Көне шиыршықтың “ашылуы”
1970 жылы Эн-Гедиден табылған шиыршықта не жазылғаны осы уақытқа дейін жұмбақ болып келді. Бірақ 3-D сканерлеу технологиясының арқасында онда Мұсаның 3-жазбасының бір бөлігі жазылғаны, тіпті Құдайдың дара есімі кездесетіні анықталды
1970 жылы археологтар Израильдің Эн-Геди деген жерінен, Өлі теңіздің батыс жағалауынан бір шиыршық тапты. Шамамен VI ғасырда бұл жерге жау шапқанда, ондағы мәжілісхана өртеніп кеткен еді. Шиыршық сол мәжілісхананың қазба жұмыстары барысында табылды. Шиыршық күйіп кеткендіктен, оны оқымақ түгілі ашу мүмкін емес еді. 3-D сканерлеу технологиясының арқасында оратылған шиыршықты “ашу” мүмкін болды. Заманауи компьютерлік бағдарламаның көмегімен шиыршықтың мәтіні де көрінді.
Сканер нені көрсетті? Әлгі шиыршық Киелі кітаптың бір бөлігі екен. Онда Мұсаның 3-жазбасының алғашқы тармақтары жазылыпты. Тармақтарда еврейше тетраграмматонмен жазылған Құдай есімі кездеседі. Шиыршық б. з. 50 жылы мен б. з. 400 жылы аралығында жазылса керек. Олай болса, бұл шиыршық Кумран қолжазбаларынан кейінгі ең көне қолжазба болып табылады. Көпке танымал бір газетке сай, шамамен б. з. б. 100 жылғы Өлі теңіз шиыршықтарының (Кумран) және шамамен б. з. 930 жылғы Алеппо кодексінің арасында мың жылдық үзіліс болған. Ал Эн-Гедиден табылған Мұсаның 3-жазбасын қамтитын шиыршықты оқи алған соң, бұл үзіліс қысқарды (“The Jerusalem Post”). Мамандардың айтуынша, Эн-Геди шиыршығының “ашылуы” бір жайтты айқын етті: Тәураттың мәтіні “мың жылдан аса уақыт бойы өзгеріссіз сақталған, оған көшірмешілердің қателері енбеген”.