 5:6—8) *.

7, 8. а) Ехоба алдымен Бараққа не істеуді тапсырды? ә) Исраилдіктер Ябиннің әскерін қалай жеңді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

7 Ябиннің әскерімен салыстырғанда исраилдіктер әлсіз, ә дегеннен жеңіліске ұшырайтындай еді. Сөйтсе де Ехоба Дебора пайғамбар арқылы Бараққа былай деді: “Нафталим мен забулон руларынан 10 000 адам жинап, Табор тауына орналастыр. Мен Ябин әскерінің қолбасшысы Сисараны соғыс арбалары және қалың қолымен қоса, Қишон суына әкеліп, аяғыңа жығып беремін” (Билер 4:4—7).

8 Осылай соғысқа баратын ерік тілер жинау үшін үндеу тасталды. Сонда 10 000 адам Табор тауына жиналды. Осыдан кейін Барақ пен адамдары Танақ деген жерде жау әскерімен кездесті (Билер 4:14—16 оқыңыз). Ехоба исраилдіктерге жақтасты ма? Иә. Ол кенеттен нөсер жаудырды да, сөйтіп, соғыс алаңы ми балшыққа айналды. Бұл исраилдіктердің жаяу әскері үшін ұтымды жағдай болды. Содан Барақ Сисараның әскерін 24 шақырым жердегі Харошетке дейін өкшелей қуды. Қашып бара жатқан Сисараның арбасы батпаққа батып қалды да, ол арбасын тастай сала, жаяу Сағананимге тартты. Сол жерде Жаел деген әйелдің шатырын паналады. Әбден шаршап-шалдыққан Сисара әп-сәтте ұйқыға кетті. Сонда Жаел еш қаймықпай, шырт ұйқыда жатқан Сисараны өлтіріп тастады (Билер 4:17—21). Осылай Ехоба исраилдіктерге жеңіс сыйлады! *

ЕРІКТІ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСТЫ ЕКІ ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС

9. Билер 5:20, 21-ден Сисараның әскерімен болған соғыс жайында не білеміз?

9 Билер кітабының 4-тарауында суреттелген оқиғалардың мәні келесі 5-тарауда ашыла түседі. Билер 5:20, 21-тармақтарда: “Көктен жұлдыздар соғысты, Сисараға қарсы олар көктің өзінен соғысты. Жауды Қишонның суы... шайып кетті”,— делінген. Бұл сөздер шайқас кезінде исраилдіктерге періштелер көмектесті немесе аспаннан тас жауды дегенді білдіре ме? Киелі кітапта бұл жайында ештеңе айтылмаған. Бірақ келесідей тұжырым жасаған қисынды көрінеді: Ехоба халқын аман алып қалу үшін нақты жерде, нақты уақытта нөсер жаудырып, жаудың 900 соғыс арбасын балшыққа батырды. Ал Билер 4:14, 15-тармақта исраилдіктердің жеңіске Ехобаның арқасында жеткенін көрсететін бірнеше ой бар. Иә, шайқасқа қатысқан 10 000 ерікті сарбаз жеңіске өз күшімен жеткен жоқ.

10, 11. Мероз деген не және оны не үшін қарғау керек еді?

10 Ал енді бір аса қызықты жайтқа көңіл бұрайық. Исраилдіктер жауларын жеңгеннен кейін, Дебора мен Барақ былай деп ән шырқады: “Ехобаның періштесі: — Мерозды қарғаңдар! Оның тұрғындарын қарғаңдар! Себебі олар Ехобаны қолдауға келмеді, Мықтылармен бірге Ехобаға қолғабыс етпеді,— деді” (Билер 5:23).

11 Мероз деген не? Бұны кесіп айту қиын. Мерозға айтылған қарғыс орындалып, ол ізі де қалмай жоқ болып кеткен. Бұл тұрғындары Барақпен соғысқа барғысы келмеген қаланың аты болуы мүмкін. Қанахандықтармен соғысуға 10 000 ерікті сарбаз жиналғанын ескерсек, мероздықтар да үндеу салынғанын естіген шығар. Я болмаса бассауғалап қашқан Сисара Мероз қаласы арқылы өткен болуы мүмкін. Ал қала тұрғындары оны ұстап алмаған шығар. Қаланың көшелері арқылы жауыз жауынгердің алды-артына қарамай қашып бара жатқанына мероздықтардың қарап тұрғанын елестетіп көріңізші. Ехобаның еркі жүзеге асу үшін, олардың бірдеңе істеуіне болар еді. Солай етсе, Ехоба қарымталарын қайтарар еді. Бірақ олар Ехоба үшін игілік жасаудың мүмкіндігін қолданбай, қарап тұра берді. Мероздықтар мен батыл әрекет еткен Жаелдің айырмашылығы жер мен көктей болды (Билер 5:24—27).

12. Билер 5:9, 10-тармақтарда қандай екі түрлі топ суреттелген және бұл бізді не істеуге талпындырады?

12 Билер 5:9, 10-тармақтан байқайтынымыздай, 10 000 ерікті сарбаз бен шайқасқа баруға ықылас білдірмегендер бір-біріне мүлдем ұқсамайтын. Дебора мен Барақ “халық арасынан өз еркімен шыққан басшыларды” мақтаған. Ал ерікті қызметке атсалысуға көкіректері жібермей, “жирен есекке мініп” жүретіндердің рухы мүлдем өзгеше болған. Олар “қымбат кілемдерде отырып”, “жол үстінде жүріп”, жайлы өмір кешіп жатқандар ретінде сипатталған. Өз еріктерімен Бараққа ергендер болса Табор тауының шатқалдарында соғысып, Қишон аңғарының балшығын кешіп жүрді. Сондықтан ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндерге “ойланыңдар” деген ескерту жасалған. Олар Ехобаның ісіне үлес қосудың мүмкіндігін жіберіп алғандары туралы жақсылап ойлануы тиіс еді. Біз де бүгінде Құдайға қызмет етуге қаншалықты ықыласты екенімізді тексеріп тұруымыз керек.

13. Рубен, дан, ашир рулары мен забулон, нафталим рулары қандай екі түрлі көзқарас танытқан?

13 Он мың ерікті сарбаз Ехобаның Әлемнің Әміршісі ретінде әрекет еткенін өз көздерімен көрді. Олар “Ехобаның әділ істері туралы” айтқанда, осыны әңгімелеген болар (Билер 5:11). Рубен, дан, ашир руларын алсақ, олар Ехобаға қызмет ету туралы ойлаудың орнына, өзінің мал-мүлкі мен кемежайларының шаруасын күйттеген (Билер 5:15—17). Әйтсе де Исраил руларының бәрі олай етпеген. Мысалы, забулон мен нафталим рулары Дебора мен Бараққа қолғабыс ету үшін, “жанын аямай басын қатерге тікті” (Билер 5:18). Осылай екі түрлі рух танытқан адамдардан дайындықпен қызмет етуге қатысты маңызды сабақ алуға болады.

“ЕХОБАНЫ МАДАҚТАҢДАР!”

14. Ехобаның билігін қолдайтынымызды бүгінде қалай көрсетуге болады?

14 Бүгінде біз Ехобаның билігін қолдайтынымызды көрсету үшін тура мағынада шайқаспаймыз. Біз мұны батыл әрі жан сала уағыздауымызбен көрсетеміз. Ехобаның ісін атқару үшін бұрын-соңды осыншалықты еріктілер қажет болмаған. Миллиондаған жас бауырластар қуана-қуана алуан түрлі толық уақытты қызметке атсалысып жүр. Мысалы, талай бауырластар ізашар, бетелдік ретінде қызмет етеді, Патшалық сарайының құрылысына қатысады, конгрестерде қолғабыс етеді. Біраз ақсақалдар Ауруханалармен байланыс комитеттерінде қызмет етіп, конгрестер ұйымдастырып талмай еңбектенеді. Ехоба біздің қажет жерде қызмет етуге деген ықыласымызды бағалайды әрі ешқашан ұмытпайды (Еврейлерге 6:10).

Шешім қабылдамас бұрын, мұның отбасыңыз бен қауымға қалай әсер ететіні туралы жақсылап ойланыңыз (15-абзацты қараңыз)

15. Ехобаға қызмет етуге деген ықыласымыздың бәсеңдеп қалмағанына қалай көз жеткізуге болады?

15 Бәріміз дайындық рухына қатысты көзқарасымызды тексергеніміз абзал. Өзімізге мынадай сұрақтар қойып көрейікші: жұмыстың басым бөлігін басқалар істей берсін деп ойлаймын ба? Мені Ехобаға қызмет етуден гөрі ақша табу көбірек қызықтыра ма? Жоқ әлде Барақ, Дебора, Жаел және 10 000 ерікті сарбаз сияқты, Ехобаға қызмет ету үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін бе? Басқа қалаға не елге барып, ақша тауып, жағдайымды жасап алуды ойлап жүрмін бе? Осындай ойым болса, мұның отбасым мен қауымға қалай әсер ететіні туралы жақсылап ойланып, дұға еттім бе *?

16. Ехоба ешкімнен ештеңе қажет етпесе де, оған не беруімізге болады?

16 Ехоба бізге өз билігін қолдау мәртебесін беріп отыр. Адам ата мен Хауа ананың заманынан бері Ібіліс бізді өз жағына шығаруға тырысып бағуда. Бірақ Ехобаның билігін қолдайтын болсақ, Шайтанға кімнің жағында екенімізді анық көрсетеміз. Сеніміміз бен адалдығымыз бізді Ехобаға ыстық ықыласымызбен қызмет етуге талпындырады. Ал бұл Ехобаның жүрегін қуанышқа бөлейді (Нақыл сөздер 23:15, 16). Құдайымызды адалдықпен қолдап, мойынсұнып жүргеніміз оның Шайтанның қорлық сөздеріне жауап беруіне негіз болады (Нақыл сөздер 27:11). Осылайша біз Ехобаға өте бағалы нәрсені, мойынсұнғыштығымызды, береміз, әрі оны қатты қуантамыз.

17. Билер 5:31-ден болашақтағы оқиғалар турасында не білеміз?

17 Көп ұзамай барлық адамдар Ехобаның жағына шығып, соның билігін қолдайтын болады. Біз сол уақытты асыға күтудеміз! Бәріміз де былай деп шырқаған Дебора мен Барақтың сезіміне ортақтаспыз: “Уа, Ехоба, жауларыңның бәрі жер құшсын! Ал өзіңді сүйетіндер шыққан күндей жарқырасын!” (Билер 5:31). Бұл сөздер Ехоба Шайтанның дүниесін жойғанда жүзеге аспақ. Армагеддон шайқасы басталғанда, Ехоба жауларының көзін құрту үшін адамдар арасынан еріктілердің көмегін қажет етпейді. Қайта, біз “тапжылмай тұрып”, “Ехобаның қалай құтқаратынын көреміз” (Шежірелер 2-жазба 20:17). Ал сол уақыт келгенше, Ехобаның билігін батыл әрі жан сала қолдаудың мүмкіндігін жіберіп алмайық.

18. Сіздің Ехобаға қызмет етуге деген ықыласыңыз өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін?

18 Дебора мен Барақ жеңіс әнін адамдарға емес, Ехобаға арнап айтқан. Олар: “Жұрт өз еркімен соғысқа аттанғаны үшін Ехобаны мадақтаңдар!”— деп шырқаған (Билер 5:1, 2). Тап солай біздің көмек қажет жерде қызмет еткеніміз өзгелерді Ехобаны мадақтауға талпындыруы мүмкін.

^ 6-абзац Жүзі өткір орақтар соғыс арбаларының дөңгелектеріне бекітілген біліктерге орнатылған болса керек. Мұндай арбаларды “өлім машинасы” деуге болатын.

^ 8-абзац Осы оқиға жайлы “Күзет мұнарасының” келесі санындағы “Мен, Дебора, Исраилдің анасы” деген мақаладан толығырақ оқуға болады: 2015 жыл, 1 тамыз.

^ 15-абзац “Күзет мұнарасы” журналының келесі санындағы “Ақшаны уайымдау” деген мақаланы қараңыз: 2015 жыл, 1 шілде.